Жарты ғасырдан астам еліміздің білім саласында қажырлы еңбек етіп келе жатқан педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Тамара Шакирова зейнет жасына қарамастан, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүр. Қай кезде де ұрпақ тәрбиесі, сапалы білімді ұстаным еткен ұстаздың мақсаты – еліміздің болашағына қызмет ететін кәсіби мамандарды тәрбиелеу.
Өз ісінің кәсіпқойы Тамара Мұхтарханқызы Nur Otan партиясы Жетісу ауданы бойынша бақылау комиссиясының, аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы және аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде көптеген қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүр.
Еңбек жолын өткен ғасырдың 80-жылдарының басында Алматы автомеханикалық колледжінде өндірістік оқыту шеберінен бастаған жас маман табанды еңбегінің арқасында директорлыққа дейін көтерілді. Отыз жылдан астам уақытта Тамара Мұхтарханқызы колледждің оқу-өндірістік әлеуетін сапалы деңгейге көтерумен қатар түлектерді отансүйгіштікке баулыды. Бүгінде колледжді тәмамдаған көптеген түлек еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып, экономикамыздың сан-саласында табысты еңбек етіп келеді.
Білікті басшының тағылымды істері, талапшылдығының арқасында колледж үш жыл қатарынан республикада техникалық және кәсіптік білім беретін үздік оқу орны атанып, бас жүлдені еншіледі. «Әйел басқаратын үздік кәсіпорын» ретінде республикалық байқаудың жеңімпазы болды. Осындай игі істердің арқасында аталған оқу орны Тәуелсіздіктің 10 жылдығына орай «Алтын кітапқа», Алматы қаласына арналған мерейтойлық басылымда «Білім көшбасшысы» республикалық жинағына енді. Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың атынан он шақты рет алғыс алып, Президент Қ.Тоқаевтың екі рет Алғыс хатына ие болған Тамара Мұхтарханқызы шәкірт тәрбиелеу ісіндегі ерен еңбегі үшін «Ы.Алтынсарин» белгісінің, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Білім беру ісінің үздігі» белгісінің иегері атанды.
Осы жылдарда алған білімі мен тәжірибесін өндіріс саласына кәсіби мамандарды даярлау ісіне арнаған білікті басшы әлі күнге жастар мен жасөспірімдер ісін ілгері жылжыту бағытындағы қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып келеді.
Тамара Мұхтарханқызы сапалы білім іздеп шетелдерге кеткен жастарымызды елге қайтару үшін қолайлы жағдай жасау, мектептер мен кәсіптік-техникалық білім беру колледждерінің материалдық-техникалық базасын заман талабына сай жарақтандыру мәселесінің кезек күттірмейтініне алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, білікті маман, өнегелі ұрпақ тәрбиелеуде білім ошақтарының ғана емес, ата-аналардың жауапкершілігіне көңіл бөлуді мақсат ете отырып, оның заңнамалық тұрғыда күшейтілуіне басты назар аудару қажетін атап өтті. Жаһандану кезінде бала тәрбиесіне барынша көңіл бөлу білім ошақтарының ғана емес, отбасы мүшелері рөлінің артуымен тығыз байланысты. Осы орайда тәжірибелі ұстаз әке мен ананың бала тәрбиесіне, сапалы білім алуындағы рөлінің жоғары екендігін негізге ала отырып, «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» деген халық даналығының өміршеңдігін еске салды. Әңгімесін «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген де тағылымды тіркеспен жалғаған Тамара Мұхтарханқызы «Ата-бабаларымыз ерте ғасырлардан-ақ ұл мен қыз тәрбиесіне ерекше назар аударған, ал жаһанданудың жат көріністеріне қарсы тұра алатын ұлтымыздың өнегесі тағылымды тарихы мен мәдениетімен байланысты», деп атап өтті. Ұрпақ тәрбиесіне бейжай қарамайтын өз ісінің кәсіпқойы зейнет жасына қарамастан, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүріп, өзекті мәселелерге орай орынды ұсыныстарын білдірумен қатар оның жүзеге асуына барынша атсалысып келеді.
АЛМАТЫ