• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Наурыз, 2021

Саңлақ

413 рет
көрсетілді

Қазақта ақ-адал ісімен құбылыс болған арыстар мен алыптар, тәубе дейік, баршылық. Сондай нағыз жақсылардың жанынан табылып, тағылымын алып, ұлтына шын ниетімен жұтынып қызмет жасаған кісілер кемел болып келеді. Иә, ұлтына мінезімен де, білімімен де елгезектік танытқан сондай тарланбоздар қатарында: «...Телевизияны әдебиеттендіруді бастап беріп жүргендердің бірі де осы Сұлтан Оразалин еді. Шалқайма креслода жайланып жатып алып, аузы алты қарыс Абай ауылының ділмарлығына басып, аузы-аузына жұқпай сөйлей жөнелгенін көргенде, қарадай сенің де арқаң қозады екен. Қаршадай Сұлтанның телевизия тілін еркін меңгеріп, суда жүзген балықтай байпаңдағанына біз де сүйсінетінбіз», деп сөз зергері Әбіш Кекілбайұлы бағалаған тұлпар текті, сүйсінткен көпті, сексеннің сеңгіріне шығып, абыздық жасқа жеткен Сұлтан Оразалы ағамыз да бар.

Бастау суы тереңнен шымырлап шыққан тұнық болса, бұлақ суы да сол мөлдірлігінен танбай өзенге барып қо­сы­лады. Әр азаматтың өскен ортасы да осы тақылеттес. Бүгін биік белестен көрініп, халқының ілтипатына бөленген, сән-салалы ұлт қызметін адал атқарған Сұлтан ағамыздың да төңірегі сол  бас­тау суындай таза, бұлақ суындай мөлдір. Одан тәлім алып, көкейіне өнеге қондыра алу да зерек жанға ғана тән қасиет екені мәлім. Тұнық бастау басы қайсы десеңіз, қалың елі қазағына: «Қазаққа күзетші болайын»,  «Біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, жұрт қатарына қосылудың амалын жейік», деп ұшан-теңіз өсиет қалдырған дана Абай, Абай әлемі, «Шенеунік ісін қылмаңыз – әділет жолын таңдаңыз. Билік айтсаң – түзу кес, адалын айт. Тия­нақ көрме жалғанды», деген философ ақын Шәкәрім, өмірлік ұранымызға айналған Абай болмысын: «Абай өзінің кіршіксіз ақ жүрегін тебіренткен сансыз ойларын тамаша шығармалары мен жалынды жырларының бетіне маржандай төгілдірді, оның әрбір бетінен, әрбір жолынан, әрбір сөзінен бізге, соншама ыстық, соншама жақын леп естіледі, ол леп өткен заманның кешегі тәркі дүниенің соққан тынысы болса да бізге түсінікті, жүрегімізге қонымды Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы – заман тынысы, халық үні. Бүгін ол үн біздің де үнімізге қосылып, жаңғырып жаңа өріс алып тұр», деп тап басып ашып, алдыңғыны бағалаудың үлгісін көрсеткен Мұхтар Әуезов, т.б. Бірден айтайық, алыптардан қалған ақиқаттарды санасына тоқып, бағыт еткенін  Сұлтан Шәріпұлының өмір жолындағы атқарған халықтық жұмысынан аңғаруға  болады.

