• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Өнер 16 Наурыз, 2021

Музыка өнерінің қарашаңырағы

932 рет
көрсетілді

Ахмет Жұбановтың музыканттар алдында дирижер таяқшасын көтерген алғашқы күннен бастап Құрманғазы оркестрі қазақ күйінен классикаға дейін небір шоқтығы биік шығармалардың жұлдызын жағып келеді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жаңа заманға лайықты өркениетті ел болуға ұмтылыс жолында, тарихи қалыптасу кезеңінде оркестр ұжымы өркенді өзгерістерді бастан кешірді.

Бірегей әрі тұңғыш оркестр

Оркестрдің қалыптасу тарихына көз жүгіртер болсақ, 1934 жылы халық өнерінің қайраткерлерімен бірге өткізілген Бүкілқазақстандық слетте алғашқы өнер жолын бас­таған домбырашылар ансамблі бү­­гін де ұлттық музыка мәде­ние­­тінің мақтанышына айналып отырғанына куә боламыз. Алматы му­зыка-драма техникумына Ле­нинград көркемөнер зерттеу ака­демиясының аспиранты А.Жұбанов пен Е.Брусиловскийдің арнайы келуімен аталған оқу орнының өмірі жаңаша сипатта өзгере бастаған еді. 1933 жылы А.Жұбановтың ұйымдастыруымен құрылған 11 адамдық домбыра ансамблі аз уақытта жұртшылыққа тез таныла түсті. Осылайша оркестрдің тарихи тамыры ҚазССР Ағарту халкомы бұйрығымен Ахмет Жұбанов оркестрдің дирижері және көркемдік жетекшісі болып тағайындалған кезінен бастау алып, біржола беки түскен еді. 1936 жылғы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің он күндігінде Үлкен театр сахнасында өнер көрсеткен жас оркестр жайында «Правда» газеті былай деп жазды: «Сарыарқа» күйі орындалды. Музыканттар но­тасыз тартты. Солай болса да Құр­манғазының күйін өте көр­кем, жағымды етіп, орындады. Мұнда құлаққа әрең естілетін шөптің сыбдыры, кең далада келе жатқан жалғыз жолаушының әні, аспанда қалықтап жүрген бүркіттің қанатының суылы бар...». Мәскеудегі он күндік оркестр ұжы­мын шабыттандыра түсіп, репертуарды жаңа шығармалармен ба­йыту, орындаушылық ше­бер­­ліктерін шыңдау сынды жұ­мыстарға құлшына кірісті. Ал құрылғанына 10 жыл толуына орай оркестрге халық ұлы Құр­манғазының есімінің берілуі өр­кениетті дәстүрдің мәдени ма­ңызын айшықтай түсті. Көр­некті музыка зерттеушісі А.Жұбановтың айтуынша, оркестр репертуарының негізін құ­раған Құрманғазы күйлері еді. Дәулескер күйшінің төл шәкірті Дина Нүрпейісова бастаған күй­ші-орындаушылар Махамбет Бөкейханов, Оқап Қабиғожин, Қали Жантілеуов, Лұқпан Мұ­хитов, Науша Бөкейханов, Ғаб­дулман Матов сынды өнер майталмандары тұңғыш оркестрдің алғашқы қарлығаштары еді. «Құрманғазы күйлерінде, бас­та жалғыз домбыраға арналып шығарылғанымен оркестрлік қасиеттер күшті. Көбі «мені оркестрге түсіріп тарт» деп тұр. «Кө­­бік шашқан», «Ақбай», «Кіш­кентай», «Алатау» жеке домбырада тартқанда қалай дегенмен шықпайды. Ал «Сарыарқа» тек оркестр үшін жаралған сияқты», деген А.Жұбанов пікірінен оркестрдің шығармашылық беталысы, бейнесі айқындала түседі.

