Қазір елдің демографиялық саясаты екі түрлі көзқарас қыспағында. Гендерлік құқын жаттап алған кейбір келіншектер «бала тусам, Үкімет не береді?» деген сауалға жауап іздейтіні қалыпты құбылысқа айналып келе жатыр. Ертеректе бала тууға бейіл болып келетін замандастарымыз дүниеге келмеген баласының ертеңгі болашағына алаңдайтыны байқалып қалды. Себебі мектеп жанындағы үйірмелердің бәрі ақылы. Ал балаларға берілген жәрдемақы бір баланың аяқкиіміне жетпейді...
Парламент демографиялық мәселеге келгенде қалғып кетпейтінін байқатты. Биыл наурызда Мәжіліс депутаты Айжан Сқақова ақы төленетін декреттік демалысты екі жылға дейін созуды сұраса, оның әріптесі Ерлан Смайлов ел ішінде кедей отбасында тұратын балалар саны 1 млн-ға жетіп қалғанын, кедейлік факторы жас буынның болашағына қауіп төндіріп тұрғанын айтты. «Кедейлердің 80 пайыздан астамы бес немесе одан да көп адамы бар отбасында өмір сүреді. Статистикаға сүйенсек, біздің елде 340 мыңнан аса көп балалы отбасы бар. Яғни бір, екі немесе үш бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана немесе жалғызбасты әкенің де қиындықтары бар, бірақ олар әлеуметтік қолдауға мұқтаждар санатына жатпайды. Елімізде әрбір туған бала үшін қазақстандықтарға 4,2 млн теңге мөлшерінде мемлекеттік төлем түрінде ана капиталын енгізу орынды. Осы қаражатты мақсатты пайдалану арқылы тұрғын үй сатып алуға және отбасының тұрғын үй жағдайын, балаға білім беру, анасының зейнетақы жинақтарын жақсартуға болады», дейді депутат.
Осыған дейін сарапшылар Қазақстан қартаюға бет алған елдердің қатарына қосылу алдында тұрғанын айтып келген болатын. Оған ден қойсақ, қазақ ұлтының қартаю процесі демографияға, сосын ер-азаматтар арасындағы өлім-жітімнің артуына байланысты, бұл тығырықтан демографиялық дүмпу арқылы ғана шыға алады екенбіз.
Қоғам қайраткері Ғани Қасымов бір кездері ресейліктер тәрізді ана капиталы арқылы бэби-бум жасауға болатынын айтқан еді. Экс-сенатор бұл жолы да елдегі бірінші және екінші баланы туған кезде берілетін бір реттік жәрдемпұлдың бір-бірінен айырмашылығы аз екенін жеткізді.
Жас босанған анаға денсаулығын қайта қалпына келтіруі үшін қосымша ем-дом шаралары керек екенін, көп бала тууға тоқтайтын қазақ әйелін ауылдан да, қаладан да таппайтынымызды айтты. Мемлекет тарапынан берілетін ай сайынғы жәрдемақы баланың жаялығынан артылмайтынын айтқан қоғам қайраткері демографиялық саясатты түбегейлі өзгерту керек екенін қоғамдық, әлеуметтік және экономикалық институттардың қаперіне тағы салды. Себебі ЕАЭО-дағы серіктес елдер 2018 жылдан бастап «Ана капиталы» бағдарламасына ерекше басымдық бере бастаған. Арменияның еңбек және әлеуметтік істер министрінің орынбасары Смбат Сайян 2021 жылы Армения үкіметі демографиялық ахуалды жақсартуға және иммиграция мен репатриацияны ынталандыруға бағытталған үш бағдарламаны іске асыруға қосымша 5,3 млрд драма (шамамен 11 млн доллар) бөлетінін айтты. Оның айтуынша, жалпы алғанда елдегі демографиялық көрсеткіштер оң және халық санының төмендеу үрдісі байқалады. Мәселен, 2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша ел халқының саны 13 800 адамға азайған болса, 2019 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 7 600 адамға азайды. Сонымен қатар соңғы жылдары Арменияда туу деңгейінің төмендеуі ауылдық жерлерде қатты байқала бастаған соң ел үкіметі оның алдын алудың әрекетіне кіріскен.
