• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 02 Сәуір, 2021

Күнгейде дала жұмыстары басталды

338 рет
көрсетілді

Көктем ерте келетін Күнгейде жер өңдеу жұмыстары басталып кет­ті. Жыл басы – Наурызда жер жыртып, тұқым сепкен ди­қан­­дар жаздың соңы, күздің басында мол өнім жинаймыз де­ген ниетте.

Былтырғыдай емес, Шымкент қала­сында егіс аумағы арта түскен. Биыл 29,3 мың гектар жер­ге егін егу жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда (2020 жылы – 27,9 мың гектар) 1,4 мың гектарға артық. Оның ішін­­де дәнді дақылдар (бидай, арпа, жүгері) – 12,9 га, майлы дақылдар (мақсары, күнбағыс) – 3,8 га, көкөніс пен бақша – 3 га, кар­топ – 0,7 га, мал азықтық да­қыл­дар – 8,9 га аумаққа егіледі, – дейді сала сарапшылары.  

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 1 мың тонна жанар-жағармай бөлініп, оператор анық­талып қойған. Бұл қаладағы ірі 60 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің егін егу жұмыстарын жүр­гізу­ге толы­ғы­мен жетеді. Агро­құ­ры­лым­­дарға жет­кізіп беруді қоса алғандағы жеткізу құны литрі­не 157 теңге болып бекітілді (нарық­та­ғы бағасы – 183-185 теңге).              

Көктемгі дала жұмыстарына трактор, тұқым сепкіштер, жер қопсытқыштар, топырақ өңдейтін агрегат секілді техникалардың саны жеткілікті. Бүгінде олар 93,2 пайызға дайын.              

Сонымен қатар шаһарда осы жылға минералды тың­айт­­қыштардың құнын субсидиялауға 122 млн 146 мың теңге, тұқым шаруа­шылығын дамытуды суб­сидиялауға 5 млн 885 мың теңге, пес­ти­цидтердің, биоа­гент­тер­дiң құнын субси­дия­лау­ға 600 мың теңге бөлінді.

Сондай-ақ былтырғымен салыстырғанда шаһардағы жылыжай кешенінің аумағы да арта түскен. Оған себеп, қалада жылыжай кешендеріне мемлекеттік қолдау көрсетіле бастады.

Ауыл шаруашылығы сала­сын­да басым бағыттардың бірі азық-түлік тауарлары екені бел­гілі. Тұрғындарды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету мақ­са­тын­да Шымкент қаласында жылыжай кешендерінің саны мен оған көрсетілетін мемлекеттік қол­дау үлесі артып келеді.

Шымкенттегі мемлекет тарапынан қолдау тауып, кәсібін дөң­ге­летіп отырған өндірістік жылыжай кешендерінің бірі – «Иляев» ЖК. Қаратау ауданы Мәртөбе тұрғын алабында орналасқан. Жалпы аумағы 2,2 гектарды құ­райды. Өз жұмысын 2018 жылы бастаған. Сол жылы кешен құры­лы­сына «Агроөнеркәсіптік кешен субъектісі инвестициялық салынымдар кезінде жұмсаған шығыстардың бір бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялау» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау көрсетілген. Жылыжай кешені түркиялық стандартқа сай келетін және жаңа үлгідегі құрал-жабдықтармен жаб­дықталып қана қоймай, инно­ва­­циялық жүйедегі заманауи технологиялармен қамтылған. Жылына 600 тоннаға дейін қыза­нақ­тың «Мерлис» және «Пембе» сұрыптарын өндіреді. Өндірілген тауарлар азық-түлік дүкендері мен базарларында сатылып жатыр. Қазіргі таңда жылыжай ке­шенінде 30 адам тұрақты жұ­мыс­пен қамтылған. Айта кетейік, бұл жерде өсірілетін көкөністер тек экологиялық таза өнімдерден құралады. Оларды өсіруде қол­да­нылатын технология су мен тыңайтқыштарды және басқа да ресурстарды үнемдеуге мүм­кін­дік береді.

Мемлекет тарапынан көр­се­ті­летін қолдаулар нәти­же­сін­де кәсіпкер, шаруашылық иесі Берік Иляев 2022 жылы қосымша жылыжай аумағын 4 гектарға ұлғайтып, өнім көлемін арттыруды жоспарлап отырғанын жет­кіз­ді. Одан өзге, Шымкент қала­­сын ғана қамтып қоймай, экс­портқа шығаруды көздеп отыр.

Жалпы, Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы саласы, оның ішінде егін шаруа­шы­лы­ғы­на ерекше дем берілуде. Соның бірі Қаратау ауданына қарас­ты Бозарық тұрғын алабында орналасқан қызанақ, қияр өнім­де­рін өсірумен айналысатын жы­лыжай кешендерінің бірі – «Зәуре» шаруа қожалығы.

Жалпы аумағы 3 гектарды құрайтын автоматтандырылған жүйеде жұмыс істейтін өнеркә­сіп­тік жылыжай кешені өз жұмысын 2019 жылы бастаған. Сол жылы өнді­рістік жылыжай кешенінің құрылысына «Агро­өнеркәсіптік кешен субъек­тісі инвестициялық салы­ным­дар кезінде жұмсалған шы­ғыс­­тардың бір бөлігінің орнын толтыру бойынша суб­си­дия­­лау» бағдарламасы аясында мемлекет тарапынан қол­дау алған.

Қазіргі таңда жылына 900 тоннаға жуық көкөніс өнімдерін өндіре алатын кешенде 45 адам тұрақты жұмыс істеп, қала тұр­ғындарын сапалы көкөніс өнім­д­­ерімен қамтамасыз етуде. З­а­ма­науи түркиялық технология­лармен қамтылған жылыжай кешені тамшылатып суарудан бастап, жылу энергиясының автономды көздерімен, термоак­ку­мулятор, жылыту және кли­мат­тық бақылау жүйесі, ауа­ны автоматты ылғалдандыру, жа­рық беру, көмір қышқыл газын өндіру, перделеу жүйелерімен автоматтандырылған жүйеде жұмыс істейді.

Алдағы уақытта шаруашылық иесі жылыжай кешенінің аума­ғын кеңейтіп, көкөніс өнім­де­рін арттыруды және шаһар тұр­ғындарын сапалы әрі таза өнім­дермен қамтамасыз етуді жос­пар­лап отыр.

Соңғы жылдары Шымкентте жеміс-жидек өндірісі қарқын алуда. Мәселен, «Ақтас – 2» шағын ауданындағы бау-бақша жұмысы соның дәлелі. Рабат тас жолы бойында орналасқан алма бауының жалпы аумағы – 100 гектар. 4 түрлі алма сор­тынан 250 мың түп алма ағашы отырғызылған. 2020 жылы су тапшылығынан өнім беру көр­сет­кіші төмендеп, жаз мез­гі­лін­де 100 тонна, күз мезгі­лін­де 8 тонна өнім жиналған.

Биыл алма ағаштарын бұтау және дәрілеу жұмыстарына қо­сым­ша қаржы бөлініп, жоспар бойынша осы жылы 500-1000 тонна көлемінде өнім алу жос­парланып отыр. Сонымен қатар, қосымша 12 500 түп алма ағашын отырғызу жоспарлануда.

Жалпы осы атқарылған жұ­мыс­тар нәтижесінде және су тап­шылығы толығымен шешіл­ген жағдайда 100 гектардан 3 мың – 5 мың тоннаға дейін жеміс жи­най­мыз дейді шаруашылық мамандары.

 

ШЫМКЕНТ