• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Елбасы 29 Наурыз, 2021

Ақталған сенім, көркейген елім

677 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік – киелі ұғым. Оның еркіндік, бостандық, дербестік, егемендік деген секілді баламалары бар. Ол сөз ешкімге тәуелді емес, бағынышты емес, басы­байлы құл емес дегенді аң­ғартып тұратын үлкен мәнге ие. Шындығына үңіліп қарасаңыз, тәуелсіздік де­геніміз жанның азаттығы, рухтың еркін болуына сая­ды. Сондықтан да азат­тық­тың екі түрлі нысаны бар. Бірі – тәннің бостандығы, яғни кісенсіз, шынжырсыз, бұғаусыз емін-еркін дербес өмір сүруді білдірсе, екіншісі – сананың құрсауланбай байлаусыз, баянды тіршілікке ұмтылуы дер едік.  

Біз, түркі халықтары, әуел­ баста көк аспанның ас­тын­да, қара жердің үстінде дара, өзімізше өмір сүрген бо­ла­тынбыз. Малдың өрісі, та­биғаттың құбылысы, жыл мау­сымының ыңғайына қарап, ұлан-­ғайыр сахарада көшіп-қо­нып жүріп жерді қорғап, елді асырап өткен екенбіз. Енді бір бөлігіміз топырақтың құнары, судың ағысына қарап, жерді еміп, диқаншылықпен шұ­ғыл­данып отырақшылыққа ден­ қо­йып­пыз. Егін егіп, ағаш отыр­ғызып, бақша өсіріп бағ­бан­шылыққа ықлас танытыппыз. Мей­лі қандай күн туса да, тоғы ашы­на айналып-толғанып, бары жоғына жәрдем беріп, жесірін қаңғытпай, жетімін жылатпай, ел­діктің туын биік көтеріп, бе­рік дәстүр, ұлағатты салт-сана қа­лыптастырған екенбіз. Әне, сонау есте жоқ ескі замандардан бері елдігімізге сызат түспей, ең­семіз биік, іргеміз бүтін бо­лып келіпті. Сондықтан да біз ежел­ден еркін, тарихтан бері тәуелсіз едік.

Міне, биыл «Тәуелсіздікке 30 жыл» деп мақтаныш етіп, мәр­тебе санап, көк туымызды жел­біретіп, алыс көкжиектерге көз тігіп отырмыз. Олай болса, отыз жылдың алдында не болып еді? Шындығында, отыз жылдың ал­дында біз тәуелсіз емес едік. Онда кімге билендік? Кімге илендік?

Алтын орда заманының ал­ды-артына қарасақ, біздің түркі жұрты, осынау өлкенің иесі – қазақ халқының арғы аталары Еуропа мен Азияға билік жүр­гізіп, үстемдік құрыпты. Ха­ны­нан қарашасына дейін, мал­шысы мен жалшысына дейін азат халық, армансыз жұрт бо­­лыпты. Тарихтың таразысы бір­де оңға, бірде солға ауып оты­­рады екен. Қателескендер, бү­лінгендер, берекесі кеткендер іштей ыдырайды, іріп-ші­риді. Ынтымағы жарасып, құді­реттеніп, бағы асқандар бас­қа­ларды шеңгеліне алады, та­қымына басады. Осындай ауыс-түйіс кезеңдерінде осынау жер­дің иесі болған түркі жұртынан бақ қайтып, билік сусыпты. Басы жатқа байланып, мойнына құлдықтың ажырғысы киіліпті. Сол­түстіктегі көршілердің көп­сіп, көтерілуінің нәтижесінде ба­баларымыздың аманат ет­кен жері жемірлер мен жендет­тер­дің жемтігіне айналып, хал­қымыздың басына қамыт са­лы­ныпты. Шығыстағы Чын жұрты да көзқұрты болған, түгін тартса майы шығатын ұлан-байтақ жерімізді шыр айнал­дырыпты.

