• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 01 Сәуір, 2021

Бопай ханша

4385 рет
көрсетілді

Ұлы даланың қайсар да батыр қыз­дарының бірі – Бопай Қасымқызы. Тарихта атын атау­ға тыйым салған кезеңнің кедер­­гілерінен асып, саясаттың қа­малын бұзып өтіп келген ел жадындағы батырлар мен ару­лар рухына бас ие отырып, түз­де жалғыз жорт­қан жолбарыстай тағдыр кешіп, азаттық жолында шейіт кеткен Кенесары Қа­сымұлының жауынгер қарын­дасы Бопай туралы айтсақ, ол – қазақтың қаһармандық эпосында:

Тауда болар тарғыл тас,

Тарықса шығар көзден жас.

Тар қолтықтан оқ тисе,

Шығады сүйеп қарындас.

Қарындасың болмаса,

Жауда қалар жалғыз бас, –

деп жырланатын, жауға аттанып бара жатқан батыр ағаның өзі қайырылып сөз тастап, сенім ар­татын ержүрек қыздар сойы­нан. Майдан алаңында даңқы дәуірлеп тұрған Кир патшаны аттан ғана емес, тақтан да түсірген, түсіріп қана қоймай, басын алып, әскерін тас-талқан еткен сақтың батыр патшайымы Тұмар ханым – Томирис, қаһарман ару Зарина, қалмақтарға қарсы жорықтың қас батырларымен тізе қосқан Абылай ханның қызы Айтолқын, Қабанбай батырдың жары Гауһар мен қызы Назым көтерген ерлік туын кешегі боданға түсер заманда өз қолына алған Бопай ханшайым туралы Е.Бекмахановтың зерттеулерінде, т.б тарихи-та­ным­дық кітаптар мен басылым­дарда құнды мәліметтер берілсе, Ілияс Жансүгіровтің «Күйші» поэ­масы мен Ілияс Есенберлиннің тарихи трилогиясында хан­ша­йымның көркем бейнесі сом­далған. Ілияс Жансүгіровтің «Күйші» поэмасында Бопай хан­ша Қарашаш атымен оқиғаға енген. Эпик ақын суреттеген Бопай – Қарашаштың болмысы:

Қарашаш ақылы дария,

алтын басы,

Әйелдің ақ сұңқары,

ханзадасы.

Өз басын мың қараға

теңгермейтін,

Кененің кеңесінде ақылдасы.

 

«Дат!» – деді ханның өжет

 Қарашашы,

Немере, хан Кененің

 қарындасы.

«Ханыша, не датың бар?» –

 деді Кене,

Аңырып тұрып қалды

айналасы.

 

Сырттан қыз сілкінгендей

 беріп сыртын,

Талайдың айдынымен

алған сұрқын.

Иілді «Алдияр!» деп

хан алдына,

Қалды ұйып үйдің іші,

болды жұрт жым.

«Қамалым, хан данышпан,

Кенем – құтым,

Менің де сыртым бүтін,

ішім түтін…

Хан Кенеден тұтқынға түскен күйші жігітті сауғаға сұрап алып, сол күйші күйіне ерекше ықы­ласты болған ержүрек арудың ерекше болмысын ақын «әйелдің ақсұңқары, ханзадасы», «өжет», «сырттан қыз» деген айрықша ай­қындаулармен суреттейді. Поэ­мада ер мінезді арудың күйге деген шексіз сүйіспеншілігі мен сертінде тұрып, күйші жігіттің басына бостандық беруі асқақ болмысы мен жаратылысын, ерлерге бергісіз ерекшелігін та­нытады. Міне, ердің өзі тартынып қалар жорыққа ағасына тілекші, қолтығынан сүйеп шығар қарындас болып ілескен батыр қыздың болмысы көркем туындыда ғана емес, ақиқатында осындай.

Бопай – Абылайдың ұлы Қа­сымнан туған алты ұлдың ішіндегі жалғыз қызы. Қасым мен оның бәйбішесі Айкүмістен Кенесары, Саржан, Есенгелді, Көшек, Ағатай атты ұлдар мен Бопай атты қыз туған екен.

