Алматыда биылғы жылдың сәуір айының басында қалалық мәслихат азаматтарды тіркеудің жаңа ережесі туралы шешім қабылдаған болатын. Ал, азаматтарды тіркеудің жаңа ережесі негізінен миграциялық үдерістерді зерттеуге бағытталып отыр. Тұрғын үй жағдайына және санитарлық нормаға орай әр адамға тиесілі көлем – 15 шаршы метр, үй иелері өз пәтерінде осындай мүмкіндік болса, шаңырағына және тағы бір адамды тіркей алады.
Дегенмен, алматылықтар өзінің жеке шаңырағына жақын туыстарын (заң актісінде оның тізімі көрсетілген), сонымен қатар өз бетімен өмір сүре алмайтын, емделетін, ұзақ іссапарда жүрген, бас бостандығынан айрылған туыстарын үй көлеміне қарамастан, тіркеуге де құқылы. Үкіметтің 2000 жылғы қаулысына сәйкес, Алматы қаласына үш айдан көп уақытқа келгендер әділет органдарында тіркеуден өтіп, тіркеу картасын алулары тиіс. Уақытша тіркеудің мерзімі бір жылға дейінгі уақытты қамтиды.
Алматы қаласы әділет департаментінің бастығы Бағбан Таимбетов бұл шара Алматыда тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының мүддесін қорғауға, қаланың криминогендік ахуалына едәуір әсер ететін келеңсіз жағдайлардың алдын алуға, ішкі және сыртқы миграцияны реттеуге бағытталғандығын атап айтады. Ол сонымен қатар жеке баспанасы бар бір азаматтың өз үйіне 150 адамнан астам жанды тіркегенін, осылайша пайда тапқандығын айтып, нақты деректер де келтірді. Азаматтарды тіркеу әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін де көпшілікке ауадай қажет. “Мемлекет өз азаматтарын қажетті құндылықтармен қамтамасыз етуге міндетті, тіркеу барысында адамның әлеуметтік құқына қатысты мәселелер пайда болып жатады. Осыған орай, қалада тіркеудің жаңа ережесі өте қажет болды, бұл іс тәртіпті реттеуге, адамдардың қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауға ойдағыдай ықпал жасайтын болады”, – дейді әділет департаментінің бастығы.
Мәслихат депутаты Андрей Моргуновтың пікірінше, статистикалық деректер бойынша бүгінде Алматыда ресми түрде 1 миллион 500 мың адам тіркелгенін айтты. Миграциялық қызмет мәліметтері қалада бір миллионнан астам адамның тұрып жатқандығын айтады. Қаламызға еліміздің өзге өңірлерінен, жақын шетелдерден келушілер өте мол, олар жабайы саудамен айналысып, антисанитарлық жағдайдың қалыптасуына әкеліп соқтыруда. “Біз азаматтардың бостандығына шектеу қоймаймыз. Оңтүстік астанаға өз өңірлерінде әлеуметтік мәселелері шешілмегендер көбірек келеді. Соның салдарынан олар жабайы саудамен, адам тасымалдаумен айналысады, Алматыдағы көліктің 30 пайызы сырттан келетіндерді құрайды. Ең сорақысы, қаладағы қылмыстық ахуалдың одан әрі күрделенуіне, ең алдымен сырттан және жақын шетелдерден келгендер ықпал жасап отыр” – деп атап өтті А.Моргунов.
Миграциялық полицияның деректерін, орын алған жағдайларды сараптай келіп, Алматы қаласының ерекше мәртебесіне қатысты заңның 3-бабының 8-тармағына орай, миграциялық үдерістерді реттеу мақсатында қалалық мәслихат комиссиясы арнайы шешім қабылдап, қалада азаматтарды тіркеудің жаңа ережелерін ұсынып отыр. Қазіргі кезде заң жобасы әділет департаментіне тіркеуге жіберілді, онда бұл құжат арнайы сараптамадан өтпек. Содан кейін ол баспасөз бетінде жарияланып, өз күшіне енетін болады. Сонымен қатар, тіркеудің жаңа ережелерін бұзған азамат Әкімшілік кодексінің 377-бабы бойынша жауапқа тартылады.
Бақыт БАЛҒАРИНА.
АЛМАТЫ.