Кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы ТҮРКСОЙ шығарған «Абай» альбомының таныстырылымы өтті. Альбом жайлы аталмыш халықаралық ұйымның Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов егжей-тегжейлі баяндап берді.
Д.Қасейінов қазақтың ұлы перзенті Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған халықаралық деңгейде бірқатар іс-шара ұйымдастырылғанын атап өтіп, Еуразия университетіндегі кездесу соның қорытындысы іспетті деді. «Біздің ұйымның мақсаты түркітектес халықтардан шығып, адамзат өркениетіне олжа салған ұлы тұлғаларды ұлықтау. Біз оны бірнеше бағытта жүргіземіз. Альбом шығару ісі де сондай сериялы жобалардың қатарында. Мысалы, дәл осы жоба бойынша 2018 жылы Шыңғыс Айтматовқа арналған альбом жарық көрді. 2019 жылы «Үш арыс» альбомы жарық көрді. Былтыр түрік дүниесінің ірі ақыны Низамидің 880 жылдығына арнап альбом жасауға кірістік. Биыл міне, «Абай» альбомы жарық көрді. Альбом қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына халықаралық ұйымның арнайы сыйы», деді ол.
Бас хатшының айтуынша, ұлы ақынның бейнесі мен оның шығармашылығын кескіндеу арқылы өнер тудыратын қылқалам шеберлерінің көзімен таныту мақсат етілген. Жинаққа өткен ғасырдағы және қазіргі заманғы белгілі отандық қылқалам шеберлерінің Абай шығармаларын оқи отырып дүниеге әкелген көркемсурет туындылары енгізілген. Альбомды халықаралық ұйымның тапсырысымен Central Asia Production компаниясы ағылшын тілінде Түркияда басып шығарған. Ал оған Абай мен Шәкәрім шығармаларын дүние жүзіне насихаттауда қаржы құйып жүрген белгілі меценат Медғат Құлжанов демеушілік жасаған.
Альбомның таныстырылымында Халықаралық ұйымның қазақ руханиятына сіңіріп жатқан еңбегі мен Абайдың 175 жылдық мерейтойы барысында атқарылған іс-шаралар төңірегінде Сұлтан Оразалин, Ғарифолла Есім, Серік Негимов сынды белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері сөз алды.
Жиын соңында Халықаралық ұйымның Бас хатшысы хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойының қорытындысына орай ұйым атынан Халықаралық «Абай» медалі мен «Құрмет» грамотасын айтулы мерейтойға арнап академиялық басылымдар мен кітаптар дайындаған, мақалалар жазған, шығармашылық жұмыстарды ұйымдастырған зиялы қауым өкілдеріне тапсырды.
Сондай-ақ халықаралық ұйым тағайындаған аталған марапаттар «Egemen Qazaqstan» газетінің басшылығына да берілді.