• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Наурыз, 2021

Жауапсыздық пен жалғандық жарға жығады

942 рет
көрсетілді

Қай дәуірде де адамды жарға жығатын – жауапсыздық пен жал­ғандық. «Өңкей жалған мақ­танмен, Шындық бетін бояй­­­ды», «Шыннан өзге құдай жоқ, Анық құдай – шын құдай», деген­ Абай мен Шәкәрім сөздері жады­мызда жаңғырып тұр.

Егемен ел болғалы бері қабыл­дан­ған бағдарлама, берілген уәде аз емес. Бірақ жері бай елдің өнім өндіру, білім беру, денсаулық салаларында «әттегенайлар» аяқтан аямай шалумен келеді. Бұл істе тура жол­дан тайып құлап, шалқасынан түсіп жатқандар да, айдалып кеткендер де баршылық. Әйтсе де қылғытып жі­бе­ретіндер, жұта салатындар азаяр түрі жоқ. Ондайлар халықтың ал­ғыс­ын емес, наласына қалуда. Аш­көздер мен қара басының қамын күйт­те­ген­дердің жат қылығы туралы Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев «Масқара жағдай» десе де, тас керең­дер мен көзі тұманданғандар тыйы­лар емес. Тіпті сыбайласып алып, жы­лан көзденіп жымқыруын қояр түрі жоқ. Сонда олардың елдікті қара ба­сы­ның қамынан жоғары қоюға ар-ұж­даны жетпей ме, әлде нысаптан айы­рылып, ұяттан әбден безген бе? Жергілікті жерден бастап, жоға­ры билікке дейінгі аралықта қолға түсіп жатқандар жетіп артылады. Мұндай қылық азаттықтың бетіне қонған шіркей ғана емес, бабалар аманаты саналатын мемлекеттілікті ұғынбау емес пе екен деген күдікті ойды қоюлататын тәрізді. Бұларды кейде қой дегенді ұқпайтын «ерке бала» ма дейсің. Кім үшін болса да тәуелсіздіктен артық қандай құн­ды­лық болуы мүмкін? Әсіресе қазақ үшін. Жемқорлық бүкіл әлемде бар деп ақталғандай боламыз. Қазаққа былай ақталам деу – елдікке қауіп.

Жауапсыздық пен жалғандықтан кім зардап шегеді? Халық. Таяуда Семей өңірінен келген кейуанамен дастарқандас болдық. «Шүкір, ел­дегі балаларым жүздеп жылқы, сиыр өсіріп отыр. Алайда мыңдап санай­тын қора-қора қойды құртты», деді. «Неге?» дейміз. «Е-е, жүні пұл болу­дан қалды, терісі керек емес, үйін­діге айналды. Сиыр мен жылқы терісі де шіріп жатыр. Содан 20-30 қой­дан басқасын сатып жіберді», деп тоқ­санға таяған ана терең күрсінді.

Кейуана айтқан жүн мен тері – сөз жүзінде айтылғанымен, орындалуы оңалмай келе жатқан жеңіл өнер­кәсібіміздің таптырмас өнімі екені белгілі. Ал базарға барсаң, дүкенге кірсең, төрткүл дүниенің өнімі самсап тұр, жеміс-жидегің де солай. Бас­қа­ларды айтпағанда, қырғыз бен өз­бек бауырлар барын бағалап жатыр. Амалың қайсы, аласың. Сөйте тұрып ақша шетке кетіп жатыр, бұл қалай дейміз. Одан соң түрлі сылтауларды алға тартқан боламыз.

Өзекті жалғайтын өнімді байта­ғымызда өсіре алмасақ, қойдың терісі мен жүнін кәдеге жарата алмасақ, ол үшін кімді кінәлаймыз?

Бүгінгі бүтін Германия сұрапыл соғыстан кейін екіге жарылып, халқы дағдарып қалғанда, зиялы қауымы немістік патриотизммен жұртына үн қатып: «Есіңде болсын, неміс аза­маты! Бұл тек неміс ұлтының ғана қолы­­нан келеді!» дейді де, он тармақ­тан тұратын қағиданы алға тартады. Бірін­шісі, алдымен ел мүддесін ой­лау­ды қадап айтып, сыртқа ақша жібер­сең, еліңе зиян келтіргенің, сон­дықтан қолыңдағы барыңды неміс саудагеріне ұстат, герман жерін қорлама, қасиетін ұқ, дастарқаныңа сол жердің өнімін қой, еш уақытта шетел тауарына қызықпа, герман аза­ма­ты­ның керегін Германия шығара алады деген аталы сөздерін айтады. Сөй­тіп елдің рухын көтеріп, іргесін бекітеді. Екіге жарылған неміс жұрты сол ұлттық рухын қамшылап жүріп, көз алдымызда бірігіп, мықтылығын төрткүл дүниеге танытты емес пе?!

