• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Наурыз, 2021

Озық қоғам құруда орны айрықша қыздар

230 рет
көрсетілді

Құбылмалы еңбек нарығы жағдайында қыздар қауымы бәсекеде білім мен кәсіби дағдылардың теңсіздігіне тап болады. Мәселен, ғылым, технология, инженерия және математика салалары (STEM) бойынша оқыған түлектер арасында әйелдердің үлесі әлемде 15%-дан аспайды. Осынау қиында қызықты салада өз мүмкіндіктерін дәлелдеп, еңбек етіп жүрген қазақ қыздары Ақмарал Әбдиева мен Мәриям Тілеухан Лондонда тұрады. Олар кәсіби және тұлғалық даму бағытында кеңес беретін Mata.it жобасының бірлескен авторы.

– Ғылым жолына қалай келдіңіздер?

Ақмарал: – Менің ғылым жолына келуіме мектептегі математика мұғалімім көп ықпал етті. Ол кісі әрі сынып жетекшіміз еді. Ме­нің математика пәніне бейі­мімді байқап, олимпиада жа­рыстарына дайындады. Ғылымдағы жолым мектептен қалыптасты деуге болады. Кейін Лондонда математика саласында бакалавр (UCL) мен магистратураны (King’s College London) бітірдім. Қазір Лондонда киберқауіпсіздік саласында жұмыс істеймін.

Мәриям: – Менің IT саласына қызығушылығым бала кезімнен басталды. Алғаш бес жасымда үй­де Wi-Fi роутерін қосқа­ным­нан жаңа тынысым ашылғандай болды. Өзім мек­тепте информатикаға ерекше қызықтым. Лондонда Computer Science бағытында бакалавр (Queen Mary University London) бітірдім. Қазір Лондонда инженер-бағдарламашы (Software Engineer) болып жұмыс істеймін.

– Қыздар қауымы үшін STEM бағытын таңдаудың маңызы қандай?

Ақмарал: – Ниет, ынта, ұмтылыс кез келген кедергіні жеңетін қасиет деп айтар едім. Қыздар үшін STEM сфералары қиындық туғы­зады деген жалған нәрсе, сол сияқты нақты ғылымдар тек ер адамдарға арналған деу де негізсіз. Адамдар бұл мәселенің стигматизация екендігін түсіну керек. Осы орайда қыздарды нақ­ты ғылым саласын оқуға бейімдеу, мүмкіндік туғызу өте қажет.

– Қыздарға ғылым-біліммен айналысу қандай артықшылық береді?

Мәриям: – Ғылым әуелі өзіміз үшін керек. Ғылым арқылы ең әуелі өзіңді қорғай аласың, тәуелсіз ете отырып, қаржылық тұ­рақтылыққа ие етеді. Ең бастысы, баға үшін емес, білім үшін оқуымыз қажет. Көп адамдар экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан «прогрестің қозғалтқышы» ретінде тек ер адамдарды көреді. Бұл пікір қоғамның мүм­кіндіктерін толық көлем­де кәдеге асыра алмай­ды. Қоғамды жақсарту әйел­дердің де қолынан келетін игілік. Білімді, өзінің не қа­лайтынын білетін, эмоционалды және қаржылай тәуелсіз әйелдер қаншалықты көп болса, өмір сапасын ға­на жақ­сартып қоймай, қоғам­ның да дамуына атсалысар еді.

Ақмарал: – Саналы, озық қоғам қалыптастыруда қыз­­дардың орны айрықша. Саясат, сана, экономи­ка үш­тағанында жол таба ала­тын, кез келген қиын­дық­ты ең­сере алатын буын қалып­тастыруда ғылым-бі­лім­нің орны ерекше болмақ.

– Халықаралық әйелдер мейрамы Ұлыбританияда қалай атап өтіледі?

Мәриям: – Біріншіден, Ұлыбританияда бұл күн демалыс ретінде белгіленбеген. Бұл күндері қоғамдағы әйелдер мәселесіне байланысты конференциялар ұйымдастырылып, бейбіт жиындар мен шерулер өтіп жатады. Гүл мен сыйлық сыйлау әдеттен тыс практика. Қазақстанға қарағанда, мұнда әйелдер мен қыздар мерекесі өзгеше тойланады.

– Ер-азаматтар ген­дерлік мәселелер жайлы сауатын көтеруге неге асық­пайды және ол қан­ша­лықты маңызды?

Ақмарал: – Біз патриар­хаттық қоғамда өмір сү­реміз, ер-азаматтар тең­сіздікті сезінбейді. Бірақ па­триархаттың өзінде де ерлер үшін жойқын теріс тұстары бар. Мысалға, улы маскулиндік (toxic masculinity) психологиялық қысым тудыратыны шын­дық. Қоғамдағы пси­хо­логиялық тұрақтылық үшін және дамыған орта үшін ерлер қауымы өздерінің әлеу­меттік рөлдерін де қа­рас­тыру керек.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Ая ӨМІРТАЙ,

«Egemen Qazaqstan»