Ресейлік дереккөздерге сенсек, «Ана капиталы» бағдарламасы жұмыс істегелі бері 5 млн 700 мың отбасын қамтыпты. Бұл бағдарламаның демографияға әсерін әлеуметтану институттары кірпік қақпай бақылап отыр. Ресейлік демограф Алексей Ракша 2021 жылы ана капиталы жарты млн рубльге дейін өскенін айтып берді. «Ана капиталы бағдарламасы елдегі бала туу көрсеткішін арттырды. 2006 жылы Ресейде 1 479 637 бала дүниеге келсе, 2020 жылы 1 942 683 бала туған. Жыл сайын дүниеге келген бала саны арта береді», дейді А.Ракша.
Қазақстан халқының саны 19 млн-ға жақындап қалғанын мерзімді басылымдар жазды. Елімізде жылына орта есеппен 400 мың сәби дүниеге келеді. Мемлекет туу көрсеткішін арттыру үшін әйелдердің жас құрамын бақылау мәселесіне де назар аударып отыр. Мәселен, Қазақстандағы туудың жиынтық коэффициенті – 2,7. Бұл туу көрсеткіші ылғи өсіп отырғанын білдіреді.
Демограф ғалым Әзімбай Ғали қазір әлем демографиялық дағдарыстың қыспағында отырғандықтан, бала туу планетарлық мәселе екенін, ЕАЭО елдері де мемлекеттік қолдау арқылы әйелдердің бала тууына мүдделі болып отырғанын айтты, Украинада 2018 жылы бірінші балаға мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы – 41 280 гривенді (376 АҚШ доллары) құрады, бұл қазақстандық сәбилерге төленетін жәрдемақыдан 5 есе көп екен. Бұл қаржыны украиналық ата-ана бірден ала алмайды. Алғашқы 10 320 гривен бала туған кезде ата-ананың қолына беріледі. Ал қалған қаржы 3 жыл бойы ай сайын 860 гривен көлемінде төленеді. Беларусьте бір реттік жәрдемақы бірінші балаға 2 136, ал екінші және одан кейінгі балаларға 2 991 беларусь рублі көлемінде төленеді. «Бізге интеграцияға негізделген, прогресивті демографиялық ұлттық саясат қажет. Ресейде кезінде демографияны зерттейтін екі ғылыми институт, Украинада екі институт болған. Ал бізде ғылыми топтар мен зертханалар болды. Сондықтан арнайы ғылыми зерттеу институты қажет», дейді Ә.Ғали.
Сарапшылар Қазақстанда да осындай бағдарлама, демографиялық құбылыстарды қоғамдық негізде, мемлекеттік деңгейде зерттейтін институттар қажет екенін айтады. Ірі қалаларда жастардың отбасын құруға асықпайтынын, шаңырақ көтергендердің 30-40 пайызына дейін ажырасып кететінін, ажырасу жөнінен әлемде алғашқы ондыққа ілініп қалғанымызды зерттеулер көрсетіп отыр.
Әлеуметтанушы-ғалым Айсұлу Молдабекова демография ел дамуының стратегиялық маңызы бар мәселелерінің қатарына жататынын, экономиканың да қарқынды дамуында адам капиталы, жұмысқа қабілетті халықтың бөлігі және оның кәсіби біліктілігінің жоғары болуы айтарлықтай рөл ойнайтынын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда бала туу көрсеткішін көтермелеу әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі болуы тиіс.
Әлеуметтану институттары жүргізген сауалдамалар бойынша құндылықтардың үштігіне денсаулық, отбасы, бала жатады. Балалы болуды қалау біздің менталитетіміздегі дін мен дәстүр ұштасқаннан туындаған, өзектілігін жоймаған құндылық екенін айтқан А.Молдабекова мұндай ұстаным біздің менталитеттік ерекшелігіміз екенін алға тартты. Сарапшы нақтылап өткендей, Қазақстан жағдайында әр баланың дүниеге келуі сол отбасындағы белгілі бір әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешілуіне сеп болуы тиіс. Біз күткен нағыз демографиялық дүмпу сол кезде басталады. Жер көлемі, экономикалық мүмкіндіктері мол, ал халқының саны аз мемлекет үшін «Ана капиталын» енгізудің артықшылығы көп.