Не керек, біз үш ғасыр бойы­ басымыздың еркіндігінен айы­рылып, ханымыз қара болып, халқымыз ала болып, ауыздан бірлік кетіп, бақ-дәулет басқаға өтіп, өміріміз өксіпті, жеріміз тілімделіпті. 1991 жылы ең әуелі Құдайдың құдіретімен, онан кейін үш ғасыр бойы төгілген қан, ағызған көз жасының бо­дауына, өтеуіне Алла бізге тәуел­­сіздікті сыйлады. Кеңестер ода­ғынан бөлініп шыққан он бес республиканың қатарында біз де керегемізді керіп, жүзімізді құбылаға беріп, туымызды жел­бі­ретіп, ағайынды елжіретіп же­ңіс­ке жеттік.

Амал не, үш ғасыр бойы ба­ғыныштылық пен байлауға дағдыланған түркі жұрты, қазақ то­пырағындағы топтасқан ха­лық адымын ашып, құлашын жазып тез көтеріле алмады. Әсі­ресе, санадағы бұғауды алып тастап, алыптың аяқ алы­сын жасай алмай, жасыған кез­де­ріміз көп болды. Жан азат бол­май, жұдырықтай жұмылу қиын, ой еркін болмай, от боп маздап жану машақат екен. Сөз бастау қиын ба, топ бастау қиын ба, деп екеуінің ебін табу да оңайға соққан жоқ. Ел іші де ала-құла, әртүрлі халық, әр түрлі дүниетаным, әр алуан се­нім ортақ іске селкеу түсіріп жү­рісімізді мандытпаған кездер бастан өтті. Әне, сондай кезде ел тізгінін қолына алған атқа мінер азаматтар аттың айылын тар­тып, тартпасын бекітіп, ел сенімі мен халық үмітін үкі­леп ұстап, мәртше қимылдап, па­ра­сатты шешімдер шығарды. Егемендігімізді көздерінің қара­шығындай қорғап, ерлерді жұ­мылдырып, ертеңіміз үшін есе­леп еңбек етті.

Біз Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың «Тәуелсіздікті алу қан­дай қиын болса, оны сақтап қалу онан да қиын» деген дана сөзін барынша түсіндік. Отыз жыл бойы Елбасымыз бір сәт те байыз тауып отырмады. Күні бүгінге дейін қайтсек мемлекет болып нығая түсеміз, қайтсек, күш-құдіретіміз артады деп, он ойланып, жүз толғанып келеді. Баяғы түркі жұртының көсемдері секілді «түнде ұйықтамады, күн­діз күлмеді». Еліміздің іші-сыр­тындағы халықаралық жағ­дай, Тәуелсіздікке орал­ғы болатын ішкі-сыртқы күш­тер­дің кедергісінен қалай ай­на­лып өтеміз деген ой бір сәт те алыстаған емес. «Қазақ­стан-2050» бағдарламасы бо­йынша «Мәңгі ел» болу идеясымен іріленіп келеміз.

Осы отыз жылда санап тауысқысыз, ұлылы-кішілі көп­теген өзгеріс өмірге келді. Көзімізге ұрып тұрған басы ашық жетістіктерімізді айтар болсам, мынадай деп жіпке тізер едім. Елбасы ең әуелі ел ішін­дегі бірлік-ынтымақты ны­ғайтты. Тыныш қоғам, бейбіт ел құруды жүзеге асырды. Бұл жағында әзірге дейін әлемде еш баламасы жоқ «Қазақстан халқы Ассамблеясы» деген жа­ңа ұйымды құрып, ол ұлттар мен ұлыстардың тату-тәтті өмір сүруінің кепілі болды. Ел іші тыныш болған соң халық ша­руашылығымен алаңсыз айналысып тіршілік етті. Сырт­тан инвестиция тартылып, отан­дық өндірістің өркендеуіне жол ашылды. Шетелдіктер тек ты­ныш, жайлы өлкелерге ақша салады және оның жемісін жеуді ойлайды. Сондай шарт-жағдай Қазақстанда да болды. Міне, бұл Ассамблея ақиқаты еді.