Бопай Әбілхайыр ханның Сәмеке атты ұлына ұзатылады. Кейбір деректер бойынша, Сәмеке сұлтан және оның туыстары Кенесары хан бастаған қозғалысқа қосылудан бас тартады. Бопай ханша болса, ағасына тілекші әрі демеуші болып, өз бауырынан өрбіген алты ұлын алып, әскерге келіп қосылады. Хан Кене бастаған майданға бас­­тан аяқ қатысып, жау шебіне жорықтар ұйымдастырады. Ел мүддесі жолына басын тіккен қайсар ару осылай ағаны қолдар нағыз қарындастың қас үлгісіне айналады.

Белгілі тарихшы Е.Бекмаханов еңбегінде: «Өзінің әскери ерлік­терімен Кенесарының қа­рындасы Бопайдың да даңқы шықты. Ол көтерілістің алғашқы күн­де­рінен-ақ оның белсенді қатысушысына айналды. Ол өзі­­нің күйеуі Сәмеке мен оның туыс­­тары сұлтан Сартеке және Досан Әбілқайыровтарды да көте­рі­ліске қатысуға шақырған екен, олар қарсы болған» (Бекмаханов Е.Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. Алматы: Санат, 1994.), – деп жазылған.

Бопай ханшаның өзімен бірге майданға кірген алты ұлының бірі – Нұрхан делінеді. Патша әскерімен болған бір шайқаста оның тұтқынға түскені туралы Е.Бекмаханов архив мәліметтерін келтіреді. Орыс әскерінің жүз­басы Лебедев тұтқындардың ішін­де Кенесарының туған жиені, яғни Бопай атты қарындасының ұлы Нұрханның бар екенін және оның қатты қарсылық көрсет­кендіктен жараланғанын жазады. 

Кескілескен қан майдан,­ қа­бақ­қа қар, кірпікке мұз тоң­­ған қаһар­лы жорық әйел заты­ның қолы да, жолы да емес. Де­сек те, ұлтымыздың тарихын­да ерлермен бірге ерлік жоры­ғына ат­танған қыздар аз емес еке­нін білеміз. Солардың біре­гейі Бо­пай ханшайымның ерек­ше батыл­дығын, қайтпас қайсар­лығын таны­татын аңыз әңгімелер ел арасына кең тараған.

Бопай ханша бұл қозғалыста алты жүз адамнан тұратын жа­сақты басқарады. Жасақ әскерді көлік­пен және ас-ауқатпен жаб­дықтауға міндетті болады. Көте­ріліске қосылмаған ел ішін­дегі байлар мен сұлтан­дардың мал-мүліктеріне күш көрсетіп, тартып алуларына тура келеді.

Бопай ханшайым қатысқан ірі майдандардың бірі – 1838­ жылы Батыс Сібір ген­ерал-губернатор­лығының Аманқарағай дуанына жасалған шабуыл. Сондай-ақ ол 1847 жылдардағы қырғыз манаптарына шабуыл жасағанда Кенесары ағасымен бірге болады.

Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, Бопай ханшаның қа­сында көп қыз жасағы болған. Олар­дың ішінде Арғын руынан шыққан Алтыншаш және Табын руынан шыққан Ақбөкен деген қыздар болған екен. Кеңес өкі­метінің қуғынына ұшыраған қыр­ғыз тарихшысы Белек Сол­тоноевтың «Қырғыз тарихы» еңбегінің «1847 жылғы Кене Хан­ның Қырғызға екінші шабуылы» тарауында Кене хан қырғызға жо­рыққа аттанарда Бопайхан деген қарындасы: «түсімде самай ша­шым өртеніп кетті, қырғызға бар­­маңыз» дегені, хан ағасының оны тыңдамай, ақыры осы сапар­да мерт болғаны туралы айтылады.

Хан ағасы шейіт кеткен соң бір жыл өткенде қырғыздардың қолына түскен қазақтарды және олардың ат-тон, мүліктерін Бопай ханша келіп, жиып әкеткен екен. Бопайдың бұл әрекеті оның еліне қаншалықты жанашыр, қамқор болғанынан да хабар береді.

Бопай ханша қазіргі Ақтөбе облысында, Ырғыз өзенінің бо­йында дүниеден өткен. Әйтеке би ауданында Бопай ханша атын­дағы ауыл бар. Батыр ана­мыз­дың зираты осы ауылға жақын тө­бешікте орналасқан деседі.

Елінің азаттығы жолында ер­лермен қатар майдан алаңына кірген батыр қыз Бопай ханша да қаһар­ман арулар қатарынан орын алатын айтулы тұлғаларымыздың бірі ретінде ұрпақ жадында сақ­талуы тиіс.

 

Жанат Аймұхамбет,

филология ғылымдарының докторы, профессор