Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселесі қаралды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов баяндама жасады.
Биыл үш ірі жоба іске қосылады
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов атап өткендей, Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан индустриялық саясаттың нәтижесінде өңдеу өнеркәсібінің берік тұғырын құруға қол жеткізілді, бұл пандемия жағдайында саланың өсу қарқынын сақтауға мүмкіндік берді.
«Биыл біз ферроқорытпа, құрылыс арматуралары, болат құбырлар, темір және марганец кенін қайта өңдеу өндірісін арттыруға мүмкіндік беретін 6 жобаны іске қосамыз. Жоспарланған өсімге қол жеткізу үшін мүдделі мемлекеттік органдармен және бизнеспен бірлесіп, отандық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ететін реттеуші тетік әзірленеді. 2025 жылға қарай өндіріс көлемі жылына 4 млн тонна болатқа жеткізіліп, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының негізгі техникалық қуатын жаңғырту жұмыстары аяқталады. Салынатын инвестиция көлемі – 1,3 трлн теңге», деді Б.Атамқұлов.
Түсті металлургияда 2021 жылға жоспарлы көрсеткіш – 104,5%. Мырыш өндіру көлемі – 18,6%, қорғасын – 18,8%, мыс концентраты – 9%, алюминий 6% ұлғайтылады. «Bloomberg болжамына қарасақ, қысқа мерзімді перспективада түсті металдардың барлық түрі бойынша баға көтерілуі тиіс. Осыған байланысты номиналды мәнде түсті металлургия өндірісінің өсімі 13% деңгейінде болжанып отыр. Бұл өндірістің жоспарланған көлемін қамтамасыз етеді. Өндірістің қосымша көлемі Жәйрем кен байыту кәсіпорнын, Қазминералс Ақтоғай-2 және Сәтбаев тау-кен байыту кәсіпорнын, сондай-ақ алтын шығару фабрикаларын іске қосады» деді ведомство басшысы.
Титан өндірісі бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі – Өскемен титан-магний комбинатын шикізатпен толық жүктеу үшін ЕЭК шеңберінде титан шикізатына салынатын кедендік баждарды алып тастау бойынша жұмыстар жүргізіледі. 2025 жылға дейінгі мерзімде Алматы облысында Көксай мыс кен орнын игеру жобасы іске асырылады. Оның қуаты жылына 25 млн тонна болады және Павлодар қаласындағы қуаты 250 мың тонна бастапқы алюминий болатын «Қазақстандық электролиз зауытының» екінші кезегі салынады.
Химия өнеркәсібінде нақты көлем индексінің саладағы үлесі 57%-ды құрайтын ірі кәсіпорындардың өндіріс көлемінің ұлғаюы есебінен 102%-ға жетуі тиіс. Машина жасау саласында да өсім болады деп жоспарланған. Нақты көлем индексі 113%-ды құрайды. Негізгі өсім машина жасау саласындағы үлесі 35%-ды құрайтын автомобиль құрастыру секторы есебінен болады. Биыл фармацевтика саласының өндіріс көлемі 105% деңгейінде жоспарланған. Негізгі өсім дәрі-дәрмек өндірісінің 10,2%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етіледі. Коронавирус инфекциясына қарсы вакцина өндірісін және 5 жаңа өндірістік қуатты іске қосу оң әсер етеді. Жеңіл өнеркәсіп бойынша жоспарланған нақты көлем индексі – 105%. Тоқыма өнімдерін өндіру көлемі 6%, оның ішінде мақта-мата иірім жібі – 50%, мата – 14%, кілем – 19%, киім – 11%, тері 30,4%-ға ұлғаяды. Құрылыс материалдары өндірісінде нақты көлем индексі 106% деңгейінде жоспарланған.
«Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібі көлемін 2025 жылға қарай 1,5 есеге арттыру жөніндегі тапсырмасын жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп орындаймыз. Қазіргі уақытта біз өңірлер мен салалар бойынша 2025 жылға дейінгі өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі бойынша жоспарлы көрсеткіштерді айқындадық», деп түйіндеді Б.Атамқұлов.
Өз кезегінде Энергетика министрі Н.Ноғаев еліміздің энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында отын-энергетикалық кешен саясаты мұнай-газ химиясын дамыту бөлігінде өңдеуді тереңдетуге және ішкі нарықта бәсекелестікті дамытуға негізделетінін атап өтті. Биыл 17 млн тонна көлемінде мұнай өңдеп, 12,4 млн тонна мұнай өнімдерін өндіру жоспарланған.
Ел Президенті 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында батыс өңірлерді мұнай-химия кешендерінің құрылысына инвестициялар тарту орталықтары ретінде қалыптастыру, сондай-ақ мұнай-химия мен жоғары бөліністі газ өңдеуді дамыту міндетін қойды. «Соңғы 4 жылда шығарылған өнім көлемі 4 есе өсіп, 360 мың тоннаны құрады. Бүгінде елімізде жалпы қуаты шамамен 870 мың тоннаны құрайтын майлау материалдарын, полипропилен, метил-трет-бутил эфирін, бензол мен параксилол өндіретін 5 зауыт жұмыс істейді», деді Н.Ноғаев.
Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы шеңберінде Атырау, Орал және Шымкент қалаларында мұнай мен газды терең өңдейтін 5 зауытты іске қосу арқылы экспортқа бағытталған мұнай-газ химиясы өнімдерінің өндірісін 2019 жылмен салыстырғанда 9 есеге ұлғайту көзделген. Бүгінде 3 зауыт салынуда.
Бұдан басқа, 2025 жылға қарай 2 әлеуетті жобаны іске асыру жоспарлануда. Олар – қуаты жылына 430 мың тонна полиэтелентерефталат өндіру зауыты; қуаты жылына 130 мың тонна метанол өндіру зауыты.
Арнайы экономикалық аймақ іске қосылғаннан бастап 2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша: тартылған жеке инвестициялар көлемі – 598,3 млрд теңге, шығарылған өнім көлемі – 20,3 млрд теңге. 793 адамға тұрақты жұмыс орны, 3 002 адамға уақытша жұмыс орны құрылды.
Мемлекет басшысы қаңтар айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында іске асырылып жатқан мұнай-газ химиясы өндірістерін жеделдету жөнінде шаралар қабылдау, сондай-ақ әлеуетті инвесторлар үшін тартымды жағдайлар жасау міндетін қойды. Осыған орай Үкімет пен Инвестор арасында мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын бір құжатта біріктіруге мүмкіндік беретін инвестициялық келісім әзірлеу қажет. Аталған келісім мынадай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді: Мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 2025 жылға қарай 5,5 есеге артып, 2 млн тоннадан астам өнімді құрайды. Мәлімделген жобаларды іске асыру үшін тартылған қаражаттың жалпы көлемі шамамен 3,9 млрд долларды құрайтын болады. Құрылыс кезеңінде 6 мыңнан астам жұмыс орны, пайдалану кезеңінде шамамен 2 мың жұмыс орны құрылмақ. Бұл ретте сарапшылардың бағалауы бойынша, мұнай-газ химиясы саласында 1 жұмыс орны экономиканың аралас салаларында қосымша 3 жұмыс орнын құрады.
Қуаты жылына 1 250 мың тонна полиэтилен өндіру жобасы бойынша бүгінгі таңда стратегиялық серіктесті іздестіру жұмысы жүргізілуде. Қазіргі уақытта Chevron Phillips Chemical компаниясымен келіссөздер басталды, ол өзінің «MarTECH» лицензиялық технологиясын және off-take келісімшартын сүйемелдеуге қатысты көмегін ұсынды. Ынтымақтастық, оның ішінде жобаға қатысу туралы егжей-тегжейлі мәселелер жақын арада талқыланады.
Президент тапсырмасы бойынша биыл Қашаған кен орнының шикізаты базасында қуаты 1,150 млрд текше метр шикі газ, құны 860 млн долларды құрайтын газ өңдеу зауытының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Болашақта оны жылына 4-5 млрд текше метрге дейін одан әрі кеңейту қарастырылуда.
Даму серпінді болуы тиіс
Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Асқар Мамин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына және Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес, Үкімет алдына 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібі өндірісін 1,5 есеге ұлғайту міндеті қойылғандығын атап көрсетті. Биыл қара металлургияның 5%-ға өсуін қамтамасыз ету жоспарлануда, оның ішінде ферроқорытпа өндірісін 10,4%-ға, болатты 17%-ға және прокат өндірісін 19%-ға, түсті металлургияны 4,5%-ға, оның ішінде мырышты 18,6%-ға, қорғасынды 18,8%-ға, мыс концентратын 9%-ға, алюминийді 6%-ға арттыру көзделген. Химия саласында фосфор тыңайтқыштары, аммофос, аммиак селитрасы және хром қосылыстары өндірісінің өсуі күтілуде.
Машина жасауда автомобиль жасауды (+29%), темір жол вагондарын (+180%), ауыл шаруашылығы техникасын (+58%) және аккумуляторларды (+10%) қоса алғанда, 13%-ға өсім күтіледі. Фармацевтика саласының өндіріс көлемінің өсуі 5% деңгейінде жоспарланған, бұл дәрі-дәрмектер өндірісін 10,2%-ға ұлғайту, коронавирус инфекциясына қарсы вакцина шығару өндірісін іске қосу және 5 жаңа жоба есебінен қамтамасыз етіледі.
Темір-бетон бұйымдары, кірпіш, цемент, құрылыс ерітінділері, жылу оқшаулағыш материалдар, гипсокартон өндірістерінің 16-11% ұлғаюы есебінен, жалпы құрылыс материалдары өндірісінде 6% деңгейінде өсімді қамтамасыз ету жоспарлануда.
«Биыл өңдеу өнеркәсібінің нақты көлем индексі көрсеткішінің 5,8% деңгейінде өсуіне қол жеткізуіміз керек. Машина жасауда, қара металлургияда, жеңіл өнеркәсіпте, фармацевтикада, тамақ өнімдерімен, құрылыс материалдарының өндірісінде өсімді әрі қарай қамтамасыз етуіміз қажет. Биыл жалпы сомасы 2 трлн теңгеге жуық 110 өңдеу жобасын енгізу керек», деді А.Мамин.
