Ол рас. 1981 жылы наурыз айының 22-сі күні моңғол азаматы Жугдэрдэмидийн Гуррагча мен КСРО-ның екі дүркін Батыры, ұшқыш-ғарышкер Владимир Жаныбеков «Союз-39» кемесімен Байқоңырдан ғарышқа көтерілген болатын. Аталған оқиғаға 40 жыл толып отыр.
Ұлыстың ұлы күні – моңғол ғарышкері үшін ұмытылмас дата. Жыл сайын Наурыз мерекесімен ғарышкер Ж.Гуррагча ғаламның бар қазағын құттықтайды. Өзінің көкке көтерілген нүктесі қазақ даласы екенін, әрі қайта оралғанда тағы да қазақ даласына аман-есен табаны тигенін мақтанышпен еске алады.
– Оның сыртында, – дейді моңғол ғарышкері, – өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында әскер қатарына шақырылып, радио-локатор полкіне келгенімде, мені қабылдаған рота командирім Құсан Рүстем деген қазақ азаматы еді. Осы кісі кейін менің әскери ұшқыштарды даярлайтын Фрунзе атындағы училищеге оқуға баруыма қолдау көрсетті. Егер Құсан көкем болмаса, ғарышкер болмауым да мүмкін екенін еске аламын.
Моңғол ғарышкерінің ұстазы атанған қазақ Құсан Рүстемұлы 2005 жылы атажұртына оралып, Қарағанды облысы, Бұхар жырау ауданы, Баймырза ауылында дүниеден өтті.
– Бұлардан басқа мені қазақ халқымен рухани байланыстыратын тағы екі тұлға бар, – дейді Ж.Гүррагча. – Оның біріншісі, үзеңгілес досым атақты ғарышкер В.Жаныбеков 1942 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Ескендір (Искандер) ауылында дүниеге келген болса (бұл елді мекен 1956 жылы Өзбекстан құрамына берілген), екіншісі – ең жақын досым қазақ халқының үлкен ақыны Мұхтар Шаханов.
Қос ғарышкер ғарыштан аман-есен оралған соң, қойын құрттап, айранын ұрттап жаймашуақ отыратын моңғол жұрты үлкен той жасады. Екі азаматты қосарлы аттай алып жүріп, барлық аймақты аралатты. Осы сапарды ең әуелі Моңғолия Үкіметі Бай-Өлке аймағынан бастады. Аймақ жұрты қос ғарышкерді тайлы-тұяғымен қарсы алды. Қазақ пен өзбек арасында өскен В.Жаныбеков жергілікті жұртпен қадау-қадау болса да қазақша тіл қатысқаны әлі күні ел есінде.
Моңғол ғарышкері биыл да жылдағы әдеті бойынша қазақ халқын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтайды.