Премьер-министр Асқар Мамин үй жануарлары арасында экзотикалық аурулардың өршуіне қарсы күрес шараларын айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz
«Нодулярлық дерматитке қарсы іс-қимыл мақсатында «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты» РМК 2019 жылы вакцина әзірленді және қазір осы ауруға қарсы вакцина Ауыл шаруашылығы министрлігіне жеткізіліп жатыр.Бүгінгі таңда Қазақстанға шекаралас Ресей Федерациясы облыстарында жоғары патогенді құс тұмауының (ЖПТ) және африкалық шошқа обасының ошақтары тіркелуде. Эпизоотиялық ахуал 2020 жылғы тамыздан қарашаға дейін еліміздің 8 облысында ЖПТ-ның 95 ошағы тіркелгенін көрсетеді», деп жазды Асқар Мамин депутаттық сауалға берген жауабында.Оның айтуынша, ЖПТ өршуі кезеңінде ветеринариялық препараттардың республикалық қорынан құстарды мәжбүрлі түрде вакцинациялауды жүргізу үшін 220,7 млн теңгеге жоспардан тыс қосымша 4,3 млн доза вакцина бөлінді. Жоспарлы профилактикалық шаралар аясында құстарды жоспарлы вакцинациялау үшін ЖПТ-ға қарсы вакцинаның 3,4 млн дозасы бөлінген. Ветеринариялық-санитарлық талаптарға сәйкес ЖПТ-мен ауыратын барлық құстар жойылды және олардың иелеріне орташа айлық нарықтық құны бойынша өтем жасалды. Жоғарыда көрсетілген кезеңде барлығы 1,971 млн құс тәркіленді және жойылды, оның 97%-ы 4 құс фабрикасына тиесілі (Солтүстік Қазақстан облысы – 2, Қостанай облысы – 1 және Алматы облысы – 1).«2020 жылдың қорытындысы бойынша Үкімет тәркіленген және жойылған ауру құстардың құнын өтеу үшін республикалық бюджеттен 3 млрд теңге бөлді. Сонымен бірге ҚР Бас прокуратурасы анықтаған бұзушылықтарды жою бойынша 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленді және бекітілді. Аталған шаралар жоспары ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру, ветеринариялық-профилактикалық іс-шараларды жоспарлау, ветеринариялық препараттардың сапасын бақылау, ветеринария саласында ағарту жұмыстарын жүргізу және цифрландыру қызметтерін нығайтуға бағытталған шараларды қамтиды», дейді А. Мамин.