Бүгін Сұлтағаң секілді ардақтымыз­дың тағдыр-тәлейі, әсіресе балалық шағы ауыр болғанын аңғару қиын емес. От­пен ойнағандардың опасыз тірлігі сұра­пыл соғыс өртіне ұласып, балалық шақты, көрер қызықты ойран етеді. Үшке толмаған шынашақтай бала шырт ұйқыдан айырылып, қабарып қараған атаның, мұңайып отырған әженің, жылдың төрт мезгілінде бір тыным көрмеген ананың қабағын бағумен өтіпті. Атасы Оразалының бес ұлы бірдей майданға аттанып, әкесі отыз жеті жасында майдан даласында қаза болады. Анасы бес баламен елде жесір қалады. Жетімін жылатпаған, жесірін көзден таса етпеген ата дәстүрге бағынып, шешесін әмеңгерлік жолмен Оразалы атасының бауырында әкесімен тел өскен, Сталинград майданынан тірі оралған, темірден түйін түйетін ұста Сахарияға қосады. Соғыстың сұмдығын басынан өткерген  өгей әке бес баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай қатарға қайтсем қосам, оқытып жеткізсем депті. Жүрегі кең, көңілі дархан майдангерді, зергерлігін бұлдамай айналасына қызмет еткен абзал жанды ауыл халқы Дархан деп атап кетіпті. «Дархан десе, Дархан еді-ау, – дейді Сұлтан аға толқып, – Алматыға жоғары білім аламын деп жолға шыққанда, бардан қарыз алып жол тірлігіңе жетіп қалар, қаланың жықпылы көп болады, балам, сақ жүр, не істесең де өз ақылыңмен істе, сөзге ерме, теріс қадам баспа деп еді. Әкемнің сол үні күні бүгінге дейін құлағымның түбінде сақ жүр деп ызыңдап тұрады. Сырқатқа шалдыққанда қолымнан келгенше  жетік дәрігерлерге қараттым, бірақ айықпас дерт алып тынды. Сол әке үлгісі менің жанымда сақталып қалған. Өгей деген бір сөз болмаса, өз әкеміздей қамқорлық жасады. Содан  да шығар, ешқашан жетімдік көрмедік. Ол кездің адамдарының шарапаты мол еді ғой».

Атасы Оразалы оқымаса да, тоқығаны мол – өз заманының зиялысы екен. Оған дәлел, ол кісінің Абай ұрпақтарымен берік қарым-қатынаста болғаны, «Абай жолы» роман-эпопеясын жазу кезінде Мұхтар Әуезов шежірелі ақсақалдан көп мағлұмат алғаны дер едік. Әсіресе ұлы ақынның жас шағындағы оқиғаларды баяндағанда ерекше ыждағаттылық танытыпты. «Абай елінің тағылымын алған азаматтың ең басты туабітті қасиеті ... өзім деп өзеурегенін,  мен істедім, мен бітірдім деп кеуде соғып шіренгенін көргеніміз жоқ.  Оның есесіне өз шаруасын қоя тұрып, басқаның жоғын жоқтап, сұрағанын алып беріп, досқа, туысқа, елге, жерге, халыққа қызмет етуден жа­лық­­паған қайрат-қажыры разы етеді», деп алаш рухты ғалым Рымғали Нұрғали досы айтпақшы,  Оразалыдай абыз ата­ның немересі Сұлтекең қайдан осал бо­лсын.

Өз әкесі туралы ой қозғағанда, оны ес білгеннен бастап іздепті. Елу жылдан кейін дерегін тапқан. 1944 жылы Беларусь майданының алғы шебінде жүріп 28 нау­рызда оққа ұшып, 12 мың жауынгер жатқан қорымға жерленіпті. Бірде академик Рымғали Нұрғали: «Боздақтар» атты  кітапта әкең 1944 жылы 28 наурызда өмірден озған екен. Ал Зәуреш екеуің тура  жиырма жылдан кейін, яғни 1964 жылы 28 наурызда шаңырақ көтердіңдер. Бұл біліп істеген істерің бе?»- дейді. Сұлтекең әкесі туралы деректі енді ғана біліп жүргенін айтып, бұл құдайдың бала әке өмірінің жалғасы екенін сездірудегі сәйкестік болар деген байламын алға тартады. Әке жарық дүниемен қоштасқан күні оның оты қайта жанып, асыл арманы орындалыпты. Мұндай тағдыр бұл толқынның көбінің басы­нан өткен. Қинала жүріп тілектеріне жеткен, алдыңғының үмітін осылайша ақтаған, киелі шаңырағын шайқалтпай сақтаған.