Бүгінгі жоғары лауазым иелерінің кейбіреулерінің оқығаны бар бол­ғанымен, тәжірибеден тоқығаны кем соғып жатады. Әсіресе шетелдік білімді елдік менталитетпен үйлестіру жағы жетіспейтіні бар. Бұл туралы өз заманында АҚШ президенті Томас Джефферсон қадап айтып, оқып келгендердің Еуропа деп емініп тұра­ты­нына өкініш білдіріп, маманды өз елінде даярлау қажет екенін дәйек­теген. Ауылды атүсті білетін, қалада оқып, қалада жетілген азамат қа­рапайым халықтың тірлігін толық ұға бермейді. Оның үстіне біразының тілі шұбар. Бір тілекті ұққанмен, екіншісін шала түсінеді. Бала кезінен жер басып өс­пегені, тас көшенің өзімшіл тәртібі және бар. Кейде жоғарыға жауап­сыз жал­ған мәліметтердің берілуіне осындай жайлар да себеп болуы мүмкін ғой.

Көрші Қытай елінде бір ақталған ақиқат бар. Ол – төменгі буындағы қызметкерді жоғары тұрған органға жіберу арқылы, қағазбен жұмыс істеуге дағдыландыру. Бұл маманның өзі білетін шаруаның орындалуын қада­ғалап, тиісті орындарға жет­кіз­­генде сақтық танытуға септігі тие­тін болса, жоғарыдағы кадрлар­ды төменге түсіріп, нақты өмір ағы­сында, яғни өндірістегі, ауыл шаруа­шылығындағы, бір сөзбен айтқанда, төрт қабырғаның ортасындағы жылы бөлмеде отырып билік айту емес, жылдың төрт мезгілін түгел танып білетін, көзбен көріп, қолмен ұс­тайтын дәрежедегі еңбекке баулу. Осы екі жағдайда жауапсыздық, жал­ған­дық болмайтыны анық. Әр сөз, әр мәлімет көкейде соқырға таяқ ұс­тат­­қандай сайрап тұрады. Ол олай емес, былай деп түзетуге мүмкіндік береді. Қытайдағы сол тәжірибенің оң нәти­жесін Аспанасты еліне барған бір сапарда көрдік.

Отырған орнының құлы болып, аз сәттік абыройымды төгіп алма­йын деп, сөз естіп, беделімді тү­сір­­­мейін деп, елдік істі атқаруда халық куә болып отырған жұмысты ертең қатырам деп, бұра тартып, жауап­сыздыққа салынып, жалған мәлі­метке құру осы күндері аз кез­деспейді. Қай­талап айтамыз, бұл халық сенімі­нен айырылуға әкеліп тіреуде. Сенім­сіз­діктің арқауы осында жатыр. Бұл кеселден құтылмай, ел өркені өсіп, Қазақ елінің мерейі биіктей қой­май­ды. Қай-қайсымыз да бұл тұр­ғы­да Президенттің ашық та, ашына да айтып жүрген сөздеріне адалдық та­ны­туға тиістіміз. Бұл адалдық ел­ді­гі­міздің іргетасын бекіте түседі. Жаһан­дық тайталаста тамырымызды тереңдетуге, ұлт тарихының баянды болуына, арғы-бергі алыптардың арман-тілегінің шайқалмай орындалуына, аманаттың ақталуына жол ашады. Мұндай мемлекетшілдік қағиданы ту етіп көтергенде «Білекке сенген заманда, Ешкімге есе бермедік. Білімге сенген заманда, Қапы қалып жүрмейік», деген Абылай хан сөзіне бағып, «Ниетіңді түзе, ол ойыңа айналады; Ойыңды түзе, ол сөзіңе айналады; Сөзіңді түзе, ол әдетіңе айналады; Әдетіңді түзе, ол мінезіңе айналады; Мінезіңді түзе, ол тағдырыңа айналады», деген халық даналығына ден қойып, тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін құрметтеу жолында жалған­дықтан арылып, тірлік қамын сылтауратудан, жалт беріп кетуден әр қазақ сақтанса, ел иесі екенін санасында жаң­ғыртып, ескі әдеттен арылса, бү­гінгі сара жолымыз ұлтымыздың ер­теңгі дара жолына ұласары хақ. «Он­дай болмақ қайда деп, айтпа...», де­меп пе еді жаратылысы бөлек дана Абай?!