Көктем шуағы білінісімен-ақ көп көңілде алаңдау басым. Қар суы биыл қалай ериді екен? Күндіз еріп, түнде қатса, ылғал ұшып кетер еді. Күрт ерісе, қауіп молая түспек. Мамандардың есептеуіне қарағанда, биыл қар өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп.
Қызыл су жүріп, тұрғындарға тақсыретін ала келетін тентек тасқын орын алса, өзен-көл жағалауларына жақын орналасқан елді мекендерді басып қалу қаупі әлі де бар. Демек, сақтық шараларын ширата түсу қажет.
Қазір өңір жоғары дайындық режіміне көшкен. Қызыл суға тосқауыл қоюға тиісті барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар, серіктестіктер мен шаруа қожалықтары буынып-түйініп, қас қақпай бақылап дайын отыр. Кей жылдары күні бұрын қамданғанымен, ішінара төтенше жағдайлардың орын алғаны мәлім. Онда да қағаз жүзіндегі дайындық туралы ақпарат мұздай қатып тұрған. Өкінішке қарай, сол жылдары рабайсыз мол су өзен аңғарларынан асып, әлденеше жыл бойы дайындап қойдық деген бөгеттерді бұзып кеткен болатын. Атбасар, Целиноград, Ерейментау, Сандықтау аудандарында көктемгі су тасқыны кезінде жүздеген тұрғын үйлер мен әлеуметтік-тұрмыстық нысандарды, жүздеген шақырым жолдарды шайып кетті. Өткеннің өкінішті ақиқатынан сабақ алған ләзім.
– Биыл қар жылдағыдан көп. Аймақта су тасқынының алдын алу үшін облыстық шұғыл штаб жасақталды. Су тасқынының қаупі бар аудандарда көшпелі мəжіліс өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі кезде аудан жəне қала əкімдіктері мен азаматтық қорғаныс саласы қызметкерлерінің алдына нақты міндет қойылып отыр, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қанат Доспаев.
Алдымен, бұрнағы жылдардағы олқылықтар мен қателіктер екшелген. Биылғы дайындық жұмыстарының барысы тиянақталған. Өңірдегі Атбасар, Целиноград, Аршалы жəне Астрахан аудандарындағы өзен-көлдер тәулік бойы бақылауға алынып отыр. Елді мекендерден қар шығарылып, су жүретін сай-сала, арықтар тазалануда. Облыс бойынша 789 мың текше метрден астам қар шығарылды. Су тасқынының алдын алуға қажетті 353,5 мың тонна инертті материал, 93,9 мың қап əзірленді, 1 мыңнан астам арнайы техника толық дайындыққа келтірілді.
Су тасқынының алдын алу шараларын ұйымдастыруға облыстық бюджеттен 643,4 млн теңге қарастырылып отыр. Әзірге он аудандағы су көздерінде мұз жару жұмыстары жүргізілді. Қызыл су жүру қаупі бар ауданның бірі – Сандықтау. Аудан аумағынан Жабай, Жыланды, Ащылы, Атыжоқ, Қоңыр, Сарқырама өзендері өтеді. Кешегі мәлімет бойынша өзен-көлдердегі мұздың қалыңдығы әлі 50-70 сантиметр деңгейінде. Қазгидрометтің болжамына қарағанда, Жабай өзеніндегі су жылдағы қалыптан 30-40 пайызға аз болуы әбден мүмкін. Бірақ өзенге қосылатын сай-сала көп. Қауіп тудыратын жері осы ара. Ауданның 10 елді мекені су тасқыны болуы ықтимал өзендердің жағасына орналасқан. Бұл елді мекендерде 459 тұрғыны бар 162 отбасы тіршілік етуде. 2020 жылы елді мекендерді жанай өтетін өзендердің жағалаулары біршама көтеріліп, бекітілген болатын. Су табанындағы қоқыс тазартылып, өтетін аңғарлары мүмкіндігінше кеңейтілді. Биылғы су тасқынының алдын алу үшін төтенше жағдайлар департаментімен бірлесе отырып, мұз жару жұмыстары жүргізілді. Оған 625,4 кило жарылғыш заттар пайдаланылды. Осы жұмыстың нәтижесінде 4 260 шаршы метр аумақтың мұзы жарылып, ағын су еркін өтетін аңғарлар пайда болды.
– Көктемгі су тасқынына біршама тыңғылықты әзірлендік, – дейді Сандықтау ауданының әкімі Ербол Жүсіпбеков, – қазір аудан аумағындағы елді мекендерден қасат қарды шығару ұйымдастырылуда. Бүгінге дейін 40 мың шаршы метрге жуық қар шығарылды. Аудан орталығы Балкашин ауылынан 21 мың шаршы метр төңірегінде қар шығарылып, тазаланды. Сандықтау, Балкашин, Максимовка, Каменка, Новоселовка елді мекендеріне тәулік бойы жұмыс істейтін бекеттер қойылды. Бұл бекеттерден аудандық штабқа ақпарат екі сағат сайын келіп тұрады. Жағдай бақылауда. Оқыс оқиға орын ала қалса, жедел жәрдемге жететін отряд та құрылыпты. Отряд құрамында 57 адам бар. Олардың пайдалануына 18 арнайы техника бөлінген, 6 ауылдық округте жедел топтар жасақталған. Ол топтардың әрқайсысында 10-нан 25 адамға дейін бар. Төтенше жағдайдың алдын алу үшін аудандық бюджеттен 1 млн 114 мың теңге қарастырылған. Тағы да 3 млн теңге қаражат бөлінбек. Басқа да қажеттіліктерге ұзын-ырғасы 10 млн-ға жуық қаржы бөлінбек. 210 тонна инертті материалдар әзірленді.
Әзірге қар көбесі сөгіле қойған жоқ. Дегенмен, сақтықтың артық етпейтіні белгілі. Су тасқынының алдын алуға міндеттелген мекемелер қазір өңірдің қауіпті жерлерін кірпік қақпай бақылауға алып отыр.
Ақмола облысы