«Берілетін қаражат отбасының үй жағдайын, баланың оқуы сияқты маңызды мәселелерге жұмсалуы көрсетілген механизмнің де бекітілгені жөн. Сонымен қатар бүгінгі қоғам шындығы – отбасында бала саны көп болған сайын жан басына шаққандағы табыс көлемі де, ондай отбасылардың тұрмыс, үй жағдайы да нашар болып келеді. Тұрмысы төмен отбасылардың ішінде көп балалы отбасылардың үлесі жоғары. Объективті себептермен мұндай отбасылар ең алдымен сапалы білім алу, тамақтану, медициналық қызметтерден қағылады. Бұл сол отбасындағы балалардың дамуына кері әсерін тигізеді», дейді А.Молдабекова.
Сарапшы ағылшын ғалымдары 19 мың отбасыны зерттеп, отбасының құрамы, тұрғын үйінің жағдайы, қаржылық тұрақтылығы сияқты факторлардың сол отбасындағы балалардың ақыл-ойының дамуына тікелей әсер ететінін анықтағанын тілге тиек етті. Ғалымдардың зерттеуінше, әсіресе, қалалы мекендердегі кедейліктің балалардың тұлғалық өсіп-жетілуіне зияны көп. Сонымен қатар шет аймақтарда, ауылды жерлерде зерттеулер жүргізгенде ата-аналардың айтатын шағымдарының бірі – балаларды дамытуға деген мүмкіндіктің жоқтығы. Отбасының материалдық жағдайының төмендігін айтпағанның өзінде, мектептен бөлек балалардың бос уақытын ұйымдастыратын орталықтардың, спорт нысандарының, түрлі үйірмелердің болмауы, шет тілдерін меңгермеуі бала дамуын тежейтіні анық.
«Еліміздің макроэкономикалық көрсеткіштері жоғары, 90-жылдармен салыстырғанда жағдай жақсы. ХХІ ғасырда – цифрландыру қоғамында балалардың болашақта кәсіби маман, тұлға болып жетілуін қолдан тежеп отырғандай көрінеміз. Сондықтан елімізде бала тууды қолдап, толыққанды сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасамасақ, ертең кеш болары анық», дейді А.Молдабекова.
Қаржыгер-экономист Ілияс Исаев бұл мәселеге ең алдымен мемлекет мүдделі болуы керек екенін айтты. Демографиялық дағдарысты әлі бастан кешкен жоқпыз деп арқаны кеңге салуға болмайды. Тұрғындары көшіп елсіз қалған елді мекендер де байқала бастады. Қаржыгер айтып өткендей, бұл фактор әлемдік қауымдастықтың назарына ілінсе, ине шаншитын жер таппай жүрген кейбір ұлт өкілдеріне жер беруді міндеттеуі де әбден мүмкін. «Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару» саясатының тым нәтижелі болмағанын айтқан сарапшы бұл мәселені мемлекеттік бағдарламаға айналдырудың кезі келгенін, оның әрбір тетігі сарапшылардың қатысуымен талқылану қажет екенін алға тартты.
«Қазақстан – шикізаттық секторға бейімделген ел. «Ана капиталы» қаржысын шикізат секторының табысы есебінен беруді міндеттесек, ел қазынасына салмақ салмаймыз. Бұл бастаманы тек бизнестің емес, шетелдік компаниялардың да қоғам алдындағы жауапкершілігі, мемлекетпен әріптестігі шеңберінде де шешуге болады. Мұнайдан түскен табыстың тым болмаса 1 пайызын осы мақсатқа жұмсаудың кезі келді. Осы арқылы «Ана капиталы» қорын ашуға болады. Бұл мәселенің шешімі биліктегілердің ерік-жігеріне байланысты. Мұндай үрдіс халықаралық тәжірибеде бар. Тек оны бастау мен жүйелі түрде жалғастыруға ықылас болмай тұр», деп сөзін түйіндеді І.Исаев.