Жанымыз жылылық аңсап, мейірімге шөліркесек, ауылға тартып отырғымыз келетіні несі екен?! Қаланың бірқалыпты қытымыр тіршілігінен шаршасақ та, ел жаққа ат басын бұрып, туған жердің саф ауасын құшырлана жұтып, көкіректі кере кең тыныс алып қайтуға құмартатын құштарлық та дала дәмін сезген қай-қайсымызға да таныс күй. Сондықтан болса керек, жазушы Оралхан Бөкейдің «Ауыл хикаялары» сахна төріне шығады деген ақжолтай хабарды естігеннен-ақ, елордалық Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының жаңа қойылымын тағатсыздана күткеніміз рас.
Алтайдың Кербұғысы атанған заңғар жазушы Оралхан Бөкейдің әңгімелері өміршеңдігімен, терең сырлы лирикасымен ел жүрегінен өз орнын, мәртебесін әлдеқашан, тіпті қаламгер көзінің тірісінде-ақ алып үлгерген болатын. Оралханды оқымаған қазақ сирек. Әсіресе жастық шағында жазушы шығармаларын жастана жатып «кемірмеген» оқырман кемде-кем. Ал жылдар алға жылжыған сайын сол сыршыл шығармаларға деген құштарлық пен сағыныш артпаса, титтей де кеміген емес. Оның айқын дәлелі – кітапхананы айтпағанда, театрлар репертуарындағы Оралхан туындыларына деген сұраныс пен қызығушылықтың артуы. Оған осыдан бірер жыл бұрын астаналық Жастар театры сахнасында көрерменімен қауышқан Оралханның «Ұйқым келмейді» (режиссері Дәурен Серғазин), «Жетім бота», «Қар қызы» (режиссері Нұрқанат Жақыпбай), Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрындағы «Құлыным менің» (режиссері Бекболат Құрманғожаев), М.Горький атындағы академиялық орыс драма театры сахнасында қойылған «Атау кере» (режиссері Нұрқанат Жақыпбай), М.Әуезов атындағы Ұлттық академиялық драма театрындағы «Қар қызы» (режиссері Жұлдызбек Жұманбай) қойылымдары тамаша мысал бола алады. Енді міне, сол қатарды көктемнің шуақты күнімен бірге көкіректі де қуанышқа бөлеген «Ауыл хикаялары» драмасы толықтырып отыр. Режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сайлау Қамиев пен қосалқы режиссерлер – Нұржігіт Муслимов, Әли Бидахмет сараптауында көрерменімен қауышқан айтулы туынды өмірдің өзіндей шынайылығымен-ақ көңіл баурағандай. Әңгіменің әсерлі иірімдері елордалық көрерменнің жүрек түкпіріндегі ауылға, елге деген сарқылмас сағынышты тағы бір мәрте қозғап, тәтті сезімнің тұңғиығына сүңгіткендей. Олай болуы заңды да. Өйткені Оралханның кейіпкерлері әр жүрекке сондай жақын, ерекше ыстық. Себебі олар біздің өмірімізде де бар. Соңғы рет алғашқы махаббатыңызды қашан еске алдыңыз? Тағдыр талайға салып, маңдайдан бағы тайған жақыныңыздың күйі жаныңызға батқан кезі болды ма? Өкініш өзекті өртеп, қадіріне жете алмаған қымбат адамыңызбен лайықты қоштаса алдыңыз ба?.. Міне, осы сынды адам үшін қымбат та қимас көңіл күйлер біз тамашалаған қойылым өн бойынан түйдектеп төгіледі. Әсіресе шығармадағы автордың стилі мен табиғатына дөп түскен режиссерлер ізденісі шын мәнінде шығыстың сонау шалғайындағы Шыңғыстайдай шағын ғана ауылдың тұрмыс тынысы мен оны мекендеген адамдардың ақеділ пейілін көз алдымызға әкеп жайып тастайды.
