Еліміздегі ең астықты аймақтың санатындағы өңір диқандары көктемгі шешуші шаққа қапысыз қамдану үстінде. Биыл егіс алқабы да ұлғайтылмақ. Демек, диқан иығына түсер жүк те, жауапкершілік те еселене түспек.
Ақмолалық диқандар 5 млн гектар алқапқа егін егуді межелеп отыр. Оның 4,5 млн гектары дәнді дақылдар. Бұл арада өткен жылмен салыстырғанда көп-көрім өсім барлығын айта кетуге болар. Дәнді дақылдар алқаптары 68,2 мың гектарға ұлғаяды. Жаз жайлы болып, жерден беріп, көктен иісе, ел ішін ғана емес, сыртқы саудаға да несібе болуы мүмкін деген үлкен үміт бар. Азық-түлік дақылдарымен қамтамасыз ету қашанда айрықша маңызға ие екендігі белгілі. Осы орайда 214 мың гектар жерге майлы дақылдар егілмек. Бұл тарапта да ілгерілеушілік бар. Майлы дақылдар егілетін алқап көлемі 1,2 мың гектарға көбейтіледі. Жалғыз азық-түлік қана емес, мал шаруашылығымен де мықтап айналысатын өңір үшін мал азығын ескермесе тағы болмайды. Бұл орайда 200 мың гектар танапқа мал азығы дақылдарын егу көзделуде. Жоғарыдағыдай салыстыратын болсақ, бұл орайдағы алқаптар ауқымы 15,7 мың гектарға кеңейтілмек. Демек, жыл санап басы өсіп келе жатқан төрт түлік мал да сапалы, құнарлы азықпен толайым қамтылады деп айтуға болар. Әрине күні бұрын тон пішкен де қисынға келе бермес. Жер емшегін емген елде «балапанды күзде санайды» дейтін де мәтел бар. Әйтсе де ақмолалық диқандардың ел игілігін молайтуға деген құлшынысы құптарлық. Екінші бір қырынан алғанда, бос жатқан мыңдаған гектар жер игеріліп, кәдеге асады. Егін шаруашылығымен айналысатындар ғана емес, ел де берекелі тірліктің игілігін көрмек.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мейлінше көңіл бөлініп отыр. Бұл пікірімізді дәлелдеу үшін 10 мың гектар жерге қарақұмық, 21 мың гектар жерге картоп, 33 мың гектар жерге күнбағыс егілетіндігін айта кетуіміз керек.
Егін шығымы әлбетте тұқымға байланысты. Тұқымы тәуірдің өнімі де берекелі болмақ. Былтырғы жиын-терін аяқталған соң іле тұқым дайындауға кіріскен диқандардың қамбасында 530 мың тоннадан астам тұқым бар. Сапасы туралы сөз сабақтағанда, аражігін ажырата айтқан ләзім. Қолда бар тұқым облыс диқандарының көктемгі егіске қажеттілігін 100 пайыз өтей алады. Тұқымның 169,6 мың тоннасы бірінші, 125,7 мың тоннасы екінші, 20,5 тоннасы үшінші сыныпты. Демек, әне бір жылдардағыдай дәл науқан үстінде тұқым іздеп ешкімге қол жаймайтын мүмкіншілік бар. Облыстың тұқым шаруашылықтары диқандарға қажетті мөлшерді өздері-ақ қамтамасыз етіп отыр. Бұл да үлкен жетістік. Шығын азайып, өзіндік құн біршама арзандайды. Әрі сенім де берік болмақ. Айталық, 36 элиталық тұқым шаруашылығы 30 мың тоннадан астам тұқым сатты. Оның 17 мың тоннасы – элиталық тұқым.
Қазіргі күні көктемгі егіске қажетті қолда бар техника тегіс жөнделуде. 99 пайызы дайын. Көктемгі егіске 16 мың бірлік тұқым сепкіш, 1 300 жоғары өнімді егіс кешендері қатыстырылады. Жыл басынан бері 4,3 млрд теңгеге 170 ауыл шаруашылығы техникасы сатылып алынды. Әрине ескірген техника әлі де танаптарда кездесетіндігін жасыруға болмас.