Мемлекет пен діннің ара- жігі ажыратылып, мемлекет «зайыр­лы» етіп белгіленіп, азамат­тардың дінге сену-сенбеу ер­кіндігі өзіне тапсырылды. Ислам дінінің мұсылмандар мүф­тияты мен християндық шір­кеулердің жұмыс тәртібі, өз міндеттері айқындалды. Осы­лайша, діни алауыздық пен экс­­тремистік пиғылдардың жолы кесілді. Ешбіріміздің де дәс­түрлі дініміздегі ақиқат жо­лымызға шектеу қойылған жоқ. Қайта одан сайын жүйеге түсіп, руханиятымыз байыды. Ұрпақ иманды, инабатты, нұрлы жүрек болып есейіп, ержетіп келеді.

Ғылым-білім жағы реттеліп, мектеп, колледж, жоғары оқу орын­дарының міндеті айқын­да­лып, ел бойынша ғылым-бі­лімге мол қаржы бөлінді. Тұтас мемлекетте орта мектеп міндетті ағартуы жүзеге асты. Білімділер мен дарындылардың оқуына барынша мүмкіндік жасалды. Өйткені дамудың кілті – ғылым мен техникада екенін түсіндік. Осы озық идеялардың жетегімен «Назарбаев зияткерлік мектеп­тері» мен «Назарбаев Универ­ситеті» өмірге келіп,«Болашақ» бағдарламасы іске асырылды.

Қазақстанның мұнай-газ­­ өн­дірісі барынша жетіл­ді­ріліп, мемлекеттік бюд­же­ті­міздің қайнар көзі ретінде әлем­нің назарын өзіне бұр­ды. Шығыстағы Қытай, сол­түс­тіктегі Ресей, мұхиттың арғы бетіндегі АҚШ секілді ірі ел­дердің мүддесі біздің Ота­ны­мызда тоқайласып, ол тәуел­сіздігіміздің кепілі ретінде пай­да­ға жарады. Сырттан ақша тар­тылды, іштегі халыққа жұмыс орындары ашылды. Қарулы қақтығыстар мен бүлініп жатқан елдерге төрелік айтып, төрден орын беріп, бейбітшіліктің берекелі бесігі болып, бітімге шақыратындай халге жеттік.

Әдебиет пен өнер де дамы­тылды. Заттық мәдениет пен рухани мәдениеттің бірлігі қалыптасып, тән мен жанның азығы қатар қарастырылды. Тоқсан жылдық тарихы бар Қазақстан Жазушылар одағы деп аталатын мән-маңызы зор қоғамдық ұйымның қызметі жандандырылып, ақын-жазу­шы­лардың шығармалары кітап бо­лып басылып шығып, оқыр­мандар қолына жете бас­тады. Бұқаралық ақпарат құрал­дары да көпшіліктің күн­делікті тіршілігінің бір бөлшегіне айналды. Ел тынысы, мемлекеттің аяқ алысы бұқаралық ақпарат құралдарынан айнадай көрініп тұрды.

Ақын-жазушылардың ең­бектері мемлекеттік бағ­дар­лама аясында кітап бо­лып жарық көріп, көркем эсте­ти­камыз үшін, мемлекеттік идео­логиямыз үшін қалтқысыз қыз­мет етті. Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абайдың 175 жыл­дығы, Жамбылдың 175 жыл­дығы Елбасымыз бен Прези­дентіміздің тікелей қамқор­лығымен кеңінен атап өтіліп, рухани жаңғырумен жалғасып жатыр. Осы бір үздіксіз жалғасып жатқан жаңару үрдісі арқылы біз өзімізді тереңірек тануға, тәуел­сіздігімізді қастерлеуге ұмтылдық.

Өз басым Жазушылар ода­ғында жарты ғасырдай қызмет істеу арқылы ел өмірінің бір тұлғасына айналып, дәуірмен, қаламгерлермен тыныстас бо­лып кеттім. Жазушылар ода­ғын­да жауапты жұмыс, лауа­зым­ды міндеттер атқарып, қа­лам арқылы халқыма қызмет еттім. Ұйғыр әдебиеті кеңесінің төрағасы бола отырып, көр­кем әдебиетке, халықтар дос­ты­ғына, татулыққа барымды салдым. Қазақ пен ұйғырдың достығын насихаттаған ондаған шығармам өз қаламымнан туды. Осы жылдар ішінде көптеген кітаптарым жарық көріп,өзге де игіліктерге кенелдім. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік сти­пендиясын алып келемін. Елден шыққан бір жазушы ретінде алғысым шексіз! Еңбектерім екі тілде қатар басылып, қазақ пен ұйғырдың төл перзентіне айналдым. Кітаптарым туысқан қырғыз, өзбек, әзербайжан, саха, түрік, украин тілдеріне, одан орысшаға аударылып, көп таралыммен оқырманға жетті.