Қазақтың Ыбырайы (Алтынсарин) «Айшылық алыс жерлерден, Көзді ашып жұмғанша, Жылдам хабар алғызды», деп арғы ғасырда көрегендік танытса, бергі ғасырда ол ақиқатқа айналды. Сол ақиқаттың жемісі көгілдір экран қазақ топырағына 1958 жылы жеткені белгілі. Сұлтан Шәріпұлы қазақ радиосы мен телеарнасының қасиетті табалдырығын өткір найзадай қылпып тұрған жиырма екі жасында, 1964 жылы аттады. Редакторлықтан бас редактор  лауазымына жетіп, жиырма жыл қызмет етіп, өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Ағын су секілді толассыз тіршілікте ол үш жүзге жуық әдеби сценарий жазып, оны жарыққа шығарған. Мыңдаған хабардың жұртқа жетуіне ұйытқы болған. Қазақ телеөнерінің негізін салушылардың бірегейі ретінде, әсіресе сіңірдей сіресіп қалған партияның жалаң сөздері мен қаулы-қарарларының арасынан саңылау тауып –  ұлттық құндылыққа, ұлт қалауына орай, ұлт мінезін, ұлт болмысын танытатын еңбектерге ден қойып, бұл жолда жұрт жоғын түгендеумен болады. Содан да шығар, көрнекті ақын Темірхан Медетбектің: «Қазақ теле­видениесінің керегесін керіп, уығын шаншып, шаңырағын көтеріп қана қой­май, оның ішіне жаңа мән мен мағына, ең бастысы, ұлттық мінез бен қара­кет енгізген Сұлтан Оразалинов көп­теген телесценарий мен телепьеса жазды. Олардың ішінде «Кек», «Отырар ойраны», «Өлім фабрикасы», «Қашқын» сияқты теледүниелер кезінде көрер­мендердің рухани мұқтажын толық өтей ал­ды дей аламыз», деуі сөзі­мізге мысал бола алады.

Күнделікті хабар өтпелі дәурен секіл­ді. Ал ұлттың ұлылығын танытатын дү­ние өшпес мұра, өлмес жәдігер. Бұл тұр­ғыда сұңғыла Сұлтекең арғы Алаш ұлдарын  таспа жазбасында көңілдегідей тірілте алмаса, бергі алыптардың біразын тірі тірлігінде жетелеп келіп, экран алдында сырласып, тірі тарих куәсі етіп қалдырды. Тақырыптық хабарларына шақырған ұлт зиялылары өз алдына бір әлем десе, болады. Сөз алғанда есе бермей ағыл-тегіл көсіліп кететін, «Иә, иә негізгі әң­гімеге енді келемін», дейтін Сәбең – Мұ­қанов, бір өзі бір театр, күректей қа­тырма қағазы болмаса да, тәңір ойы мен бойына дарытқан табиғи талантымен, қоспасы жоқ шынайы мінезімен, көп кейіпкерінің ішінде ерекше есте қалатын Қоңқайымен тамсандырған, бет пішімі бөлекше жаралған Серке Қожамқұлов, сол қатардағы «нақ-нағымен» көрінген  Елубай Өмірзақов, аналар бейнесін бас­тап тұрған Сәбира Майқанова, адуынды болғанмен ұлт театрының білімдары Асқар Тоқпанов, өзге де даралардың үзік-үзік бейнелері тұнып тұрған тағылым екені сөзсіз.

Шыны керек, салғырттығымыздан көп жағдайда сан соғып жатамыз. Бұ­рынғыны қозғамағанда, заманауи техни­калық құралдар қолға тигеннің өзінде, жақсыларымызды таспаға түсі­ріп қалу жағы Сұлтан Шәріпұлына дейін олқы соққанын несіне жасырамыз. Қолымызда  бары Франциядан табылған Әміренің үні ғана. Біз 1961 жылы өмірден озған Мұхтар Әуезовтің  ұшық-ұшық тірі тұлғасын місе тұтып жүрміз, Сәбит Мұқанов та солай. Бұл жағынан келгенде Сұлтан Оразалы ыждағаттылық танытып, ықтияттылық көрсетіп ұлт зиялылары туралы жиырмадан астам деректі фильм түсіріп, зиялылар антологиясын жасады. Баяғының алтын сандығы сияқты жақсылығына бақсақ, бүгінгінің алтын сандығы саналатын қазақ теледидарындағы зиялылар антологиясына  назар аударсақ, көш басында сөз ұсталары, өзге де жақ­сы мен жайсаңдар: Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, І.Есенберлин, С.Зиманов, С.Сартаев, Т.Ахтанов, С.Бегалин, Ш.Айт­матов, М.Кәрім, Қ.Құлиев, Р.Ғамзатов, В.Распутин,  Ф.А.Файз, Ә.Кекілбайұлы, Қ.Сұлтанов, С.Байжанов – осылай жал­ғасып кете береді. «Бірегей  шығарма тудыру үшін өзің де талантты болуың керек» деген екен ұлы Гете. Расында, әрқайсысы бір-бір тұлға саналатын қаламгерлермен, қайраткерлермен ой бөлісу үшін сауат­тылық өз алдына, жан-жақты білім, озық ой, тіл қарымы қажет екені сөзсіз. Алыптардың мысы басып жетекке ере бермей, кейде жетекке алуда  біліктілікті талап етеді. Бұл жағынан келгенде Сұлтағаң қамшы салдыра бермейді. Қиюын тауып, қисынын келтіріп, шешендігі мен шеберлігін қатар өрістетіп отырады.