– Егер техника толық даяр болмаса, ойға алған істің сапалы орындалуы мүмкін емес, – дейді Зеренді ауданындағы шаруа қожалығының өкілі Құлан Батыров, – ең өзекті мәселе – механизаторлардың тапшылығы. Аға буын әлдеқашан зейнет демалысына шығып кетті. Кейінгі толқын бейнеті көп жұмысқа бел буып бара бермейді. Егер тәжірибесі толысқан, жұмысқа деген ынтасы мол жастар болса, еңбек те өнімді болар еді.
Еңбек өнімділігі үшін ауыл шаруашылығы құрылымдары қолда бар мүмкіндікті пайдалана отырып техниканы тегіс жаңартуға тырысқандары жөн. Көктем жауын-шашынды болса егіс жұмыстары кешеуілдеп, мерзімінен кеш аяқталатын да көріністердің орын алатындығын жасыруға болмас. Мол өнімнің бір кепілі тыңайытқыш екендігі даусыз. Қазіргі күні 12,2 мың тонна минералды тыңайтқыш дайындалып, оған қоса 31,2 мың тоннаға келісімшарт жасалып қойды.
Өңірдегі астықты ауданның бірі – Жақсының жалпақ даласында да көктемгі егіске қарбалас күшейген. Осы жылы ауданда егіс көлемі 476,2 мың гектарды құрамақ. Басты бағыт – дәнді дақылдар. Бұл шамамен 47,4 мың гектарды алады. Майлы дақылдар мен көкөніс көлемі 25,6 мың гектарға жеткізілмек. Өндірісті әртараптандыру шеңберінде үлкен жұмыстар жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсату да ауданда оң жолға қойылған. Соңғы жылдардағы жағымды жаңалықты сыналап енгізе кетелік. Аудандағы жаңашыл, озат ұжымның бірі есебіндегі «Урожай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде құны 2,6 млрд теңге болатын өндіріс ырғағы толық автоматтандырылды. Жоғары өнімді италиялық жабдықтармен қамтамасыз етілді. Өнімді өңдеуге көңіл бөлу табысты да еселей түспек. Бұл серіктестік жылына 12 мың тонна жарма дайындай алады. Осындай жаңалыққа жаны құмар жандар көктемгі егіске де барынша ден қойып отыр.
Соңғы жылдары аудандағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер пайдалы дақыл – жасамық пен бұршаққа көбірек көңіл аудара бастаған. Сондай-ақ жаздық рапс, майлы зығыр, қыша дақылдарына да мән беріліп отыр. Өткен жылы 70 мың гектардан астам жерге мал азығы егіліп, ысырапсыз жиналып алынды. Жемшөп егуге оң көзқарас – мал шаруашылығы саласын дамытуға да көп-көрім ықпал етуде. Сабақтастыра дамыту арқылы үйірілген игілік те аз емес. Берекенің бастауы қолжетімді мемлекеттік бағдарламалар болып отырғанын да айта кетуіміз керек. Тұқым сапасын тексеретін зертхананың деректеріне қарағанда, қолда бар тұқымның 91 пайызы жоғары өнімді.
– Көктемгі егіс өте жауапты науқан, – дейді аудан әкімі Бауыржан Малғаждаров, – негізінен дайынбыз. Тұқым шаруашылықтарының үлесі мол. Қазір элиталық бидайдың 1 тоннасының бағасы 140 мың теңгеден 160 мың теңгеге жетіп отыр. Бір жақсысы, біздің өңірдің диқандары тұқымды шеттен сатып алмайды.
Облыс диқандары көктемгі дала жұмыстары кезінде қаражаттан қысылмайтын сыңайлы. «Қазагро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ филиалдарына жалпы құны 8,1 млрд теңгені құрайтын 184 өтінім түссе, оның 6 млрд теңге көлеміндегі 150-і қанағаттандырылған. Ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы 18 ірі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 83 млн теңгеге несиелендіріліп отыр. Бұл арада несиенің пайыздық үстемесі 4-6 пайыз көлемінде екенін айта кетуге болар. Ел ертеңі үшін еңбек көрігін қыздырып жатқан диқандарға көп-көрім көмек.
Облыс диқандарына қажетті жанар-жағармай жеткізілуде. Наурыз айында 34 мың тоннасы арнайы орындарға құйылып алынса, сәуір айында 18 мың тоннасы тасымалданады. Келісімшарт жасалған.
Әзірге диқан қауым көктемгі дала жұмыстарына қапысыз қамданған іспетті. Ендігісі табиғаттың жомарт пейіліне байланысты.
Ақмола облысы