Мемлекет болған соң оның халқы, экономикасы, шаруа­шы­лығы, кәсібі-нәсібімен қатар шекарасы болады. Шекара және оны тұрақтандыру, қорғау өте маңызды. Осы отыз жыл ішінде қол жеткізген үлкен жеңіс қазақ шекарасы орнығып, айналамыз дау-дамайсыз берік қымталды. Ке­зінде алып империя – Кеңес ода­ғының өзі анықтап, ба­сын аша алмай кеткен ел шеті ше­геленіп, шебімізде әскер тұрды. Қытай, Ресей, Қырғыз, Өзбекстан, Түрікмен, Иран, Әзербайжан мемлекеттерімен құрлықтағы және судағы шекара хатқа түсіп, картамен пішіліп, Елбасының қолымен тарихқа аманат етіліп тапсырылды. Көршілермен татулыққа қол жеткіздік. Бұл деген – үлкен жеңіс, аса маңызды жетістік.

Ел жаңа ғана тәуелсіздігін алып, оң-солын әлі бекітіп үл­гермей тұрған сәттің өзінде ел ішінің тепе-теңдігін қалып­тастырып, солтүстік облыстарға көз алартуды болғызбау үшін стратегиялық шешім қабылдап, Ақмолаға көштің бетін бұру – өте тапқырлық, парасат пен ақыл-ойдың жемісі. Астанамыз Нұр-Сұлтан қаласы – мемлекеттік идеяның заттанған, жанданған туындысы. Әрине, оның авторы Нұрсұлтан Назарбаев екенін тарих таныды. Әне, сондықтан да мен ол туралы Елбасыны басты кейіпкер етіп пьеса жазып, «Астана» деген атпен сахнаға шығардым. Ол Алматыда, Нұр-Сұлтанда қойылды, жұрттың жоғары бағасын алды.

Тәуелсіздіктің арғы тарихы мен бергі тарихын көз алдымызға келтіргенде осы секілді маңызды мәселелер жадымнан жылжып өтеді. Көңілім толқып, жүрегім шалқиды. Біз ұйғыр халқы да осы тәуелсіз елдің жемісін бірге жеп, жеңісін бірге көріп келеміз. Ұлтымыз өсіп, ұл-қыздарымыз білім алып, ұрпағымыз алаңсыз бақытты өмір сүруде. Жұрт ди­қаншылығы мен кәсіпкерлігін дамытып, әр кезде, әр жерде даңқ тұғырынан орын алуда. Міне, бұл – тәуелсіздіктің ар­қасы, елдіктің ертеңіне деген сенім.

Қазақстанда туып-өскеннен кейін, бала кезімнен бастап алдымдағы аға буын жазушылар мен замандас қаламгерлерді көріп, біліп, қатар жүрдік. Атақты классиктердің алдынан өттік, тәлімін алдық, өнегесінен үйрендік. М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Нұр­шайықов, З.Қабдолов, З.Са­мади, Х.Абдулин аға­ла­рым­­мен пікірлес болып, та­лай шығармашылық кезде­су­лерде ортақ іске ақыл қос­тық, жұ­дырықтай жұмылдық. Жа­зу­шы­лар одағының бір басшысы ретінде шығармашылыққа үле­сімді қосып, қаламгерлердің қай­наған ортасында жүрдім. Бүгінде ескінің көзі, жаңаның ағасы болып тәуелсіз елдің бо­лашағы үшін еңбек етіп келемін.

