Облыс орталығында жалпақ жұрттың рухани сұранысын өтеп тұрған орынның бірі – облыстық әдебиет және өнер музейі. Музей қызметкерлері жаман тұмау жайлап тұрған уақытта да қол қусырып қарап отырмай, замандастарымыздың сұранысын өтеуге зор үлес қосып отыр.
Музей залдарындағы көпшiлiктiң назарына ұсынылған қазақ халқының ғасырлар бойғы шамшырағы болған ислам дiнiне қатысты қолжазбалар мен ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында жарық көрген көне кiтаптар, ерлiк пен өр намыстың нышанына айналған қазақ батырларының қару-жарақтары, ұлттық музыка өнерiнiң өшпес сарыны iспеттi ұлттық саз аспаптарының ондаған түрi, халқымыздың тұрмыс-тiршiлiгiнен сыр шертетiн ұлттық ыдыс-аяқтар, зергерлердiң әйел адамдарға арнап асқан ептiлiкпен соққан зергерлiк бұйымдары көрген жанның көңiлiне қуаныш сыйлап, мол рухани азық болары анық.
VIII-IX ғасырдан бастап қазақ даласында Ислам дінінің таралуына байланысты Баласағұн, Сығанақ, Исфиджап, Отырар, Яссы, Сауран тәрізді орта ғасырлық қалаларда мешіт, медреселер ашылып, түп негізі Құраннан бастау алатын діни-ағартушылық бағыттағы және тарихи сипаттағы кітаптар жарық көре бастаған. Әдебиет және өнер музейі қорында бүгінгі күнде жүзден астам әр жылдары әр қалалардан басылып шыққан жүзден астам діни кітаптар сақталуда.
Құнды дүниенің бірі – Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» кітабының қолжазба көшірмесі. Шамамен XVI-XVII ғасыр. Кітап қазақ, өзбек, түрік тілдерінде жарық көрген болатын. XVI-XVII ғасырлардың аралығында Бұхар қағазына түсірілген. Шағатай тілінің қыпшақ диалектісінде жазылған. Бұл қазіргі қазақтың әдеби-жазба тіліне өте орайлас дегенді білдіреді. Бұрынғы нұсқалар негізінен оғыз диалектісінде (қазіргі өзбек тіліне жақын) жазылған екен. Музейдегі осы қолжазба нұсқа ең ескі әрі сирек кездесетін үлгі. 90 беттен тұратын қолжазбаны толық аударған жағдайда бұрынғы мәлім болған 3 нұсқамен салыстырулардың нәтижесінде транскрипциялық, мәтіндік, көркем поэтикалық үлкен айырмашылықтың, өзгешеліктің бетін ашуға болады және бұл қолжазба қазақ әдебиеті үшін де, тіл тарихы үшін де, ежелгі діни-философия үшін де теңдессіз құнды, маңызды рухани мұра болып табылады.
«Қисса-сүл-әнбийя-и» кітабы. Рабғұзи – XІІІ ғасырдың аяғы мен XІV ғасырдың басында көне түркі тілінде ірі туындылар әкелген тұлғалардың бірі. «Қисса-сүл-әнбийя-и» еңбегі 72 пайғамбар өмірінің тарихы жайында. Қиссаның негізгі мазмұны Құран мен Інжілден алынған. Өйткені әр пайғамбардың тұсында қандай аяттардың түскеніне дейін нақтылы көрсетіліп отырады. Әрі сол пайғамбарлар заманындағы халықтың сана-сезімі қандай дәрежеде болғандығы һәм ислам дінін сол замандағы халыққа таратудағы қиындықтар мен соғыстар, сергелдең мен жеңістер жайлы кең мағлұмат береді. «Қисса-сүл-әнбийя-и» моғол-татар тілінде 1903 жылы Қазан шаһарында Кәримовтер баспасынан жарық көрген. Бірақ аталмыш тәржімада 24 пайғамбардың ғана өмір тарихы сөз болады. Яғни жоғарыдағы Рабғұзидың қаламынан шыққан 72 пайғамбар санына жетпейді. Құранда 24 мың пайғамбар, 33 мың сақаба дейді. 1903 жылы жарық көрген «Қисса-сүл-әнбийя-и» аудармасының алғы сөзінде:
«Қисса-сүл-әнбийя-и» кітабы Рабғұзи жазбаларынан тәржімаланып отыр. Кітапқа енбей қалған пайғамбарлар тарихын біз Қазы тәпсірі мен Жәлелин тәпсіріне мұражағат қылып (сүйеніп), бұ екі тәпсірде болмағанын Нәзһәтүлмүжәліс кітабынан алып «Һарот уа Марут» қиссасын және Дәуіт ғалайһи уәссәләм қиссасымен моғол тілінен тәржімалап, мүмкіндігімізше толықтыруға еңбек еттік» деп жазылған.
Исләм Қазан баспасына тапсырушылар: Мәтржам дамолла, Ғабдұлғұлам хазреті, Шарифиддин молла. Кітаптың жарық көруіне Петербор цензурасы тарапынан 1903 жылы 13 маусымда рұқсат берілген. Рабғұзидың «Қисса-сүл-әнбийя-и» жазбасы Құран Кәрім мағынасын түсінуге, қасиетті Құранның ақиқат екеніне еш шүбә келтірмей, ислам дінінің дамуына қызмет еткен өз заманының сүбелі дүниесі. Бүгінгі ұрпаққа жеткен рухани қазына.
Көкшетау