ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес отырысында Қазақстанның фармацевтикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Қазақстанда тіркелген Канада елшісі Николя Бруссо, Ұлыбритания елшісі Майкл Гиффорд, АҚШ елшісінің орынбасары Теодор Линг, уақытша сенімді өкіл, Швейцария елшілігі миссиясының басшысы Стефан Клетзли, АҚШ Үкіметінің медициналық зерттеулер және әзірлемелер жөніндегі ұйымының қызметкері Дональд Таунсенд, сондай-ақ Pfizer, Johnson&Johnson, Dr.Reddy’s Laboratories, Microsoft компанияларының өкілдері ҚР-да фармацевтика өнеркәсібін дамыту перспективалары туралы баяндама жасады. Қазақстан тарапынан денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов түсініктеме берді.
Шетелдік өкілдер Қазақстанның пандемиямен күрес және фармацевтикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қабылдап жатқан шараларына жоғары баға берді, сондай-ақ ҚР денсаулық сақтау жүйесін және дәрілік препараттар мен медициналық жабдықтарды жеткізу тізбегін одан әрі жетілдіру бойынша бірқатар ұсынымдар айтты.
«Қазіргі пандемияға және болашақ эпидемиологиялық сын-тегеуріндерге қарсы күресте ел әлеуетін одан әрі арттыру мақсатында Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды», деді А. Мамин.
Құжат 2025 жылға қарай отандық фармацевтикалық препараттар өндірісін 92-ден 230 млрд теңгеге дейін 2,5 есеге арттыруды көздейді. Отандық фармацевтикалық өнімнің ішкі нарықтағы үлесі заттай көріністе 50%-ға дейін артады. Жоспарды іске асыру аясында бизнестің клиникалық және клиникаға дейінгі сынақтар жүргізуге жұмсалған шығындарын өтеу, негізгі тауар позицияларын, әлеуетті тауашаларды, сондай-ақ шетелдік инвесторлар үшін инвестициялық ұсыныстарды айқындау секілді шаралар қабылданады. Нақты пациентке дейін дәрі-дәрмектер логистикасының барлық кезеңдерінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды міндетті таңбалау мен олардың қадағалануын кезең-кезеңімен енгізу көзделген.
«Инвестицияларды тарту – ҚР фармацевтикалық өнеркәсібін дамыту бойынша алға қойылған мақсаттарға қол жеткізудің негізгі құралы. Қазақстан аумағында фармацевтикалық өнім өндірісін жергіліктендіруді қамтамасыз ете отырып, 30 шетелдік компанияны тарту бойынша жұмыс жүргізілуде», деді А. Мамин.