Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Бәлкім, сырт көзге осынау үш он жылдық тарихи ауқыммен қарағанда, тым қысқа кезең болып көрінуі мүмкін. Алайда Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбекқорлығы мен дана да дара саясатының арқасында мұндай қысқа мерзімде де тұтас бір мемлекет құруға болатынына көзіміз жеткен секілді.
Қазақ елі мақтана да, сүйіне де қарай алатын ұзақ жолдан өтті. Тұңғыш Президенттің шығармашылық таланты мен алға қойған мақсаттарға жетудегі таңғажайып қабілеті елімізді бүгінгі жетістіктерге жеткізді. Бүгінде біз әлемдік экономикалық жүйеге интеграцияланған, қарқынды дамып келе жатқан нарықтық экономикасы бар елде тұрамыз. Жүздеген жаңа кәсіпорындар пайдалануға берілуде, мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылуда, халықтың өмір сүру деңгейі артып келеді. Елде этносаралық келісім мен әлеуметтік тұрақтылық сақталған. Қазіргі Қазақстан әлемдік аренада аса зор беделге ие. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ТМД және халықаралық қоғамдастықтың беделді саясаткерлерінің бірі саналады.
«Өзгерістер дәуірінде өмір сүруден сақтасын» деген сөз бар ғой. Алайда мен барлық қазақстандық сияқты, тоқсаныншы жылдардың қиын-қыстауынан аман-есен өтіп қана қоймай, жаңа, жас мемлекеттің заңнамалық базасын жетілдіруге белсене қатысқаныма қуанамын.
Мен Парламент Сенатының бірінші шақырылымдағы депутаты және вице-спикері болдым. Егемен еліміздің заңнамасы құрылып жатқан кезең болатын. Көп жұмыс істеуге, әлемдік тәжірибені зерттеуге тура келді. Сол кезде маған ұзақ жылдар бойы өндірісте жұмыс істегенім, мемлекеттік қызметте және партияда іс тәжірибемнің болғаны көп көмектесті. Яғни қай заңның өмір тәжірибесінде қалай жұмыс істейтінін көзіме елестете алдым.
Сол жылдары «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы», «Білім туралы», «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы», «Тұрғын үй қатынастары туралы» және басқа да маңызды заңдар қабылданды. Бірқатар халықаралық шарт, оның ішінде әйелдер құқығы туралы заңдар ратификацияланды.
Ұлт Көшбасшысы әрқашан әйелдердің әлеуметтік жағдайына алаңдаушылық танытып отырды. Елбасы әйелдердің қоғамдық мәртебесін көтеруге зор көңіл бөле отырып, егемендіктің аса ауыр алғашқы жылдарында арнайы орган – Президент жанындағы Отбасы, әйелдер проблемалары және демографиялық саясат жөніндегі кеңесті құрды. Кейін аталған орган Президент жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі Ұлттық комиссия болып өзгертілді.
1998 жылдың соңында Нұрсұлтан Назарбаев маған осы органды төраға және министр ретінде басқаруды ұсынды. Алайда мен басқа да танымал тұлғалардың бар екенін, бұл қызметті атқара алмайтынымды айтып, бас тарттым. Сонда Елбасы «Осы мәселені көтеріңіз, халықаралық ұйымдармен кездесіңіз, бұл тақырып бойынша барлық жаңалықты оқыңыз. Сіздің кәсіби қасиеттеріңізді біле отырып, бұл қызметті абыроймен атқаратыныңызға сенімдімін», деді.
Нәтижесінде, осы Ұлттық комиссияда 10 жылға жуық жұмыс істедім. Отбасылардың, әйелдер мен балалардың жағдайын жақсарту жөніндегі маңызды мәселелерді шешуге тырыстым. Ұлттық комиссияның құрамы өте мықты еді. Онда Парламент депутаттары, министрлер мен мемлекеттік қызметшілер, ғалымдар, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері болды. Тұңғыш Президентіміз Ұлттық комиссияның қызметіндегі негізгі төрт бағытты айқындап берді. Яғни әйелдерді саяси және экономикалық тұрғыда ілгерілету, әйелдер мен олардың отбасыларының денсаулығын жақсарту және әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою мәселелері алға қойылды.
Елбасының жоғары сенімі мені барынша креативті болуға міндеттеді. Өз кезегінде, Ұлттық комиссия осы салаға қатысты заңнаманы кеңейту мен жетілдіру мәселесін үнемі көтеріп отырды. Халықаралық және үкіметтік емес ұйымдармен көптеген кездесулер ұйымдастырылды. Әйелдерге қатысы бар барлық дерлік халықаралық құжаттар зерттелді. Көптеген адамдарға көмек пен қолдау көрсетіліп, бұрын айтылмай келген мәселелер көтеріле бастады. Осылайша, біздің көптеген қадамдарымызда «алғаш рет» деген сөз жиі қолданылатын болды.
