• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экология 11 Наурыз, 2021

Булығып аққан бұлақтардың көзін ашсақ...

767 рет
көрсетілді

Көкшетау мен Қараөткелдің кең көсілген алқабында сансыз бұлақтың күні-түні шапқылап аққан, қара қарғаның миы қайнайтын қырық күн шілдеде кенезесі кепкен даланың таңдайын жібіткен, өсімдік атаулының бойына нәр берген тамаша шағын көнекөз қариялар бүгінде сағынышпен еске алады.

Бүгінгі булығып аққан бұлақ­тар туралы сөз сабақтамас бұрын алдымен өңірдің сулы, нулы жер екендігін айта кетелікші. Шын мәнінде су байлығы жетіп жатыр. 1959 жылы жарық көрген «Тың аймағындағы жерүсті су қорлары» деп аталатын ғылыми жинақта Көкшетау өңірінде ғана 1 515 көл болғандығы айтылады. Тананың көзіндей мөлт-мөлт етіп жататын осы көлдердің 1 320-ы суы балдай тұщы көл болған екен. Ал  біз індете іздеп, ізін қаузап отырған бұлақ ше? Тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде қара жердің қыртысын қопарған соқаның тісі жапқан, малдың аяғы басқан, табиғатқа жаны ашымайтын адамдардың зияны тигендіктен көзі бітелген бұлақтар қанша? Бүгінгі күні нешеуі ағып жатыр? Тақырыпты індетіп, табиғатқа тікелей қатысы бар ұжымдарға хабарластық. Өкінішке қарай, бұлақ тақырыбы біржола жабылған екен. Баяғыда бітелген көзімен бірге.

Тамылжыған табиғаттың баға жетпес байлығы іспетті көлдердің қаншасы қалғандығын ешкім тап басып айта алмайды. Экоқұрылымның бір бөлігі, бөлігі болғанда да құндысы ретінде қадірлеп сақтаудың есте болмағандығы, қаншама байлықтың көзден таса, көңілден жырақ қалғандығы қынжылтады. Арнасы шағын көлдер жер бетінен мүлдем жоғалып кетті, жоғалып та жатыр, қайсыбірінің табаны тайыздалып, қамыс басқан қорысқа айналды.

Жазық даладағы көлдердің суы тайыз болып келеді. Осынау көлдерді қоректендіретін де қадам басқан сайын кезігетін бұлақтар еді. Бұлақтардың көзі бітеліп, тұншыға тартылуы көл суының тайызданып, құрғап қалуына әкелді. Әдетте таулы-қыратты өңірлердің көлдері терең, суы мол болады. Мұндай көлдерге Әулиекөл, Айнакөл, Зеренді, Шалқар, Имантау сияқты су айдындары жатады. Алайда, су қорын еселейтін бұлақ суы азайған соң бұл көлдердің арнасы тартыла түсуде. Тіпті мақтаулы Шортан, Қопа көлдерінің жағдайы да ақырып араша сұрарлықтай. Жалпы, көлдердегі су қоры оған құйылатын бұлақ суының мөлшеріне, жаңбыр мен қар суына байланысты екені белгілі.

Көл суларының ащы, тұщылығы қоршаған ортаның физика-геогра­фиялық, био­химиялық әсер етуіне байланысты. Көлге құйылатын су қорының тұз құ­ра­мына, қосылатын, не болмаса рә­суа болатын су мөлшеріне де қатыс­ты. Мұ­ның барлығын реттейтін бұлақ суы еді.

Бір кезде бұлақ сулары қоректен­дірмегендіктен, арнасы тайыздалып бара жатқан Бурабай бау­райындағы көл­дерді Сергеев су қойма­сынан келе­тін сумен толықтыру туралы ұсыныс та айтыл­ған. Ғалымдардың пайымда­уынша, бұл мүлде қате идея. Басқа эко жүйеден өзін­­дік микро организмдермен келіп қосылатын су көл суын мүлде өзгертіп жіберуі әбден ықтимал. Алдымен, ихтиологтардың зерттеуінен өт­кізу керек. Ең абзалы, бұ­рынғы біте­ліп қалған бұлақ көздерін ашу. Сонда ғана Бурабай баурайындағы су көздерін сақтап қалуға бо­лады. Жыл­дан жылға та­йыз­данып бара жат­қан көл­дердің бірі – Әулиекөл. Бұл көл 1956-1958 жылдары жан-жақты зерттеліп, ға­лымдардың пайымдауынша, «кәрі» көлдердің қа­тарына жатқылызған екен. Себеп, сол кездің өзінде көл табанын лай балшық ба­­сып кеткен. Әсіресе, оңтүстік-шығыс жаға­лау­лары. Осы бір өкінішті жай­дың себебі, тағы да бұлақ суының тартылуы­нан. Әсі­ресе, Иманай сарқырамасы бі­тел­ген. Оңтүстік-шығыс жағы­нан келіп құйы­латын Сарыбұлақтың да суы азай­ған. Сол себепті курортты өңірдің кескініне қылау түсіп, күміс көлдердің тағдыры қыл үстінде тұр.      

Қазақтың қаншама тарихы бұлақ басына байланған. Жер-жердегі атау­ларды ақыл таразысына салып жалғас­тыра қарайтын болсаңыз, өт­кеннің ізі өңірде сайрап жатыр. Табиғаты көр­кем Біржан сал ауданында да өзге өңір­лердегі тәрізді бұлақ көп болған. Сол бұлақтар арқылы орман-тоғай сың­сып өсіп, көк шалғын кісі бойындай қаулап жайқалатын. Көнекөз қариялар өткеннің өңді елесін осылайша еске алады. Сол бір көркем суретті, құнары арылмаған кезеңді сағынышпен көз алдарына елестетеді.