Әлемдік деңгейдегі ансамбль

Көрерменнің көңіл пернесін дөп басқан оркестр 1950-жылдардан әрі қарай алыс шетелдерге кең таныла түсті. Бұл кезеңді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркебұлан Мүсіреп былайша еске алады: «Шамғон Қажығалиев басқарған тұста оркестр шарықтау шегіне жетіп, атақ-даңқы бүкіл әлемге әйгілі болды. Мәселен, 1957-жылдың көктемінде оркестр ҚХР-ға гастрольдік сапармен барып, Пекин, Шанхай, Нанкин, Шеньян, Харбин қалаларында концерт берді. Қалай болғанда да, сол сапарда оркестрге және оның көркемдік жетекшісі, бас дирижері Ш.Қажығалиевке «тамаша оркестр, талантты дирижер» деген айдар тағылды». Бұдан соң Қазақстанның шетелдердегі мәдениет күндерінің өтуі тұрақты дәстүрге айналып, Венгрияда, Финляндияда, Польшада, Чехо­славакияда, Франция мен Ита­лияда, Еуропаның сексенге жу­ық қалаларында концерттер беріп, жаңа дәуір музыкасының жұл­дызын жақты. Оркестрде аттай 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан ардагер дирижер Жанас Бекентұров Ахмет Жұбановтан бергі дирижерлерді түгел көрген. Жастайынан оркестрдің домбыра тобына келіп, кейін дирижерлыққа ауысқан тәжірибелі музыкант Шамғон Қажығалиевтің төл шәкірті. «Оркестрдегі еңбек жолым 1979 жылдан басталады. Ол кезде консерваторияда 2-курс­ты енді тәмамдап жатқан студент кезім. Дирижерлық мамандық бойынша Шамғон ағаның сыныбында дәріс алып жүрдім. Соңында мені оркестрге алып келіп, жұмысқа қабылдады. Құрманғазы консерваториясын домбыра және дирижерлық мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Содан бері осы оркестр құрамында толассыз еңбек етіп келемін. Әуелі домбыра тобында ойнадым. 1991 жылы бас дирижер болып Айтқали Жайымов келді. Сол кезде мен де дирижерлық мамандыққа көштім. Көптеген шет мемлекетке сапарладық. Құр­манғазы оркестрінің бармаған жері жоқ қой», деп еске алды Қазақ­станың еңбек сіңірген қай­раткері Жанас Бекентұров. Бұл ретте әйгілі композитор Тихон Хрен­никовтың «Құрманғазы оркес­трі, ол – біртұтас сапалық бол­мысымен әлемдік деңгейдегі ан­самбль», деп сүйсіне бағалаған байсалды лебізі ардагер пікірінің астарын аша түскендей.

Қазақ күйінен классикаға дейін

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі оркестр ұжымының беталысы жаңа кезеңнің қиындығына тура келді. Дәл осы шақтарда оркестр басшыларынан бастап, талантты жастардың басын біріктірген ұжым құрамы түгел жаңарды. Ди­рижерлыққа күйші, композитор, Айтқали Жайымов, директорлыққа Ерке­бұлан Мүсіреп тағайындалып, қолда бар мүмкіншіліктермен шығармашылық даму жолын одан әрі жалғастырып әкетті. «Уа­қытша қиындықтар мен қаржы тапшылығына қарамастан, оркестр ұжымы көптеген игілікті іс-шараны жүзеге асырды... Шығармашылық мүмкіндігін де даралай танытып, үлкен ұжым­ды дөңгелете үйіріп әкету, шеберліктің биік тұғырына шығару Айтқали үшін оңайға түскен жоқ. Ол әуелі оркестр құ­рамының сахнада орналасу тәртібі жүйесінен бастап, бүкіл ре­пертуарын қай­та қарап шығып, бірсыпыра ш­ы­ғармаларды қайта өңдеу, бұрын енбеген халық шығармаларын оркестрге лайықтап түсіру, Қазақстан мен шетел композиторларының жаңа және тың классикалық шы­ғармаларын репертуарға енгізу, музыкалық аспаптар түрлерінің аясын кеңейту, музыканттардың шеберліктерін шыңдау тәрізді қыруар жұмыстарды абыройлы атқарды», деген Еркебұлан Мү­­сірептің естелігінен оркестр ты­нысының ашыла түскенін көреміз. Дәл осы егемендік алған жылдары қазақ мәдениетінің қайта түлеу тұсында оркестрдегі еңбек жолын бастаған Мәдениет қайраткері Мақ­сат Тілепберген қазақ ән-күй мұрасының өрлеу жолы, сол тұстағы оркестр ұжы­мының із­денісі жайында газе­тімізге қуана әң­гімелеп берді.