Иә, Оралхан Бөкейдің көркемдік құпиясының сыры тереңде. Біріншіден, бұл даралықтың кілті – туған жер, асқақ Алтай, маңғаз Мұзтау дарытқан тектілік пен сұлулыққа деген құштарлық, сөз саптауындағы тау суындай арқырап, арындап жататұғын асаулық болса, екіншісі – әрине, әкенің құты, ананың сүті арқылы жазушы бойына дарыған тектілік тамыры. Қаламгерді көзі көрген, замандас, таныс дос-жаран, жақын ағайындарының естелігіне сүйенсек, қаламгердің әкесі Бөкей де, анасы Күлия да қара сөздің қаймағын қалқып ішкен шешен адамдар болған деседі. Анасы мақалдап сөйлегенде айналасындағы адамдар аңтарылып, таңғалысып тұрып қалатындығы да жазылған естеліктерде жақсы айтылады. Міне, тіл ұстартудағы осы тектілікті құрсақта жатып-ақ бойына дарытқан қаламгердің жазуда өзгеше «мінез» көрсетпеуі мүмкін емес еді. Ана сүтімен дарыған ана тілінің құнары кейін ауылдың қарапайым адамдарының сөз саптауындағы қазақы қалып, ұлттық бояумен байып, қаламгердің төл қолтаңбасына тән өрнекті ой орамдары Оралхан Бөкей есімінің әдебиет әлемі биігіндегі өзіндік дара биігін белгілеп берді.
«Менің повесть, әңгімелерімнің сюжеттері туған жер, жастық шағымда болған естеліктерге толы. Менің жерлестерім қазақтар – сом мінезді, шыншыл және ашық жүректі адамдар. Олар сиқырлағандай ата-бабасы таңдаған кеңістікте өмір сүреді. Менің туған жерге адал жерлестерім өр мінезді, еңбекқор, ержүрек және шыншыл адамдар. Әйтеуір, не жазсам да өз заманымды, сол заманда маңдай терін төгіп жүрген қарапайым еңбек адамдарын тілге тиек етуге тырысамын. Ал кейіпкерлерім – ауыл адамдары: қойшылар, жылқышылар, бұғы өсірушілер, диқандар, орманшылар, ересектер мен жастар. Олар бітім-болмысы кіршіксіз, пәк ниетті жандар», деп ағынан жарыла толғаныпты ол турасында қаламгердің өзі.
Рас, суреткер ретінде Оралхан Бөкейдің басты ерекшелігі де осы: сомдайтын кейіпкерлер мінезінің жиынтығы өзінің жанындағы, үнемі көзі көріп өскен ауылдың қарапайым адамдарының мінез ерекшеліктеріне сай шынайы сомдалатындығы. Мәселен, «Ауыл хикаялары» атты оқырманға жақсы таныс әңгімелер цикліндегі ауыл адамдарының тамаша портреттері, кесек кескіндері шынайылығымен де, көркемдігімен де жазудың барлық талаптарына толыққанды жауап береді. Сондықтан да Оралхан Бөкей өз шығармашылығында бедерлеген мінездер жиынтығын тіпті де қиялдан, болмаса адам аяғы баспаған жұмбағы мен құпиясы мол қандай да бір қолжетпес, табан тимес құрлықтан емес, бәрін де кәдімгі жер басқан қарапайым адамдардың өмірі мен тұрмыс салтынан алып қағаз бетіне түсіреді. «...Ауыл хикаялары» ауыл адамдарының ауыр тірлігінің дара сипатты көріністеріне тұнып тұр. «Көк тайынша», «200 грамм энергия», «Тоқадан қалған тұяқ», «Апамның астауы», «Құмар қол бұлғапты», «Иғаң», «Тортай мінер ақ боз ат» және тағы басқа әңгімелері қазақ тірлігінің қайталанбас суреттерін бедерлеп түсіргендіктен де болар, біздіңше ұзақ жасап, уақыт өткен сайын оқырман жанына ыстық тартар шағын-шағын қорғасындай шымыр құймаларға айналды. Ал ондағы кейіпкерлер – өмірден әдебиет бетіне көшкен нағыз қаһармандар.
Күні кеше біз Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры сахнасынан тамашалаған «Ауыл хикаялары» драмасына суреткердің негізінен басты үш шығармасы, яғни «Апамның астауы», «Қош, махаббатым» және «Маңдайдан бағың шайқалса» әңгімелерінің желісі арқау болыпты. Осы арқылы режиссерлер (Сайлау Қамиев, Нұржігіт Муслимов, Әли Бидахмет) адам өмірінің үш кезеңін, яғни бейкүнә балалық шағы, жанды ғашықтық жалыны шарпыған бозбала кезеңі мен тағдырдың түрлі тауқыметін тартқан егде жасын суреттейді.
