Жұқпалы індеттің таралуы жөнінен «сары аймақта» тұрған Алматы облысындағы эпидемиялық ахуал асқынып бара жатқандай. Өйткені, өткен бір тәулікте өңірде 104 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталған. Осылайша облыс ел бойынша анықталған науқастар саны бойынша Алматы қаласы мен Нұр-Сұлтан қаласынан кейінгі орынға шығып отыр, деп хабарлайды Еgemen.kz
Санитарлық қызметтің бағамдауынша, індет жұқтырушылар саны адамдар жиі шоғырланған қалалар мен Алматы маңындағы аудандарда көбейген екен. Мәселен, Талдықорған мен Текелі қалаларында 13 жағдай тіркелсе, мегаполиспен шекаралас жатқан Талғар ауданында - 12, Іле ауданында – 11, Қарасай ауданында – 10, Еңбекшіқазақ және Жамбыл аудандарында 9 тұрғыннан коронавирус табылып отыр. Бұдан бөлек Панфилов ауданында 8 науқас, Көксуде ауданында 6 науқас, Ескелді ауданында 4 науқас, Қаратал және Райымбек аудандарында да 3 науқас дәргерлердің көмегіне жүгінген. Сондай-ақ, індет белгісі анықталған науқастармен байланыста болған тағы 383 адам анықталып, олардың барлығы үй карантиніне жатқызылған. Қазір облыстың медицина мекелерінде 1053 науқас ем қабылдауда. Өкінішке қарай 25 науқастың жағдайы ауыр екен. Ал соңғы бірер күнде дәрігерлер 18 науқасты емдеп шығарыпты.
Жалпы, жұқпалы індеттің жаппай таралуының алдын алу мақсатында аймақта бірқатар шектеулер енгізілген болатын. Алайда, өткен тәулікте тіркелген науқас санының күрт көбеюі қосымша карантин енгізу мәселесін күн тәртібіне шығарып отыр. Бұл туралы өңірдегі эпидемиялық ахуалға орай өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов та айтты.
- Өткен бір тәулікте 104 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталып отыр. Мамандар індет таралуының шарықтау шегі сәуір айының алғашқы күндеріне тұспа-тұс келетінін айтуда. Демек, карантин шектеулерін қатаңдатуға қатысты қосымша шешім қабылдауымыз керек. Вирустың таралуын тоқтату үшін біз тұрғындардан адамдар көп жиналатын орындарға барудан мүмкіндігінше бас тартып, үйде болуды және сыртқа шыққанда бетперде тағып, әлеуметтік қашықтықты қатаң сақтауды сұраймыз, - деді облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов.
Ал аймақта жаппай вакцинациялаудың екінші кезеңі қарқынды жүріп жатыр. Осы мақсатта ресейлік «Спутник V» екпесінің 11 350 дозасы жеткізілген. Бүгінде коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салу өңірдегі 30 егу пунктінде жүргізілуде. Қазірге дейін 6883 адамға екпе жасалған екен.
- Вакцина – коронавирус жұқтырған жағдайда, дерттің асқынып кетуінен қорғайды. Нәтижесінде адамдарға ауруханаға жатудың қажеті шамалы болады. Яғни, екпе салдыру – ағзаның қорғаныс қабілетін нығайтады, - дейді бұл жайында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков.
Айтпақшы, облыстың медициналық ұйымдары жұқпалы індетпен күресуге қажетті жабдықтармен және дәрілік препараттармен толықтай қамтамасыз етілген екен. Бүгінде инфекциялық стационардағы төсектер саны 412 орынға дейін көбейтіліп, олардың жалпы саны 1 550 бірлікке жеткізілді. Індеттің таралуына жол бермеу мен ерте анықтау мақсатында да жұмыс жүріп жатыр. Жыл басынан бері өңірде жұмыс істеп тұрған 11 ПТР-зертханасында 137 мың адам тест өткізіп, тексерілген көрінеді.