Сенатор Қанатбек Сафинов мемлекеттік органдарды шенеуніктердің өз функцияларын беруге асықпағаны үшін сынға алды, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ол өзінің депутаттық сауалында елде кейбір мемлекеттік функцияларды бәсекеге қабілетті орта мен өзін-өзі басқару органдарына беру саясаты жүріп жатқанын атап өтті. Алайда шенеуніктердің функционалдық белсенділігі соңғы жылдары азаюдың орнына тек өсіп жатыр. Кейбір мемлекеттік қызмет түрлерін тапсыру, бір жағынан, азаматтардың жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтсе, екінші жағынан, бюрократиялық аппаратты қысқартуға мүмкіндік береді.
«2015 жылғы жағдай бойынша мемлекеттік органдар туралы ережеге сәйкес мемлекеттік функциялардың саны төрт жарым мыңға жуықтады. Қазір бұл функциялардың саны одан да көп болуы мүмкін, себебі тәжірибе мемлекеттік органдардың функцияларын азайтудың емес, көбейтудің жолымен келеді», деді сенатор.
Қанатбек Сафинов мемлекеттік орган өзінің функцияларының бір бөлігінен бас тартқан жағдайда да, кейде олар сол мемлекеттік органға бағынатын компанияларға ауысатынын атап өтті. Ресми түрде тапсырыс орындалады, функциялар бәсекелестік ортаға беріледі, бірақ іс жүзінде мемлекеттік орган барлығын бақылауда ұстау мүмкіндігін сақтап қалды.
Ал шын мәнінде, негізгі идея – Үкімет пен азаматтық қоғам арасында тепе-теңдікті сақтау еді. «Ұлт жоспары – 100 нақты қадамның» өзінде мұндай трансферт функцияларды тек бәсекелестік ортаға берумен шектелмейді.
«Ұлт жоспары бойынша, мемлекетке қажет емес бірқатар функцияның орындалуын кейбір мемлекеттік мекемелерден басқа бағынышты ұйымдарға ауыстыру емес, оларды қысқарту қажет», дейді Қанатбек Сафинов.
Осыған байланысты сенатор Премьер-Министрден Үкіметтің осы бағыттағы 2 жыл ішінде атқарған жұмыстары туралы ақпарат беруін, іске асыру мерзімі мен кезеңдері туралы мәліметпен бөлісуін, сондай-ақ, алдын-алу шаралары туралы есеп беруін сұрады.