Үкімет басшысы өндірістік процестерге жаңа технологияларды енгізу жөніндегі әлемдік трендтерді есепке алудың маңыздылығын, цифрлы инновациялық шешімдерді енгізетін кәсіпорындарды қосымша ынталандыру шараларын, сондай-ақ жұмыс күшінің өнімділігі төмен секторлардан анағұрлым өнімді секторларға ауысуын ынталандыру шараларын қабылдау қажет екенін атап өтті. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды дамытудың 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспарын бекітті, оның негізгі басымдығы «мықты экономика» құру болып айқындалды. Стратегиялық салаларда ұлттық жобалар құрылатын болады. Мұнда өңдеу секторына ерекше назар аударылған», деді А.Мамин.
Премьер-Министр Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын орындаудың Жол картасына сәйкес 2025 жылға қарай экспортқа бағдарланған мұнай-газ химиясы өнімдері өндірісінің 9 есе өсуін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты Үкімет басшысы Энергетика министрлігіне «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-мен бірлесіп, биыл Атырау облысы мен Шымкентте үш мұнай-газ химиясы зауытын пайдалануға беруді тапсырды, бұл мұнай-газ химиясындағы өндіріс көлемін 400 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Халықты вакцинамен қамту жақсара түседі
Сондай-ақ Үкімет отырысында еліміздегі санитарлық-эпидемиялық жағдай қаралды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов баяндама жасады.
Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Асқар Мамин қазіргі таңда Қазақстанда, әсіресе, «қызыл аймаққа» кірген Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында және Батыс Қазақстан облысында коронавируспен сырқаттанушылықтың ұлғаюы байқалғанын атап өтті. Алматы, Қарағанды, Ақмола және Атырау облыстарында ауырғандар саны өсуде. Республика бойынша вирустың репродуктивтік көрсеткіші 1,1-ді құрайды. Жұқпалы аурулар ауруханаларының толуы 24%, реанимациялық төсектік орындарының толуы 16%-ды құрайды. Өткен тәулікте КВИ+ 954 жағдайы және КВИ- 7 жағдайы тіркелді.
Елімізде ресейлік вакцинаны шығару жолға қойылды және отандық вакцина да тіркелетін болады. Халықты вакциналау ақпан айында басталды. Қазіргі уақытта 95 мыңнан астам адамға вакцина салынды. Бірінші болып медицина қызметкерлері, содан кейін педагогтер, күш құрылымдарының қызметкерлеріне вакцина салынды. Вакцина алғандардың барлығының жағдайы жақсы, препаратқа қалыпты төзімділігін және жағымсыз реакцияның жоқтығын көрсетті. Сәуір айында вакцина алатындардың саны, оның ішінде аға буын өкілдері арасында айтарлықтай артады.
Үкімет басшысы вакцина алудың қолжетімділігін қамтамасыз ету және жаппай егу пандемиямен күресте басты міндет екенін атап өтті. «Вакциналау халықтың ұжымдық иммунитетін қалыптастыруға және инфекцияның одан әрі таралуын шектеуге мүмкіндік береді. Дәл осы фактор – пандемиямен күресте, сондай-ақ экономикалық өсімді қалпына келтіруде аса маңызды», деді А.Мамин.
Вакцина салынатындар санын ұлғайту мақсатында Премьер-Министр вакцинаны сақтау және тасымалдау үшін қажетті жағдайлары бар егу кабинеттерін қосымша ашуды, азаматтарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. «Әкімдіктердің сайттарында вакциналау, оның пайдасы, егу пункттерінің мекенжайлары туралы толық ақпарат жоқ. Халық арасында вакциналаудың маңыздылығы туралы дұрыс пікір қалыптастыру үшін жұртшылық пен медицина қызметкерлері арасында семинарлар ұйымдастыру қажет», деді А.Мамин.
Денсаулық сақтау министрлігіне осы жылдың наурыз айының соңына дейін егу пункттерінің дайындығын бақылау және вакцинаның қажетті мөлшерін уақтылы жеткізуге қатысты барлық мәселені шешу тапсырылды.
Өңірлердің әкімдіктеріне халықтың, әсіресе ұжымдарда және білім беру ұйымдарында шектеу шараларын сақтауын қамтамасыз ету, адамдар көп жиналатын ойын-сауық іс-шараларын өткізуге жол бермеу, Ішкі істер, Денсаулық сақтау министрліктерімен бірлесіп, мониторингтік топтардың жұмысын күшейту және тәртіп бұзушыларды қатаң жауапкершілікке тарту міндеттелді.
Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, ауру ошақтарында жедел шара қолданып, шектеу шараларын қайта қарау тапсырылды. «Науқастармен байланыста болған барлық адамға коронавирусқа тестілеу міндетті түрде жүргізіліп, олар бақылауда болуы керек. Бұл ретте күнделікті жүргізілетін ПТР-тестілеу деңгейі төмендемеуі тиіс», деді А.Мамин.