• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 11 Наурыз, 2021

Шығармашылық шекарасы

479 рет
көрсетілді

Біз көбіне шығармашылықта шекара жоқ деп айтып жатамыз. Алайда қасиетті өнерде мәңгілік ұлы шекара барын көбіміз мойындағымыз келмейді. Ол шекара және сіз бен біз ерсілі-қарсылы кіріп-шығып жүре беретін иесіз есік я болмаса қараусыз қақпа емес, тек жанкешті нағыз дарын, өмірін өнерге көзсіз құрбан еткен тума талант ғана аттай алатын ай­рықша асу, биіктігіне кез келген адам­ның білім-парасаты жете бермейтін бөлек белес.

Әрине, жоғарыдағы сөзді толық жоққа шығаруға болмайтын шығар. Айталық, қытайдың ғажайып әуені еуро­палықтың көзінен жас шығарып жіберсе немесе жап-жас құбылыстың қартаң өнер иесі өмір бойы қол созып өткен биігін қалпақпен қағып ала салуы сияқты өнер­де шекараның жоқтығын дәлелдейтін мысалдар жетерлік. Біздің айтпағымыз демек басқа шекара, басқа өлшем, басқа бірлік.

Димаш құбылысы дүниеге келгенде қай­сыбір қаламгер жарына қарап: – Димаштан кейін біздің қазақ эстрадасының әнебіреу жұлдызсымақтары енді ұялып, қолына микрофон ұстауды қоятын шығар, – десе, қаламгердің әйелі қалжыңға жақын жан болса керек: – Қойшы, сендер де Абайдан кейін ұялып, қолдарыңа қалам ұстамай кеткен жоқсыңдар ғой, – депті.

Әдемі де әдепті әзіл бізді шынымен ой­ландырып тастады. Өнердегі бағанадан бері біз айтып отырған ұлы шекара қайда қалды деп жан-жағымызға қарайтындаймыз. Өнердегі өзгеше шекараны осындай дара құбылыстар араға ғасырлар салып бұзып тұрмаса, бүгінде кімнің жүйрік, кімнің жүлік екенін шын ажырату  қиындаған үсті қиындап барады. Өлеңнің атын жамылып өзінің атағын түгендеп жүрген жазармандар мен кітап кемірген кемел жанкештілердің арасындағы шекара тым күрделеніп кеткен. Ары мен ұятын ақшаға саудалаған ашкөз қоғам бүгінде барлық шекараны ашып тастады. Киелі сахнаны жүйелі сөз бен мәңгілік музыка емес, келімді-кетімді кемталанттар жаулаған үсті жаулап алған. Кітап оқымай-ақ кісілік туралы айтып, жазбай-ақ жақсы атанып жүрген замандастарымыз көп.

Шығармашылықтағы шындық шекарасын бүгінде әлеуметтік желінің әулекі топтары да бұзып жатқанын жасырмауы­мыз керек. Бұрын дара дарындарды, ел мойындаған ерекше өнер иелерін көпшілік «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті» сияқты үлкен газет-журналдардан, «Республика» сарайы, «Қазақконцерт» сияқты киелі сахналардан көріп, танысатын. Кімнің тұғыр, кімнің тұлпар екенін осындай сүзгілер сараптап, бір уақыт тосқауыл болып отыратын. Қазір осы үрдістің барлығы ысырылып тасталды. Әрине, айта берсек бұл қиянатшыл әрекеттерді әшкерелеп тауысу мүмкін емес.

Жалпы, біздің айтпағымыз не, әлбетте өнерде шекара болу керек. Бұлбұл талант ән салған бұтақта тоғышар қарғалар қар­қылдамауы тиіс. Тұлпарлар бақ сынайтын бәйгеге баспақты ешқашан қоспаған дұрыс. Біз шын өнердегі шырқау биік шекараларды осы тұрғыда бөлгіміз келеді.

Бірақ бәрібір өнерде шекара жоқ. Біз осы ретте тағы бір шекара туралы айтуды ұмы­тып бара жатқандаймыз. Бұл шекараның жөні тіптен бөлек. Кез келген адамның кө­зіне көріне бермейтін нәзік шекара жалпы көп насихаттала бермейді. Бұл шекара таса­дағы таланттарды үлкен сахнаға жібер­мей жатқан материалдық шекара, танысы жоқ туындыгерлерді үлкен сахналарға жібер­мей ұстап жатқан тұрлаусыз тірлік құрған шекара деуге болады.

Біз кейде көзіміз көрген, құлағымыз есті­ген шын­дықты ғана танып, соны ғана наси­хаттайтын сияқтымыз. Алайда біз естімеген, біз ешқашан көрмеген құбылыстардың бары рас қой. Мысалы, әлемдегі ең үлкен пирамида Египетте емес, Мексиканың Пуэбла штатында орналасқаны сияқты немесе әлемдегі ең биік шың Эверест емес, одан әлдеқайда биік Мауна-Кеа жанартауы  мұхиттың астында жатқандығын көбіміз біле бермейміз.

Біз айтып отырған тасадағы таланттар да кейде осы салыстыруларды есімізге сала­ды. Сахнада сарнап жүрген жасанды жұл­дыздарды әлдебір ауылда жағдайы жетпей қойдың соңында жүрген табиғи талант шаң қаптыруы әбден мүмкін. Бірақ шынайы өмірдегі шындық шекарасы, жоқшылық бөгеттері мұндай дарын иелерінің дауысын алыстарға көп естірте бермейді. Әрине, ара-арасында жақсы жандардың көзіне түсіп қалып, көпшіліктің көзайымына айналып жүрген таланттар жоқ емес. Дегенмен біз жоғарыда айтқан шекаралық шектеулер шын өнерді шідерлеп жататынын бәріміз мойындауымыз керек.