Өткен жылы жалпы құны 4587,5 млн теңге болатын 15 жоба жүзеге асырылып, 325 жұмыс орны ашылды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында табысты сала жан-жақты дамып келеді.
Үзіліп түскен моншақтай әсем, көгілдір көлдер мен ақ қайыңдар көмкерген, ауасы дертке дауа, жанға шипа өңірдегі туризм саласы жаңаша қарқынмен ілгерілеуде. Соңғы жиырма жыл ішінде саяхатшылар саны әуел бастағы жүз мыңнан бір миллионға дейін өсіп отыр. Демек саладағы салмақты істерді айғақтай түсетін көрсеткіш.
Табиғаты тамылжыған Бурабай өңірінің тоқымдай тілімі еселеп табыс табатын құнарлы өлке. Оған көрген жанның көзін арбайтын көркем табиғаты себеп. Егер алыс-жақын шет елдерден, өз еліміздің түкпір-түкпірінен келетін саяхатшыларға жақсы жағдай туғызып, инфрақұрылымды заман талабына сай жақсартсақ, толайым табыс тіпті еселене түсері анық.
2010 жылы қабылданған «Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту» бағдарламасы өңі жақсы жағынан өзгерген өңірдің ғана емес, тұтастай туризм саласының қарқынды дамуына игі ықпалын тигізіп отыр. Бұрынғы барды жетілдіріп, талғампаз, кірпияз келушілердің көңілінен шығу да оңай шаруа емес. Ең алдымен, атағы алысқа кеткен шетелдік шипажайлардан кем болмауы тиісті. Бүгінгі күні ел көріп, жер таныған саяхатшылардың айтуына қарағанда, жергілікті жердегі қызмет сапасы әлемнің әр қиырындағы кез келген озық үлгідегі шипажайлардан мысқалдай кем түспейді. Мұның барлығы жоғарыда айтылған бағдарламаның септігі. Туризмді түлетуге бағытталған мұндай кешенді жоспар елімізде бұрын-соңды болған емес. Соңғы он жыл ішінде 60 млрд теңге қаражат бөлініп, толық игерілді. Осындай оң сипаттағы өзгерістің арқасында көркем табиғаттың қойнауында алаңсыз демалуға асығатындар да көбейе түсті.
Енді бір сәт табыс сырын талдап көрелік. Өзгесін былай қойғанда, Бурабай баурайы бүгінгі күні адам танымастай өзгерген. Табиғаты қандай әсем болса, демалыс орындары да өркениетті елдің ең жақсы архитектуралық сымбатына сай. Аквапарк жанындағы спорттық-сауықтыру кешеніне жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бұл іске жұмсалған қаржы 500 млн теңгені құрайды. «Інжу» отелінің маңында үш бірдей бассейннің құрылысы қауырт жүргізілуде. Әр жобаның құны 100 млн теңгеден астам. «Береке-Бурабай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты құны 160 млн теңге тұратын сауда-ойын-сауық орталығы салынуда. Атағы алысқа кеткен «Щучинск» санаторийіне 37 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бурабай баурайында болған шипалы ауасын жұтып, саумал көліне түскен адамдар жақсы білетін «Жекебатыр» санаторийі қыруар қаржыға құрылысшының қалағынан жаңа шыққандай етіп жаңғыртылып, жұтындырылып қойылды. Көркем табиғаттың келісті көрінісін көз алдыңа әкелетін, тамсана көруге, айдай ажарын жанарыңмен аймалап, сүйсінуге толық мүмкіндік беретін айналмалы шығыршық орнатылды.
Демалыс және туризм саласы жалғыз Бурабай баурайында ғана емес, облыстың өзге өңірлерінде де жаңа заманның талабына толық жауап беретін жоғары сапалы деңгейде. Мәселен, Ақкөл ауданында жасанды су көзі салынып, тәп-тәуір демалыс аймағына айналды. «Коновалов» жеке кәсіпкерлігі бұл жобаға 7,2 млн теңге қаражатын бөліп, келген қонақтарға да, жергілікті жұртқа да жап-жақсы жағдай туғызды. Қияндағы Астрахан ауданында да туризмнің тамырына қан жүгіруде. Бұл өңірде жол бойындағы қызмет көрсету нысандары бой көтеріп, өкпек жолаушыға қол қусырып, қызмет көрсетуде. Ежелгі Ерейменнің бауыры да туризм саласына жеткілікті көңіл бөліп отыр. «Горное» аңшылық шаруашылығының базасында ашылған «Бүркіт» демалыс орны таза ауада атқа мініп, әр төбесі, әр белесі өткен шақтың тылсым тарихын бауырына басып жатқан өңірді асықпай аралап, қасиетіне қанығуға мүмкіндік береді. Әрі бұл жерде көңілің түсіп, ықыласың соқса құс салып, ит жүгіртуге толық жағдай бар.
