Балқаш қаласында облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен «Балқаш медициналық орталығы» ЖШС арасындағы мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде заманауи медициналық және технологиялық құрал-сайманмен жабдықталған оңалту орталығы ашылды.
Жаңа мекеме ауданы 1700 шаршы метр болатын үш қабатты ғимаратта орын тепті. Бірінші қабатта тіркеу орны мен лифт, екінші қабатта оңалту терапиясынан өтуге арналған медициналық жабдықтары бар залдар, үшінші қабатта емшара кабинеттері мен тәулік бойы жатуға арналған палаталар орналасқан.
Мамандардың айтуынша, мұнда ай сайын 80-нен астам адам оңалтудан өтеді. Жаңа орталық қаладан бөлек, жақын маңдағы Приозерск қаласы мен Ақтоғай және Шет аудандарынан да науқастарды қабылдайтын болады. Пациенттерге орталық штатындағы 6 дәрігер мен 14 медбике қызмет көрсетеді.
Айта кететін бір жайт, бұған дейін Балқаш қаласының 700-ге жуық тұрғыны жыл сайын облыстық клиникаларға оңалтуға жіберілетін. Енді жағдай мүлде өзгерді: балқаштықтар үшін көмектің бұл түрі қаланың өзінде қолжетімді болды. Оңалту орталығы медициналық қызметтің сан алуан түрін көрсетеді. Мысалы, мұнда орталық және перифериялық жүйке жүйесі, қан айналымы жүйесі ауруларына байланысты қозғалу бұзылыстары бар, жарақаттардан, жүрекке, миға және буындарға операция жасалғаннан кейінгі жағдайдағы ересек пациенттер емделетін болады. Мұнда олар кинезотерапия, механотерапия және эрготерапия, дәрі-дәрмекпен емдеу және басқа да медициналық қызмет түрлерін алады.
Еске сала кетсек, Балқашта оңалту орталығы ашылмай тұрып жұқпалы аурулар ауруханасының коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастар емделетін корпусы іске қосылған болатын. Төрт қабатты ғимаратты күрделі жөндеу 2021 жылдың ақпан айының соңында аяқталды. Бұған дейін корпус төрт жыл бойы тек жартылай ғана пайдаланылып келген еді. Қазір мекеме 100 төсекке арналған толыққанды типтік жұқпалы аурулар ауруханасына айналды.
Қарағанды облысы,
Балқаш қаласы