Бішкекте ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын қорытындылауға арналған іс-шаралар өтті. Қырғыз Республикасының Ұлттық кітапханасындағы Абай атындағы қырғыз-қазақ мәдени орталығындағы алқалы жиынмен басталды.
Жиынға Қазақстаннан арнайы сапармен келген Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бастаған мәдениет қайраткерлері және өнер адамдары, қырғыз тарапынан Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Қайрат Иманалиев бас болған өлкедегі мәдениет саласының жетекшілері қатысты.
– Кейінгі жылдары қазақ-қырғыз қарым-қатынастары кең өріс алды, оның ішінде мәдени байланыс нығая түсті. Біз орталықты аралап көріп, оның кеңдігіне, жасалымына дән риза болдық, – деп сөзін бастаған министр Ақтоты Райымқұлова биыл Қырғызстанда өтетін Қазақстанның мәдениет күндері екі елдің достығын бекемдеуге айтарлықтай үлес қосарын айтты. 2022 жылы біз Қазақстанда қырғыз мәдениетінің өкілдерін күтетін боламыз, – деді министр.
Абай шығармаларының қырғыз еліне, қырғыз әдебиетіне тигізген ықпалына тоқталған министр Қайрат Иманалиев жақында болған екі мемлекеттің басшылары кездесуінің аясында Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігімен өзі жетекшілік ететін министрлік арасында ынтымақтастықты дамыту туралы келісімге қол қойылғанын, Қазақстанның мәдениет күндерінің Қырғызстанда өтуіне байланысты даярлықтар жүргізіп жатқанын атап өтті.
Қазақстанның Қырғызстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Нұрпейісов былтырғы Абай жылының аясында кітапханада Абай орталығының ашылуы бауырлас екі елдің рухани өміріндегі зор оқиға болғанына тоқталып, осындай орталық барда Абай насихаты жалғаса беретініне сенім білдірді. Сондай-ақ елші Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы ұлттық кітапханалардың Абай орталығына 500-ден астам кітапты тарту етуге бастамашы болған министр А.Райымқұловаға ризашылығын білдірді.
Жиында сөз сөйлеген Қырғыз Республикасының халық әртісі, Қырғыз ұлттық академиялық опера және балет театрының директоры Керім Тұрапов екі елдің достығын нығайтуда мәдени байланыстар басқа салалардағы қатынастарға қарағанда өте маңызды екенін, Қырғыз ұлттық академиялық драма театрының жетекшісі Асылбек Өзүбеков өздерінің М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасын сахналауға әзірлеп жатқандарын айтты. Қырғыз кинематография департаментінің басшысы Мұқталы Бектеналиев Шыңғыс Айтматовтың шығармалары бойынша қазақ-қырғыз көркем фильмін түсіру жөнінде ұсынысын жасады.
Меймандар жағынан сөз сөйлеген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ақан Әбдуәлиев, Жеңіс Сейдоллаұлы және ақын-жыршы Баянғали Әлімжанов туысқан екі елдің бірлігін арттырудағы мәдениеттің рөліне тоқталды. Жиында Қырғызстанның «Достық» орденімен марапатталған манасшы Баянғали Әлімжановқа үлкен құрмет көрсетіліп, Президент Садыр Жапаров Нұр-Сұлтан қаласына барған сапарында оған орденді өз қолымен тапсырғаны айтылды.
Қазақстандық делегация Бішкектегі Шыңғыс Айтматовтың мұражай-үйіне барып, қаланың шетіндегі 1937 жылғы репрессия құрбандарына арналған «Ата-Бейіт» кешеніне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. «Супара» («Сыпыра») этнокешенін аралап көрді. Түс ауа қазақстандық меймандар Қырғызстанның бас телеарнасы ҚТРК-да тікелей эфирде бір сағат қонақ болды.
Іс-шаралар кешқұрым А.Малдыбаев атындағы Қырғыз ұлттық академиялық опера және балет театрында жалғасты. Концерт басталар алдында Қырғыз Республикасы Президентінің аппарат жетекшісі Сүйүнбек Касмамбетов Президент Садыр Жапаровтың Абайдың 175 жылдығына арналған құттықтауын оқып берді. Онда Абай Құнанбаевтың өсиеттері қырғыз елінде кең тарағаны айтылған. Сондай-ақ ТүркСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов те құттықтау лебізін білдірді. ТүркСОЙ аясында өткізілген «Ақын Абайға мың тағзым» атты концертте Қазақстаннан, Өзбекстаннан, Түркиядан, Түрікменстаннан арнайы келген және Қырғызстанның өнер шеберлері Абайдың әндері мен шығармаларының желісі бойынша композицияларды көрермендерге тарту жасады.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ,
Қырғызстанның жалпыұлттық «Қырғыз Туы» газетінің қызметкері,
арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін
Бішкек