Қазақ зиялылары туралы антология­дағы әңгімелердің қай-қайсысына  үңіл­сең,  асылдарымызды сан қырынан тани­сың, тани отырып олардың ұлт руханиятына қосқан үлесіне тәнті боласың. Әде­биет пен тарихта төңкеріс жасаған Ілияс Есенберлиннің баяны, арасында дұрыс мағынасындағы ұлт шенеунігі Ілияс Омаров туралы естелігі ерекше назар аударарлық. «Маған да бір қарашы!» деп қасқайып тұратын жыр дауылпазы Қасым Аманжолов шенеуніктің  алдына үй сұрай барғанда, білдей ЦК-ның хатшысы оның өлеңдерін жатқа айтып, ілтипат көрсеткенде риза болғаннан бұ­йымтайын ұмытып, үйіне ұшып-қонып жеткенде, жалтақтаған жары үй сұрадың ба деп алдынан шыққанда: «Өлеңдерімді Ілияс Омаров жатқа оқығанда, қалай емініп үй сұраймын», депті. Тектілік үлгісі деген осы. Бүгінгі билік иелерінің кей­бірі – бәрін емес, топ жарған өрен жүй­рік қазақ ақындарының өлеңі түгіл, өзін білмейтінін, білгісі келмейтінін еске түсірсек, ЦК хатшысының  әлгіндей қы­лығы біртүрлі көрінетін секілді.

Алтын ошақтың үш бұтындай жастық шақта тел өскен, кейін де жұптарын жазбаған Сұлтан, Мұхтар (Мағауин), Рымғали сыйластығы кімге де болса, үлгі боларлық. Сұлтекеңнің екі досының бірі алғашында: «Сен эфирге сағым болып таралып кетіп жатқаныңды сезесің бе осы?», деп сенімсіздік танытса, екіншісі: «Жоқ, мен сенемін, Оразалиновский бағыты дұрыс. Сен тарих қазумен жүрсің, мен әдебиетті тінткілеумен әуремін. Білдей ғылым кандидаты, бәрімізден озады»,  депті. Кейін екі пікір бір арнада тоғысып,  талант телеэкранда  сағым болып қалмайды, тесіп шығады екен деген байламға тоқтапты.  Сол замандастары туралы фильмдердің соқталысы деп, абыз Әбіштің өмір жолына әр қырынан келген «Парасат биігі» атты  кемел дүниені атар едік. «Мен туған күні анам анау жатқан шағылдан қысқа отын алып келген. Өзі екіқабат, жүкті кезі, айы-күніне жетіп отырған, соған қарамастан барып, екі түйе томарды артып әкеліп, үйдің қасына түсірген бойда өзі оң жаққа келіп отыра кеткенде абысындары көріп қалыпты. Сонда мен жерге түсіппін», дейтін Әбіш сөзі  қилы өмір өткелдерін көңіл көгіне әкеледі.

Әдебиет пен өнерді, түйіп айтқанда, халқымыздың бар жақсысын теледидарда орнықтыру  жолындағы Сұлтан Шәріпұлының ізденісі нәтижесінде  көрермендердің ерекше  ілтипатына бөленіп, сұранысына ие болған, талай  таланттың танылуына жол ашқан «Қымызхана», «Сұхбат», «Терме», «Сахна», «Халық қазынасы», алуан тақырыптардағы ұжымдық еңбектер – таспадағы ұшан-теңіз байлық  десек жарасады. Ал айтыс өнері тоқырады деп кері тартқандарға илікпей жүріп «Айтыс» хабарын ашып,  «Е, тәубе!»  дегенде, оны қаламайтындар  ескілікке санап, қабақ  түйгенде оларды жаңылту үшін атын «Бәйге» деп өзгертіп жалғастырған болатын. Бұл оның  үстемдігі  үскіріктей жүріп тұрған кеңес заманындағы атқарған жұмыстары еді. Қазір сол айтыстан бас­тау алып, қанаттанған толқын-толқын  қыз-жігіттер сөз сайысында  қырандай самғап,  абыройымызды көтеріп жүргені шындық.

