Ілкіден жалғасып келе жатқан ізгілікті салт-дәстүрдің меңзер мәні аз емес-ау. Тек соған көңіл бөлмейтініміз ғана өкінішті.
Жаңа індеттің жаман хабары дүрліктіріп жеткелі ауылға ат ізін салмаған нағашымыз артынып-тартынып Ұлыстың ұлы күні қарсаңында табалдырықтан аттаған. Сағынып қалыппыз. Құшақ жая қарсы алдық. Өзімен бірге зілдей қоржын да босағадан бері жылжыды. Әуелі ауыл-елдің амандығын сұрастырдық. Қол қусырып қарсы алған келініне бүйірі тоқ қоржынды жанарымен нұсқап көрсетті де:
– Балалардың бүйрегі ғой, өзің жайғастырарсың, – деді.
Бала кезімізде қонақтан қайтқан шешеміздің қамзолының қалтасын ақтарушы едік. Міндетті түрде бірер тал кәмпит шығатын. Сол әдеттің жұқанасы бойымызда әлі де қалып қойған ба, қоржынның ішінде не бар екен деген сұғанақ ой санамызды қытықтағаны. Жалғыз біз ғана емес, балалар да. Сөйтсек туырылған қос қазы, қыртысы қалың жамбас, бір өзі бір табақ болатын шұжық. Сәл қысқартып айтқанда, небір кірпияз қонақтың көңілін табатын кәделі табақтың мүшелері түп-түгел. Былтыр жергілікті университеттің тіл-әдебиет факультетін бітірген үлкен ұл:
– Жалғыз бүйрек емес, кәдімгі ет қой, – деді.
– Бұрынғылардан қалған ырым, – деді нағашымыз. – Қала баласы біле де бермейді екен ғой, бағзы заманда пейілі кең ата-бабаларымыз соғым сойған күні ет жақын ағайынға осылай сыбағасын тарататын. Биыл жол түспеді. Жаман тұмаудан жасқандық, айып етпессіздер.
Содан соң есті ата ескі ырымның мәнін тәптіштеп түсіндірген.
– Дәм ағайынды жақындастырады. Балалардың бүйрегі туысқанға бұрылып тұрсын, ақ адал ас соған дәнекер болсын деген ізгілік ниет, – деді сөз сабақтады қария. – Қазір соның бәрі ұмытылып бара жатыр ғой.
Ішке ел қондырып, дастарқанға бата жасадық. Нағашым сапары жайлы сырын айтқан. Қасындағы жеті жасар немересін Бурабайға алып бара жатыр екен. Абылай алаңына соқпақ. Жақсы мен жайсаңның ізі қалған жерге кекілді немересін бір аунатып алсам дейді. Аруақты ерлердің рухы жұға ма деп дәметеді. Қасиетті топырақ қой, неге жұқпасын?!