• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Наурыз, 2021

Сұлтандар сайысы

388 рет
көрсетілді

Көкшетауда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Наурыз шуағы» мейрамды тойлауға арналған тұжырымдамасы аясында облыстық «Жігіт сұлтаны» байқауы өткізілді.

Ақ қар, көк мұздың үстінде аударыс­пақ өткізу оңай-оспақ шаруа емес екен. Есік пен төрдей, шоқ­тығы биік қарагер аттың тұрқы  көз арбағанымен, құлын кезінде көзі­не қамшы тигендей басын ала қашып, топқа түскісі келмейді. Үстін­дегі балуан ауыздығымен алысып, қамшылағанымен, тағасыз ат тай­ғанақтап, ерге серік бола алмады. Арыдағы бабалар «ат – ердің қа­наты» деп тегін айтпаған екен. Ас­тына мінгені жалтақ болған соң жал­таң қақтырып топқа түсе алма­ған үміткердің де меселі қайтады. Тор аттың үстіндегі қоладан құйғандай шымыр денелі жігіт ұзақ аңдысып, қарсыласының білегінен қармап ұстағанымен, ер тоқымы ат белінен сырғып түсті. Шамасы шап айылы бос, оның үстіне өмілдірік те, құйысқан да жоқ. Орыс ері. Орыс ерінің алдыңғы қасы имек темір. Сайысқа түскен адамның мер­тігіп қалуы да ғажап емес. Жорық жор­туылға, ат үстіндегі арпалысқа қазақ­тың үйрекбас ертоқымынан ар­тық зат жоқ-ау. Кәдімгі сыртынан қараған адамға айдында жүзіп бара жатқан үйректі көз алдыңа әкелетін, орнықты, ертеден кешке дейін шапса да ат арқасын алмайтын жайлы, шалт қимылға ыңғайлы жабдыққа жетер не бар?!

Ұзын-ырғасы екі күнге созылған бай­қаудың алғашқы күні қала ірге­сіндегі Краснояр ауылындағы атшабарда әр ауданнан сайдың тасындай іріктеліп келген жігіттер аударыспақ, жамбы ату, қол күресі, салмақ көтеру тәрізді сайыстарға түсті. Ең қызығы, осы аударыспақ бол­ды. Әйтсе де ауылдан келгенімен, тақымы тұлпарға бүгін тигендей тосырқап қалған жігіттердің қарым-қабілетінде олқылық та бар екен.

Соңғы уақытта жамбы ату да өткі­зілуде. Алғашқыда садақ ұстап көр­меген жастар қалыпқа түсе алмаса да, біртіндеп қанында бар дүние бол­ған соң нысананы дәл көздеп атуға машықтанып қалды. Жарысты тама­шалаған топ ортасында жамбы ату туралы пікір білдіргендер де болды.

– Ер жігіттің бойындағы қабілет-қа­рымды барынша бағалаған аталарымыз көздегенін мүлт жібермейтін көз мерген мен қол мергенге ат мінгізіп, атан жетектеткен, – дейді Мұрат қа­жы Ыдырысов. – Ежелгі аңыздар мен эпостық жыр-дастандарда мерген­ге одан да үлкен сый-сыяпат тартыл­ғаны белгілі. Бұл дегеніңіз ең ал­­ды­мен жа­уынгер халқымыздың «ұрпағым жасындай жарқылдасын» деген ізгі ойы­нан туындаған дүние.

Ұлттық ойындардан соң үміткер­лердің бойындағы өнер өрісі, таным-білігі, шешендігі мен тапқырлығы сахнада сарапқа салынды. Ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған Көк­ше топырағындағы сал-серілердің бүгінгі сарқыттары аянып қалған жоқ. Таразы басына бұла күш пен өміршең өнер түскен кезде қазылар алқасы бес кезең бойынша жүзден жүйрік болып көрінген Краснояр ауылының тұрғыны Манарбек Амангелдіні «Жігіт сұлтаны» байқауының бас жүлдегері деп таныды.

– Ең алғаш 1992 жылы облыс­та тұңғыш рет Красноармейск ауданын­да Наурыз тойын өткізген болатынбыз, – дейді Ақан сері атындағы Көк­шетау жоғары мәдениет колледжінің дирек­торы Құралай Ыдырысова. – Атауын еміс-еміс білгенімізбен, маз­мұ­нын, мәнін жете білетін адам жоқ­тың қасы. Ауыл-ауылды ара­лап көнекөз ақсақалдардан сұ­растыр­дық. Барымызды жиып, жоғы­мызды түгендеп, халқымыздың қа­зы­насының ұшан-теңіз екенін көр­сетуге тырыстық. Содан бері осы мере­кені бір сарында өткізіп келе жат­қан тәрізді болып көрінеді көзіме. Таяуда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз тойына байланысты өз көзқарасын білдірді. Өте дұрыс айтып отыр. Шынында да, халықтық мерекені жаңғыртатын, мазмұнын үстейтін уақыт  жетті деп білемін.

Бұл жолғы «Жігіт сұлтаны» да көп жылдан бері жылға тартып келе жатқан ескі сүрлеудің бойымен өткізілді.  Кең қамтып, толық толғау үшін жаңа бір өріс керек шығар-ақ.         

 

Ақмола облысы