• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Наурыз, 2021

Еліміздегі алғашқы метеостанса

175 рет
көрсетілді

23 наурыз – Дүниежүзілік метеорологтер күні. Барлық салаға тікелей қатысы бар қызметті атқарып келе жатқан мамандық иелері мерекесінің аталып өтіп келе жатқанына биыл тура 60 жыл толады.

Осы саладағы ең алғашқы метеостанса 1848 жылы Сыр бойындағы Қазалы қаласында ашылған. Араға 6 жыл салып Семейде, ал 1859 жылы Алма­ты қа­ла­сын­да осындай орталықтар жұ­мысын бас­тапты.

Ең қызығы, Қазалыдағы метеоро­логия­лық станса 173 жылдан бері үзі­ліс­сіз жұмыс істеп келеді. 1907-1942 жылдары орталыққа Анна Блан де­ген маман басшылық жасап, әр жыл­дары аға гидромед-бақылаушы Варвара Мяс­никова, техник-агрометеоролог Ва­лен­тина Гарина, гидромед-бақы­лау­шы Антонина Панкиева, техник-гидролог Гельсем Ярцева, гидропост бақы­лаушысы Александр Иванович Федо­ровтер елге қылаусыз қызмет етіпті. Өткен ғасырдың 50-90 жылдары ара­лы­ғында мекемені басқарғандар есімі құр­мет­пен аталады.

 Елiмiз тәуелсiздiк алған тұстары мекеме жаңаша жұмыс ырғағына көшті. Сол жылдары жергілікті маман Құттыбай Тарғынов басқарған «Қа­залы ауа райын бақылау» стансасы үлгiлi қызметi үшiн 2005 жылдың шiлде айында Женева климат бақылау орталығының Құрмет грамотасына ие болды. Мәртебелі марапатқа жету жолында станса қызметкерлерi И.Арент, Т.Сұлтанмұратов, Н.Сұлтанмұ­рато­ваның қосқан үлесi мол болды.

Мекеменi 2008-2011 жылдары Қазихан Сердалиев басқарса, он жылдан бері Сәуле Оспанова басшылық жасап келедi. Станса кешенiнде атмосфераның және жерүстiнiң жағдайын бақылауға арналған метеорологиялық алаң мен бақылау нәтижелерiн алатын, өңдейтiн және беретiн аспаптармен жабдықталған орындар бар.

Осы құралдар арқылы мамандар метеорологиялық құбылыстардың бел­гi­лi бiр мерзiм iшiнде өзгеруiн, ауа­ның ылғалдылығы мен температурасын, желдiң бағыты мен жылдамдығын, атмос­фе­ралық қысымды, бұлттың пi­шiнi мен санын, қардың көлемiн, жауын-шашын мөлшерi мен су деңгейiн, маусымдық судың температурасын бақылайды. Сыр­дария өзенiндегi судың шығынын, қысты күнi мұздың қалыңдығын, күн шұғыласының ұзақтығын анықтайды. Бақылау 3 сағат сайын жүргiзiлiп тұрады. Осыдан алынған мәлiметтер «Қызылорда гидрометеорологиялық орталығына» жiберiледi.

Метереологтер жұмысы барлық са­­лаға тікелей қатысты. Әсіресе ауыл шаруа­шы­лы­ғы, әуе тасымалы ең алдымен осы күн райын бағдарлайтындардың болжамына жүгінеді. Сонымен қатар метеорологтер мәліметінің төтенше жағдайлардың алдын алуда да маңызы жоғары.

 

Қызылорда