Айта кетейін дегенім, Құ­дыс Қожамияров атындағы рес­публикалық мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театрының академиялық мәртебе алып, дәрежесінің көтерілуі ұлттық мәдениетімізге жасалған үлкен қолдау болды. Бұл тұтас ұйғыр халқының мерейін өсіріп, елге деген сүйіспеншілігін арттыра түсті. Театрымызда ұйғырдың тарихи музыкалық жәдігері, рухани қазынасы саналатын «он екі мұқам» саз өнері әуелей қа­лықтап, түркі дүниесіне есік ашты. Осыдан он ғасыр бұ­рын жасап, музыка ғылымын хатқа түсіріп, тереңінен айтып кеткен философ әл-Фараби ба­бамыздың теориялары мұнда да көрініс берді десек, артық айтқандық емес. Әл-Фараби баба атын атап өткен «Қалун» саз сандығы – театрымыздың бағалы байлығы, киелі аспабы. Ұйғыр театры Қазақ елінен асып, Қырғыз, Әзербайжан, Түр­кия мемлекеттеріне әлдене­ше мәрте өнер сапарына шығып, туысқан түркі жұртына барып, Қазақстанның атынан өнер бәй­гелеріне қатысты. Көп рет үлкен қошеметке бөленіп, жүлделі болып оралды.

Отыз жыл бойы үздіксіз көтеріліп келе жатқан қазақ тілі мәселесі енді шындап қолға алынып, қолданысқа енуге тиіс. Жер шарындағы өз туын жел­біретіп, тәуелсіздік алған алты түрік текті республиканың бәрі дерлік өз ана тілінде өмір сүруде. Ұлт тілі – мемлекеттік тіл ретінде еш кедергісіз қолданылып келе жатыр. Ен­деше, ол тілдерден бір де кем емес қазақ тілі де көркемдігімен, мазмұн байлығымен өмірдің қажеттілігінен толық шыға алады. Осы ретте 175 жылдығы қатар келген ұлы тұлғаларымыз Абай Құнанбайұлы, Жам­был Жабаев секілді ақындары­мыз­дың мерейтойлары мемлекет көлемінде атап өтілуінің өзі – қазақ тілінің құдіреті. Абай мен Жамбылды түсіну үшін, әрине, қазақ тілін білу ке­рек. Олар – біз үшін әлемге мақтанышпен айтуға тати­тын ойшылдар. Олардың мұ­ралары ұрпақтарымызға тура жол нұсқайды. Жаһандану зама­нында жұтылып кетпей, дәс­түрімізді жалғаушы күретамыр.

Абайдың, Жамбылдың жыр-дастандары сонау 1930-жылдар­дың соңында ұйғыр тіліне ауда­рылып, ұлтымыздың өз да­наларының біріне айналып кеткен. Содан бері ол үрдіс үздік­сіз жалғасып, әр буын өз Абайын, өз Жамбылын тауып, танып келеді. Бұл күн­де ұрпақтарымыз өлеңдерін жат­тап, әндерін шырқауда.

Тәуелсіздіктен бері қа­рай уақыт керуеніне қарап отырсам, менің өмірім, шығар­машылығым астанамыз Нұр-Сұлтанмен тікелей қатысты болып өтіп­ті. Астананың Ал­матыдан Ақмо­лаға көшуіне байланысты мен де талқылауға қатысып, өз үнім­ді баспасөзде білдіріппін. «Ақмола» атының «Астана» атына ауысуы қар­саңында, үндеу қабылдаған сәтте зиялы қауым өкілдерінің арасында мен де Астанада бар едім, дауы­сымды беріп едім. Ас­тананың Нұр-Сұлтанға өзгеруіне де өз қолдауымды біл­дірген қаламгерлер қатарын­да болдым. Сондықтан да менің драмалық шығармам – «Астана» сәтті жазылды. Сахналанып, көрерменге жол тартты.

 Жалпы, осынау қаламгерлік өмірім Қазақстанның Тәуелсіз­дігімен біте қайнасып жатыр. Оның әр парағында менің қолтаңбам бар, әр атқан таңында менің үнім бар, әр күнінде менің бақытты шағым кестеленген. Сондықтан да бір мақаламда «Қазақстандағы ұйғыр – ең бақытты ұйғыр» деп жазған болатынмын. Міне, бұл бүгінгі әлем жөнінен айтқанда дәл тұжырым, жүрек сөзіміз дер едім.

 

Ахметжан АШИРИ,

жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

«Құрмет» орденінің иегері