«1995 жылдың ақпан айынан бастап оркестр басшыларының шақыруымен қызметке келдім. 1996 жылы Мәдениет министрінің бұйрығымен «Қазақконцерт» гас­троль бірлестігінен «Самал» және «Жазира» ансамбльдерімен қоса бірнеше әнші мен күйші осы оркестрге түбегейлі ауыстық. Ол кез еліміздің тәуелсіздіктің ал­ғашқы бес жылдығын бастан өткеріп жатқан кезі еді. Қазақстан Республикасы бірнеше елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, саяси-экономикалық жағдай орнығып жатқан. Сондай жоғары деңгейдегі кездесуден соң болатын үкіметтік концерттердің шымылдығын, ылғи біздің оркестр ашатын. Әсіресе шет мемлекеттерде орнымыз ерекше. Өйткені олар біздің ұлттық киімдеріміз бен аспаптарымызға таңғала қарайды. Биші қыздарымыздың мың бұрала билеген билеріне қызығып, орындайтын күйлерімізді естері кетіп тамсана тыңдайтын. Жалпы, ор­кестр ұжымы еліміздің тәуел­сіздігінің орнығуына айтарлықтай үлес қосты. Өйткені барған елдің музыкасын орындап, олардың сүйіс­пеншілігіне бөленіп, сол ар­қылы қазақ деген ұлттың таланты мен қабілетін танытатын. Бұл әрине өз кезегінде ұлтымыздың мерейін үстем етіп, өзге мемлекеттермен терезе теңестіруіміздің белгісі болатын. Ал енді өз елімізде оркестрдің орны тіпті ерекше, қай өңірге бар­сақ та оркестрімізді құшақ жая қар­сы алады. Репертуарымызда қай өңірдің болса да ән-күйлері молы­нан орын алған. Сонымен қатар тә­уелсіздік тақырыбына арналған шығармалар бірінші кезекте орындалады. Өйткені тәуелсіздігімізді баянды ету өнер адамдары, біздің де бас­ты бо­рышымыз», дейді музыкант. Өнерге деген шынайы жана­шыр­лығын сөзінен аңғартқан жақсы көңіл иесі оркестрдің осынша жа­сам­паздығының сыры (87 жыл) ір­ге­тасының мықтылығынан деп біледі.

Жақсы дәстүр жалғасуда

Бұл музыкалық ұжымның ірге­тасын қалауда өнер­дегі тұң­ғыш академигіміз Ах­мет Жұ­ба­нов, кеуделері күмбір­леген күй мен парасатқа толы небір өнер алыптарының қолтаңбасы қалды. «Әрине үкіметтің арнайы қаулысымен және сол замандағы Мәдениет министрі Темірбек Жүргеновтің үлкен қолдауымен дүниеге келгенін айта кету парызымыз. Егер А.Жұбанов «оркестр қанат-құйрығы мол коллек­тив» десе, ұжымның әрбір мүшесінің бір-біріне деген ілтипаты мен құр­метінің айрықша екендігін айтқан болар. Сол алыптардың көр­сетіп кеткен тамаша дәстүрі осы күнге дейін жалғасып ке­леді. Оркестр өзінің тарихи дамуында небір сындардан өтіп, ла­йықты атақ-дәрежелерге ие болды. Қазір ұжымның тізгіні та­лантты жастардың қолында. Қа­­зіргі жасарған, жаңарған құ­рамда небір талантты музыканттар отыр. Олардың әрқайсысы бірнеше дүркін халықаралық конкурстардың лауреаттары. Жо­ғарыда айтылған оркестріміздің тамаша дәстүрін, жастарымыз мүлтіксіз қабылдап, мінсіз атқарып келеді», деген Мақсат Тілепберген биылғы Тәуелсіздігіміздің 30 жыл­дығына оркестрдің тартуы да ерекше болатындығын жеткізді.

Латиф Хамиди, Фуат Мансуров, Лұқпан Мұхитов, Оқап Қабиғожин, Қали Жантілеуов, Махамбет пен Науша Бөкейхановтар, Жаппас Қаламбаев, Шамғон Қажығалиев, Роза Бағланова, Нұрғиса Тілендиев, Қаршыға Ахмедияров, Тұяқберді Шәмелов, Бибігүл Төлегенова, Ер­мек Серкебаев сынды майтал­ман өнер иелері еңбек еткен ең­селі ұжымның еңбегін Тұңғыш Президент – Елбасының әр кез асқақ бағалағаны жадымызда. Тұсында «Менің әншілік өнерімнің жұл­дызды шақтары халқымыздың профессионалдық ұлттық музыка өнерінің қарашаңырағы атан­ған, әлемге әйгілі Құрманғазы атын­дағы оркестр ұжымымен тікелей байланысты», деп ақжар­ма лебізін білдірген Бибігүл Тө­легенова сынды талай жұлдызды жарқыратқан даңқты оркестр ұжы­мында бүгінде сексеннен ас­там музыкант өнер көрсетіп келеді. Алғашқы күнінен бастап ұлт­тық және әлемнің классикалық шығармаларын орындап келе жатқан оркестрдің репертуарлық қорында 5000-нан аса туынды бар. «Дарын» мемлекеттік жас­тар сыйлығының лауреаты, бас дирижер Абылай Тілепберген Құрманғазы оркестрінің тізгінін қолға алса, директор Медет Ер­мекқалиұлы алдыңғы буын ағалар үлгісін ұстын етіп, болашақ бағыт-бағдарын айқындап келеді. Күй атасы Құрманғазының сара жолымен ұлттық музыка өнерінің мерейі мен мәртебесін асырып жүрген айбынды оркестр тәуелсіз Қазақстанның айдынды тарихында желкенді кемедей болып, жарқырай көріне бермек.