– Біздің Аңғал батыр ауы­лының тап іргесінде арнасы кең, суы мол бұ­лақ болып еді, – дейді Аңғал батыр ауы­­лының тұрғыны Төлеген Шәм­­шиев, – ауылдың жаны ғана емес, ма­лы да су ішетін. Ол кезде ел іші құдық қаз­байтын, бұлақ суымен кү­нелтетін. Қазір көптеген ауылдар ауыз су тапшылығын тартып отыр ғой. Ал ол кезде мұндай мәселе туын­даған жоқ. Өйткені халық таза, мөл­дір, дәмді бұлақ суын пайдаланды. Бұл бұлақ «Аңғал батыр бұлағы» деп аталатын. Заманында жеті рет қажы­лыққа барып келген Жанбатыр қажы тәріз­ді қасиетті адамдар су ішкен. Ел­дің үлкендері көктем шыға бұлақ маңын тазалап, абаттандыратын, кө­зін кеңейтетін. Жалпы, жер астынан шы­ғып жатқан суға тиісуге болмайды. Кө­зіне қоқыс, саз балшық түссе, жабылып қалуы оп-оңай. Ақыры солай болды. Қазір бұлақ ақпайды.

Тазаласа, ел ішіндегі көзі көр­ген адамдардан сұрас­тырып, жылғасын тауып алса, аршуға да болады екен. Мәсе­лен, Зеренді ауданындағы Көк­терек ауы­лында табиғат жанашырларының арқасында ақ түйенің қарны жарылған сүйінішті оқиға да болған. Көктерек те бұлықсып аққан бұлақтарымен аты шыққан көрікті өңір. Қарағайлы қалың орманның ішінде мөлт-мөлт етіп ағып жататын Қойбұлақ, Тасбұлақ, Көк­терек бұлағы. Бұлардың кейбірі әлі де бар. Ал ел іргесіне жақын, адам ая­ғы жиі ба­сатын өңірдегі кей бұлақтың көзі бі­телген. Ауылға кіре берісте, тай шап­тырым жерде табиғаттың тамаша бір сыйы – Әулиетас аталатын тас бар. Семіз жылқының қартасындай бұй­ра-бұйра болып жатқан Әулиетастың етегінде бұлақ болыпты. Бертінде бітелген. Ауыл адамдары да ұмытқан. Кейін осы ауылдың тумасы, ел жанашыры Жұмағұл Жол­дықов Әулиетасты қоршаған кезде бала кезінде көзі көрген бұлақ есіне түскен. Әлденеше жыл бойы көзі бітеліп, тұн­шығып жатқан Ақбұ­лақтың үс­тіндегі топырақты трак­тор­мен сырған кезде мөлдір су бұрқ ете түскен. Төңірек сыл­дырлай, сың­ғырлаған бұ­лақ суының күлкісіне толыпты. Жер бетіне шыға ал­май шерменде болып жат­қан мөлдір су еңіске қарай қуана-қуана жүгірді дейді. Ауыл ақсақалдары өзара ұйғарымға келіп, әлгі бұ­лақ­ты «Жұмағұл бұлағы» деп атау­ға бәтуаласыпты. Қой сойып, құрмалдық берген. Елін есінен шығармайтын аза­матқа ақ алғыстарын жау­дырған. Қазір жол үстіндегі жолаушы Жұмағұл бұлағына соғып, таң­дайын жібіткен сайын алғыс айтады.

Бұлақ басына байланған тарих соқпағында өзгеше қа­сиет дарыған, тылсым сырды ішіне бүккен тұс та аз емес. Мә­селен, осы аудан­да­ғы Жа­ңа­ту­ған ауылы жанын­дағы Әулиебұлақ.

– Ит тұмсығы өтпейтін қалың ор­ман­ның ішінде ағып жатқан осы бұ­лақтың бір өзіне байланысты қан­ша­ма аңыз бар, – деп еді осы ауылдың тумасы, ел аға­сы Болат Көшімбаев, – ілкі за­манда асқазанына дерт бай­ланған адамдар ат тұяғы же­тетін жерден әдейі келіп бұлақ суын ішсе, құлан таза жазылып кетеді екен. Демек ешкім зерттеп көрмеген су­дың құрамында әлдебір дә­румен заттар болғаны ғой. Түнде бұлақ төңірегіне жанарын қадаған адам жалтыл­дай жанып тұратын жеті шырақты көреді екен. Сон­дықтан да Әулиебұлақ атан­ған. Ұзақ сапарға шыға­тындар да бұлақ басына со­ғып мінәжат ететін болған. Ел іргесі сөгілмей тұрған кез­де бұлақ күтілетін. Қазір ауыл көшіп кетті де,­ қараусыз қалды. Ішің удай ашиды. Жаңатуған ауылының Ұлы Отан соғы­сына аттанған боздақтары да осы әулиелі жерге түнеп, майдан даласына аттанған екен.

Жақсы мысалды өрке­ниет­ті елдер­дің өрісінен із­дей­тін әдетіміз бар. Шетел­дік­тер әлдеқашан бұлақ басын абаттандырып, демалыс орнына айналдырған. Ал біз барымызды тү­гендей алмай жүрміз...