Жалпы, Оралхан Бөкейдің «Ауыл хикаялары» циклімен жарық көрген шығармаларының қай-қайсысы да өзінің шынайылығымен, сыршылдығымен адам жанының, жүрек түкпірінің нәзік пернелерін түртіп, көңілді тербетеді ғой. Осыны ескерген режиссерлер қалыпты стандарттағы қойылым үлгісінен қашып, спектакль мен көрермендерді залда емес, сахнаның өзінде жасақталған көркем кеңістікте қауыштырады. Осы арқылы тамашалаушысынан небәрі бір жарым метр қашықтықта өнер көрсеткен актерлер ойыны шын мәнінде қойылымды сырласу спектакліне айналдырғандай. Түрлі аспаптардың сүйемелдеуімен театр актерлері Ақжол Амантай, Қорлан Қартқожақова, Алмас Асқарұлы, Альбина Уәлиеваның жанды дауыста орындаған ауыл, ана, махаббат жайлы тамаша әндер топтамасы да театрсүйер қауымды бейжай қалдырмады.
Осы тұста Шығыс Қазақстанның шалғайында, асқар Алтайдың етегінде орналасқан қазақы қалыптағы қаймағы бұзылмаған ауылдарға тән атмосфераны берудегі сахна суретшісі Айнұр Есболатованың ерекше суреткерлік көзқарасын атап өту орынды деп санаймыз. Шығыстың ағаштан қиып салынған жер үйлері мен талғаммен таңдалған сахна реквизиттері ондағы адамдардың ақеділ пейілін жеткізуде сәтті қызмет етеді. Режиссердің де сахна шарттылықтарын ұстанудағы реализмнен бөлек, символизм мен минимализм тәсілдерін ұтымды пайдалана білуі көңілге құрмет орнықтырады. Сондай-ақ спектакльде кейіпкерлерін бейнелілік биігінде бедерлеген театр актерлері – Ақниет Жақсығали, Нұржігіт Муслимов, Ажар Шәкіржанова, Бағлан Иманғазинов, Ризабек Әли, Ділнәз Ертаева, Бақтияр Қуандық, Меруерт Қуантаева, Еңілік Айымғазы, Қазбек Аманжол, Әли Жарасұлы, Әли Бидахмет, Дарын Нұрсадық, Бейбарыс Асқарбеков, Ерасыл Аханов, Гүлмира Жакилина, Айбол Шәкіржанов ізденістері шынайылығымен көңіл баурады. Қойылымды тамашалап отырып, бір сәтке қаланың бір топ адамы ауылдың әдемі әлеміне еніп кеткендей ғаламат сезімді бастан кешеді. Сахна суреті де соған меңзейді. Естен кетпес ерекше әсерге бөлейді. Бұл – режиссерлер мен сценографтың сөзсіз сәтті үндескен тамаша тандемінің жемісі. Соның арқасында көрермен қауым өкініш пен қоштасу, қуаныш пен мұң, махаббат пен қимастық сезімін бастан кешіріп, кіші сахнада актерлермен бірге өзі де қойылымның қатысушысына айналды. Осылайша, спектакль жүрек түбіндегі ыстық сезімдерді оятып, асыл шақтарды еске алуға, біз үшін қымбат жандармен сахна арқылы тағы бір мәрте тілдесуге, сырласуға тамаша мүмкіндік берді. Әсіресе басты кейіпкер – автордың қойылым соңында шатырда кептірулі тұрған сықпа құрттан алып, көрерменіне жекелей жақындап келіп таратып дәм татқызуы да көрермен мен актерлер арасындағы көрінбейтін шекараны бұзып, барлығын бір ауылдың, Оралхан ауылының кейіпкерлеріне айналдырып жібергендей. Осындай ғаламат әсерде шымылдықты жауып, ауыл, туған жер, балалық шақ турасындағы тәтті естеліктерін арқалап үйді үйіне тарқасқан көрермен жазушының «Ауыл хикаяларының» әдемі әсерімен Оралхан әлеміне қайта оралғаны сөзсіз.