• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Наурыз, 2021

Тұрғын үй құрылысы қарқынды

463 рет
көрсетілді

2021 жылдың алғашқы екі айының өзінде елімізде 1 млн 893 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл – 2020 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 12,8 пайызға жоғары көрсеткіш.

Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрлігінің мәліметі бойынша, алғашқы екі айда республикада барлығы 15 807 тұрғын үй салынып бі­тіп, тұрғындар игілігіне ұсы­ныл­ған. Соның 5 487-сі жеке үй­лер екен. Қаңтар-ақпан айла­рының қорытындысы бойын­ша тұрғын үйді пайдалану тұр­ғысынан барлық облыста өсім бай­қалады. Көрсеткіш Атырауда – 225,7, Қостанайда – 123,5, Павлодарда – 119,3, Ақтөбеде – 118,7, Маңғыстауда – 114,1, Қарағандыда – 113,6, Батыс Қазақ­станда – 112,6, Атырауда – 112,4, Солтүстік Қазақстанда – 111,4, Ақмолада – 110,6, Шығыс Қазақстанда – 107,9, Жамбылда – 102,8, Қызылордада – 101,9, Алматыда – 101,6, Түркістанда – 101,5 пайызға өскен.

Сонымен қатар Шымкент (456,5), Алматы (110,9) және Нұр-Сұлтан (106,4) қалалары да тұрғын үй құрылысымен белсенді айналысып жатыр. Министрлік тұрғын үй құрылысына салынған инвестицияның 231,2 млрд теңгені құрап отырғанын мәлімдеді. Бұл былтырмен салыстырғанда 36,5 пайызға көп.

Қазақстан биыл 17 млн шаршы метр тұрғын үй салуды жос­парлап отыр. Ақпанның соңында өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин Елбасының 2030 жылға қарай баспанамен қамтамасыз етуді 1 адамға 30 шаршы метрге дейін жеткізу туралы тапсырмасын орындау керек екенін еске салған. «Бес жылда 100 млн шаршы метр үй салып, 1 млн-ға жуық отбасын баспанамен қамтимыз» деген еді Үкімет басшысы.

Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, 2025 жылға дейін 100 млн шаршы метр­ден астам тұрғын үй салу – отан­дық құрылыс материалдары нары­ғын дамытуға да септігін тигізеді.

– Қазіргі кезде отандық өн­дірушілер 10 тауар позициясы бойынша ішкі нарықтың қажет­тілігін өтеп отыр. 11 позиция бо­йынша кәсіпорындар 50 пайызды қамтыса, линолеум, түсқағаз, санфаянс секілді 3 позиция бойынша ішкі нарық өндірісі болмай тұр. Ішкі нарықты толықтай отандық құрылыс материалдарымен қамту үшін қазір шетелдік трансұлттық компаниялармен Қазақстанда импортты алмастыратын өндірістер құру мәселесін пысық­тап жатырмыз, – дейді министр.

Мемлекеттің жоспарлауынша, 2025 жылға таман «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бар­лық қаржыландыру көзі есебінен тұр­ғын үйді пайдалануға берудің жыл­дық көлемінің ұлғаюы – 20,7 млн шаршы метрге жетуі тиіс. Сон­­дай-ақ алдағы бес жылда тұр­ғын үймен қамту көлемі – бір адамға 26 шаршы метрден тиіп, ха­лық­тың сумен жабдықтау қыз­метіне қолжетімділігі 100 пайызға жетуі қажет.