Иә, ұлт руханиятын табандап қор­ғау ана заманда оңай болған жоқ. Та­ба­нының бүрі мықты азаматтар санау­лы болды. Халық ісіне белсене кірісіп, салт-санамыз туралы хабарлар беріле бастағанда ала көзбен қара­ған­дар, арыз боратқандар аз болмапты. «Мына адам ұқпайтын тілде неге хабар бересіңдер?», деп ЦК-ға арыз тоғыт­қандар – ондағылардың құтын қа­шырады. Не істеу керек дегенде Сұл­тан Оразалы: «Солтүстік об­лыс­тар тұтас Қазақстан емес қой», дейді. Төраға орынбасары Әнуарбек Шманов: «Қазақтар қимылдағанша ... Мүм­кіндігінше шыдап, күресіп көрелік», депті. Сөйтіп, теледидар бүкіл елге ор­тақ екенін дәлелдеп, ұлтшылдықты іздеудің артықтығын тиісті орындарға жеткізіп, ақыры халыққа керек хабарды сақтап қалыпты. Теледидар саласындағы Сұлтағаң айтқан мына мәселе де ескеруге тұратын секілді. Тә­уел­­сіздік жылдарының  елең-алаңында «Алтын қордағы» біраз дүние жойылып кетіпті. Оған ол нақты дәлелдер де келтіреді. Шынында, ту-талақай басталып, барды талапайға салғанда, ғимаратты сатып алдық дегендер мұның бізге керегі не деп таспаларды тастай атқанын біз де естіген едік. Қазір Сұлтағаның үйінде сақтап отырған бейнетаспа мен үнтаспалар аз емес екенінен хабардармыз. Жоқ іздегендер оның қолындағысына  жүгінеді екен. Ол құндылықтар  қай кезде де құнын жоймақ емес.  Халқымыздың бұрынғы тұғырлы тұлғаларын қағазда қалған мағлұматтар арқылы білсек, жылдар өте келе бұл үнтаспалар мен бейнетас­палардан  ұрпақ  ХХ ғасырдың  жақсысы мен жайсаңдарының сөзін естіп қана қоймайды, «тірі» бейнесін көріп, риза болатынына кім шүбә келтіреді.

Сұлтан Оразалы  біраз жыл жоғары билік тармағын көріп, одан соң «Өнер» баспасын басқарды. Біз осы жылдары ол кісімен  таныс-біліс болған едік. Ол кезде басшыға ілтипат ерекше болатын. Профессор Тұрсын Жұртбай айтқандай, Сұлтағаң артық дәулет бітпесе де бар адамға ұқсап жүреді. Алғаш ізет сақтап, именіп қолымызды сумаңдатпай бас изесек, ол жадырай күліп жылуы мол алақанын ұсынатын. Мұны бізге жасаған қошеметі деп бағалайтынбыз. «Ұлық болсаң – кішік бол» деген осы-ау дейтінбіз. Айтқанын орындататын, тілегіңді жерге тастамайтын. Тіл айқастыра қалсаң, Абай әлемін, Әуезов тәлімін тебірене қозғайды. «Өнер» бас­пасындағы қызметкерлерді ғана емес, «Жалын» баспасында жүрген бізге де қамқорлық танытып, бауырдай болып кетті. Өзі басшылық жасайтын баспадан шыққан кітап шоғыр-шоғыр еді. Өнер иелерінің, ақындардың жинақтары үздіксіз жарық көріп жататын. Осы арада  бір ғана мысалға жүгінсек, баспадан бір жылда «Беташар» деген кітап 100 мың, «Қазақ әндерінің антологиясы» 200 мың, 58 кітап бір миллион 624 мың таралыммен жұрт қолына тиіп, жыл соңындағы таза пайда 930 000 сомды құраған. «Наурыз тойы», «Шілдехана», «Сүндет тойы». «Үйлену тойы» секілді дәстүр кітаптары да сол уақытта жарыққа шығып жатты. Бұған ұйытқы – тағы Сұлтағаң.