Зерлі Зерендінің табиғи мүмкіндігі Бурабайдан кем түспесе керек. Күміс көл, көкорай шалғын, ит тұмсығы өтпейтін қарағайлы қалың орман кенепке түскен шебер суретшінің туындысы іспетті. «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Зеренді бөлімшесі құны 20 млн теңге тұратын, «Визит центр» деп аталатын екі қабатты ғимараттың құрылысын жүргізуде. Бұл аймақта жанға жайлы жаз түгіл, қытымыр қыста да келімді-кетімді кісінің көңілін табатын барлық жай бар. Мәселен, жыл сайын мүмкіндігін еселеп арттырып келе жатқан «Elikti Park» тау шаңғысы кешені. Ел құлағын елең еткізген сәтті жоба мол тәжірибе жинақтап, қызмет аясын да кеңейтіп келеді. Қазір мұнда балалар алаңдары, ересектер мен балаларға арналған бассейндер, басқа да қажетті нысандар салынуда. Отбасымен келіп, алаңсыз демалуға толық мүмкіндік бар.
Туризм табысты сала болуымен қатар, жергілікті жұрттың қажетін ашып, жаңадан жұмыс орындарын түзуде. Мәселен, аяқталуға шақ қалған, жалпы құны 40463 млн теңгені құрайтын 7 ірі жоба жүзеге асырылған кезде 1500 жұмыс орны пайда болады.
2020 жылы туризм саласын дамытуға ауыз толтырып айтуға әбден лайықты инвестиция құйылды. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы шеңберінде 391,4 млн теңге қаражат игерілді. Бағдарламаның үшінші кезеңіне сәйкес жалпы құны 61,4 млрд теңгені құрайтын 34 жоба жүзеге асырылды.
Бұрын үнемі сынға ілігіп жататын Бурабай поселкесі де көп-көрім көрікке ие болды. Бұл арада 386 млн теңгеге елді мекен ішінде суағар салынғандығын, ендігі арада бұрынғысынша көктемде және жазғы жауын-шашында батпаққа батып жатпайтынын айта кетсек те болар. Щучинск қаласының орамішілік су құбырлары 1 млрд теңгеге жаңғыртылды. Сонымен қатар экологияға да назар аударылуда. Жаңа құрылыстардың бұрынғы су жолдарын жауып қалмауы қатаң қадағалауға алынған.
–2000-2001 жылдары келімді-кетімді туристерге көрсетілетін қызмет көлемі көңіл көншітпейтін. Түскен табыс 300-350 млн теңге шамасында болды, – дейді облыстық туризм және демалыс индустриясы қауымдастығының төрағасы Шынарбек Батырханов, – қазір 6 млрд теңгеден асады. Бурабайдан бөлек Зеренді аймағында және Нұр-Сұлтан қаласының маңында шипажайлар мен қонақ үйлер жыл өткен сайын көбейіп келеді. Тұтастай алғанда өңірде бүгінгі таңда 300-ден астам туристік нысан жұмыс істейді. Ел тәуелсіздік алған жылдары небәрі қырыққа жуық демалыс орны бар еді.
Енді бір ауыз сөз қызмет түрлерінің жергілікті ұлт тілінде көрсетуі төңірегінде. Негізінде Бурабайға ат басын бұрған туристердің көбі саяхаттың жергілікті ұлт тілінде жүргізілгенін қалайды.
– Біздің фирмада мұндай мамандар мүлде жоқ, – дейді «Круиз» туристік фирмасының өкілі Зада Ташенова, – бәрі маған келеді. Бала жасымнан құлағыма сіңген, «Қызқұлаған», «Тасшалқар», «Күйеуағаш», «Көктал» деген айрықша әсем жерлерге байланысты ұлағаты мол аңыздарды жадына тоқып өскендігім кәдеге жарап қалды. Оның үстіне Оқжетпес пен Жұмбақтасқа қатысты жұрт жадында жатталған қаншама аңыз бар. Әдемі де айшықты, тәлімді де тағылымды, тыңдаған жанның жан-дүниесін баурап, көңілін арбап тұрады. Абылай алаңы туралы сөз сабақтасаңыз, таңды таңға ұластырып айтуға болады. Көркем табиғаттың аясындағы өсімдіктерді, аң-құстарды да кестелеп жеткізсеңіз, келісті емес пе?!