• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 04 Наурыз, 2021

Алматыда «Әйелдер маршы» өтеді

480 рет
көрсетілді

Биыл Алматыда әйелдер маршын өткізуге әкімдік алғаш рет рұқсат беріп отыр. Гендерлік теңдік жолында үздіксіз ілгерілеуді жалғайтын бейбіт шеруге әйел құқығына бей-жай қарамайтын қала тұрғындары мен өзге қалалардан келген қонақтар қатыса алады. Шеруге шығушылар не айтқысы келеді? Әйелдер маршын өткізудің маңызы қандай деген сұрақтармен ұйымдастырушыларға хабарласып, мереке қарсаңында оларға сөз беруді жөн көрдік.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, маршты өткізуге ұйымдастырушы ретінде әкімдікке өтінім жазған — қызылордалық белсенді Жәмила Қасымхан мен алматылық феминист Эйри Веретрагн. Ал ұйымдастыру комитеті болып «Феминита», «КазФем»,  «SVET»  қоғамдық қоры,  «ФемАгора»,  «ФемСреда»  мүшелері қатысып отыр. «Әр әйел жалғызым» ұранымен өтетін марш теңдік құқығына ат салысуға шақырады.

– Маршқа қатысушы әр әйел өзін толғандыратын мәселені көтере алады. Мысалы,  арамызда әйелге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы заң қабылдауын қолдайтындар бар.  Біз «Феминита» құрылғалы бері әйелдердің сексуалды бағыты мен гендерлік теңсіздік мәселесін үнемі көтеріп келеміз. Мәселен, кім де кім мигрантәйелдер мәселесін маңызды деп тапса, сол тақырыпты қағазға жазып, алаңға шығуға болады, – дейді ұйымдастырушылардың бірі, құқыққорғаушы Гүлзада Сержан. Ал дайындық барысына келсек — әр ұйымдастыру комитетінің мүшесі өздері жасай алатын жұмысын бөліп алып, дайындық жұмыстарына қызу кіріскен көрінеді.Түрлі хабарландыру таратумен бірге, керекті құрал-жабдық дайындау, сатып алу және әкімдікпен келісіп қауіпсіздік шарасын талқылау сияқты көптеген жұмыстар атқарылуда. «Мұндай бейбіт шеру өткізудің маңызы неде?» деген сұрағымызға жауап берген Гүлзада, әлем бойынша көптеген елде атап өтілетін бұл үрдіске Қазақстан әйелдерінің де қосылуы айрықша жағдай деп біледі.

– Түрлі қоғамда құқығы шектелген әйелдердің тарихы жылдар бойы қалыптасты. Дегенмен қоғам дамыған сайын әділетсіздік азайып келеді. Соның ең үлкен мысалы осы әйел құқығын тең ету. Әйел құқығы — адам құқығы.  Осыны барлығымыз түсініп қабылдау үшін жылына бір рет қоғамның көңілін аталған тақырыпқа аударып отыруымыз тиіс. Біреу ерте,  біреу кеш болса да шеруге шығу саяси құқық екенін түсінеді.  Біздің мемлекет басқару жүйесінде жүрген адамдарда да бұл үрей бар.  Олар сол үрейін жеңе алмай,  біз «билікті»  тек таяқпен ұрып сақтап қаламыз деген ұстанымдары басым.  Өзіне өзі сенімді,  мәдениетті,  білімді адам үрейге бой алдырмайды.  Сол себепті мемлекет басқару жүйесі мықты,өздеріне сенімді үкімет полицейлердің артына тығылып,  өз халқының саяси құқығын шектеуге тырыспас еді, – дейді белсенді. Оң өзгерістер жолына шақыратын бейбіт шеру гендерлік теңдікке арналған ғаламдық саммиттің жалғасы іспетті. Аталған «Теңдік буыны» форумы Францияда 2021 жылдың алғашқы жарты жылдығында мәреге жетеді. Франция мен Мексиканың тең төрағалығымен ұйымдастырылған саммит әйелдер мен қыздардың құқықтарын қорғаушыларды біріктіріп отыр.