«...Қазақ теледидарының негізін қалауға еңбегі сіңген екі адам болса, біреуі осы – Сұлтан Оразалин... Тірідей көрге түсе жаздаған ана тіліміздің туын көтеріп, алғаш мәселе қоюға батылы барған кім?! Ол – Сұлтан Шәріпұлы! О дүниелік болып кеткен айтысты Алланың өзімен келіскендей қайта тірілткен кім?! Осы – Сұлтан Шәріпұлы!», деген Фариза ақын Оңғарсынова байламы қайраткер қазақтың бүкіл болмысын айқындап тұрғаны анық. Мемлекеттік тіл дәрежесі бар тілдің беделін одан әрі көтеру мақсатында 1993 жылдың басында құрылған отандық Тіл комитетінің тұңғыш төрағасы болып бекітілуі, оның іскерлігіне сенгендіктен екені сөзсіз. Бұрын іргетасы болмаған мекеменің ере­жесін жасап бекіту, жұмысын жүйелі жүргізу, облыс, аудандардан басқармалар ашу –  ұлт тілінің басымдылығы үшін жасалған ұлы серпіліс еді. Тіл комитетінің құзыреті ол кезде министрліктен жоғары тұрды. Министрліктерде тіл мәселесі туындап жатса, ол тексеріліп, тиісті адамдар комитеттің алқа жиналысында есеп беріп жататын. Бұл жұртымыздың тіліне деген ұмтылысын, жігер-қайратын оятып қана қоймай, серпілтті, сергітті, рухын көтерді. Ел тәуелсіздігіне күдікпен қарап жүргендердің екі ойлылығына мұндай жіті қимыл тырп еткізбеді. Баянды болашаққа деген сенімін оятты. Теледидарда қазақша хабарлар бұрынғы сарытап жолдан шығып, жаңа ізденістермен беріле бастады. Елдік бағыт бірінші кезекке шықты. Сөйтіп, сіресіп жатқан сең шытынады, кей жерлерде тас талқаны шығып бұзылды. Қазақ басылымдары да  көбейіп,  арыстарымыздың бұрын жабылып қалған еңбектері әр күн сайын жарияланып жатты. Бұның бәріне Тіл комитетінің ерекше ықпалы болғаны бесенеден белгілі. Небір алқалы жиында олар қазақ тілінің арғы-бергі тарихына тереңдеп барып, оны жасаушы халқымыздың ерекше дарынын жан-жақты көрсетті. Бұра тар­тып, бұлтақтағандарға «Тәйт!» деп тік тұрған кездеріне талай куә болдық. Ә.Қайдари, Т.Қордабаев, Ө.Айтбайұлы, басқада ұлт зиялылары Тіл комитетіне жанашыр болып жүрді. Қаламгерлер де, өзге де рухани саланың өкілдері жұ­дырықтай жұмылып, тіл тағдырына келгенде кемелдік танытты. Соның бір дәлелі, бет-беделге қарамай тура айтатын жазушы Тахауи Ахтановтың Сұлтан Шәріпұлын: «Қарағым, қатты қуанып тұрмын. Президентіміздің бұл жарлығы өте игілікті іс болды. Ал сені қойғанына, тіпті, ризамын. Елге, тілге жаны ашитын азаматсың. Енді аянба! Қолдау, қорғау керек болса бармыз ғой. Тіл үшін күрескен бабаларымыздың аман қалғаны жоқ еді, бірақ сенің заманың басқа. Досың да, дұшпаның да көбейер, тек сақ бол, бауырым!», деп ағынан жарылуы, қолдап демеуі соның айғағы.

Елорданың өркендеуіне, әсіресе ал­ғаш­қы кездегі шенеуніктер қаласынан – рухани орталыққа айналуына өзі секілді зиялылармен бірге жүріп, Сұлтекең  де көп үлес қосты. Қазір ұлттың бел баласы – жұрт азаматы дәрежесіндегі санаулы абыз ағалардың қатарында, бүтін болмысымен, қазақы қалпымен Абай қағидасына салсақ сүйер ұл, сүйсінерлік ісімен үлгі болып келеді. Шыңғыс Айт­матовтай ұлы тұлға: «Мен әлемдік теле­дидардың құдыретін білемін. Сондай өнердің тұтқасын ұстап, биік мәдениетпен іс тындырып жүрген өзіңдей азаматтар көп емес»,  деп  даралай бағалап, қа­радай сүйсінген Сұлтан Оразалы –  қа­рымды қаламгер, алғыр да  алымды ұйым­­дастырушы, көркем мінез кісі, ал­ған атағына, шыққан биігіне ешкімде күмән келтіре алмайтын, шын мәніндегі қайраткер қазақ.

 

Сүлеймен Мәмет,

журналист