Тұңғыш Президентіміз қоғамның дамуына әйелдердің белсене қатысқанын ескере отырып, атқарушы және өкілді билік басшылығындағы әйелдердің үлесін арттыру қажеттілігін алға тартқан болатын. Бұл ретте біз басшылық қызметке және сайланбалы органдарға кандидаттар ұсыну кезіндегі партиялық тізімдерді құруда гендерлік теңдіктің сақталуын қамтамасыз ету үшін саяси партиялармен тығыз жұмыс істей бастадық. Ашық хаттар жазып, шешімдер қабылдайтын деңгейге әйелдерді көбірек ұсынуға шақырдық.
Халықаралық ұйымдардың қолдауымен ригсдагқа сайлау өтіп жатқан кезде Швецияға сапар ұйымдастырылды. Онда біздің өкілдер, соның ішінде депутаттыққа, әртүрлі деңгейдегі аудан әкімдігіне кандидат әйелдер шведтік сайлау технологияларымен таныса алды.
Елбасының бастамасымен құрылған Ұлттық комиссияның тиімділігін өмірдің өзі дәлелдеді. Бүкіл посткеңестік аумақта отбасының, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың дәл мұндай тетігі жоқ.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы гендерлік теңдік Стратегиясын әзірлеуге бастамашы болды. Оның басты мақсаты – әйелдерге Конституцияда және Қазақстан мүшелік ететін ұйымдардың халықаралық актілерінде көрсетілген құқықтарын толық пайдалануға мүмкіндік беру. Сондай-ақ, қоғамның тыныс-тіршілігіне әйелдердің тең құқылы араласуы мәселесі де назарға алынған. Мұндай бастама ел тарихында алғаш рет көтерілді.
Мен 2009 жылы Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде гендерлік теңдік Стратегиясында қарастырылған «Ерлер мән әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» екі негізгі гендерлік заңды талқылауға және қабылдауға қатыстым.
Елбасы айтып өткендей, Қазақстандағы әйелдер әрқашан елдегі барлық жетістіктерге, өзгерістер мен маңызды оқиғаларға белсенді атсалысып келді және солай болып қала береді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары олар нағыз батылдық танытып, өздерін және отбасыларын қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасағаны есімізде. Әйелдер шағын бизнеспен, алып-сатумен айналысып, өздерінің қосалқы шаруашылықтарын дамытты.
Бүгінде Қазақстандағы әйелдер білім беру және денсаулық сақтау, мәдениет және қызмет көрсету, қаржылық қызмет, мемлекеттік қызмет, сот жүйесі сияқты салалардың кәсіби деңгейін айқындайды. Қоғамда әйелдердің әлеуметтік тұрғыда қалыптасуы үшін жаңа мүмкіндіктер жасалған. Қазіргі заманның әйелдері мансапқа да қол жеткізіп, балаларын да тәрбиелеп, жаңа мамандықтарды да игеріп жатыр. Олар іскер басшы, ұтымды ұйымдастырушы, салмақты саясаткер, өнегелі ана да бола біледі.
Қазақстандағы дұрыс демографиялық саясаттың арқасында еліміз демографиялық дағдарыстан құтыла алды. Азаматтарымыздың орташа жасын ескере отырып, өзімізді жас ұлттардың қатарына жатқыза аламыз. 2004 жылдан бастап халық саны арта бастады. Туу көрсеткішін арттырудың маңызды факторы – жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін әйелдерге төленетін әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар болып саналады.
Елбасының ауқымды жоспарлары мен жетістіктерінің барлығына біздің де қатысымыз барлығын мақтан тұтамыз. Мен жұмыс істеуге бала кезімнен дағдыланғанмын. Үнемі белсенді болдым. Өмірлік ұраным – алға қойған мақсатқа ұмтылыс пен өз міндетіме адал қарау дер едім. Сондықтан, Тұңғыш Президентіміздің мінезіндегі жасампаздық қасиеті маған айрықша ұнайды. Ол жоғары кәсіби шеберлігімен, жауапкершілігімен, адамгершілігімен, қарапайымдылығымен, ұстамдылығымен және шешімділігімен дараланды. Елбасы батыл, мықты, принципшіл, әділ әрі өз күшіне сенімді адам. Ол – Қазақстанның жалпыұлттық Көшбасшысы.
Газет бетінен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлын өзімнің және барша қазақстандық әйелдердің атынан Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Бұл, ең алдымен, Ұлт Көшбасшысының мерекесі. Себебі, ол – әлем таныған Қазақстанның бас архитекторы. Елбасына зор денсаулық, сан қырлы қызметіне жаңа табыс, еліміздің көркейіп-гүлденуін тілеймін.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, оқырман әйелдерді көктемнің көркем мерекесі – 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын. Отбасыларыңыз бен жақындарыңызға амандық, көктемгі жылылық, өзара түсіністік пен жарқын болашақ тілеймін. Әрдайым қажетті және сұлу да сүйікті болыңыздар!
Айткүл САМАҚОВА,
мемлекет қайраткері