• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 05 Сәуір, 2021

Жамбыл жырлары – Мажарстанда

1246 рет
көрсетілді

Биыл туғанына 175 жыл толған «Дала Гомері» деп атанған данагөй тұлға, ұлы жырау Жамбыл Жабаевтың даңқы ХХ ғасырда әлемге мәшһүр болды. Еуропада отырғанымен ежелгі ғұндар мен қыпшақтардың бекзат салтын жаңғырта білген мажарлар кезінде жыр алыбына ерекше назар аударыпты. Бұл туралы Халықаралық Түркі академиясы  жариялаған «Жамбыл жырлары мажар тілінде» атты зерттеу еңбектің оқырманға берер дерегі мол.

Қазақ әдебиетіндегі жырау­лық пен айтыс өнерінің дәс­түрін ұштастырған Жамбыл шығар­малары ақынның көзі тірі­сінде көптеген халықтың тілінде орасан зор аумаққа таралып үлгергені, лайықты баға­сы берілгені әмбеге аян. Аудар­малары арқылы күш алып келе жатқан қызыл империяның аума­ғынан асып, социалистік жүйе блогына енген елдерге де тез тарап үлгерді. Әсіресе Ұлы дала­мен байланысқа ерекше мән бе­ретін мажарлар үшін Жамбыл шығармаларын аудару, насихат­тау, зерт­теудің қаншалықты маңызға ие болғандығы бай­қа­лады.

Мажар тілінде шығармалары алғаш жарыққа шыққан әрі күні бүгінге дейін көп жарияланған қазақ авторы – Жамбыл ақын. Оның шығармаларына алғаш болып ден қойған, Шығыс Еуро­паны кезіп жүрген коммунизм елесі шарпыған кезде Кеңес Ода­ғына бас сауғалаған, ондағы идеологиялық органдарда қызмет жасаған мажарстандықтар еді. Бірінші болып Ланьи Шаролта «Правда» газетінде жарық көрген Жамбыл шығармашылығы туралы материал негізінде таныс­тыру мақаласын 1938 жылы жариялаған. ІІ дүниежүзілік соғыс тұсында Жамбыл жырлары мажар тілінде көптеп жарық көрді. Соғыстан соң кеңестіктердің ықпалды ай­­­мағына өткен Мажарстанда ор­­наған саяси-идеологиялық жаңа жүйенің қолайына жаға­тын, ұстанымдарын насихаттау, мәселесі күн тәртібіне қойыл­ғанда бұл қатарға Жамбыл ақын­ның туындыларына да таңдау түсті.

Бұл істің екінші жағынан, ғылыми-танымдық жағы да бар еді: Жамбыл шығармалары ар­қы­лы сахарадағы (Ұлы дала­дағы) байырғы дүниетаным мен көркемдік талғамның ерек­шеліктерін танып білуге, зерт­теуге құнды дерек ретін­де ба­ғалануынан. Әлем ха­лық­­тары­ның 22 тіліне аударылып үлгерген Жамбыл шығар­ма­ларының қазақ болмысын һәм фольклорлық санасын зерттеп-зерделеуде мәні зор деп бағаланды.

Жамбыл Жабаев шығарма­ла­рын мажар тіліне тәржімалаумен айналысқан әдебиетшілер қата­ры көп деп айтуға болады. Олар Га­бор Андор, Мадарас Эмил (ІІ дүниежүзілік соғыс тұсында Алматыда әде­би қорды басқарған екен), Хидаш Антал, Бекеш Жужанна, Сильи Ерньө, Кест­һейи Золтан, Нойд Ласло, Сер­гей Кирянов, Райч Иштван, Гаш­пар Эндре, Раб Жужа, Тереньи Иштван, Кардош Ласло сынды білікті әдебиетшілер. Араларында 1930-жылдары пролетар, коммунист жазушылар қозғалысына атсалысқан жандар бар. Дені мажар-кеңес әдеби байланысы саласында, ХХ ғасырдағы мажар әдебиеттануындағы елеулі тұлғаларға айналған, еңбектері еленіп, лайықты бағасын алған мамандар.

Библиографиялық мәлімет­терден байқаға­нымыздай, 1945-1970 жылдар аралығында қазақ қаламгерлері арасынан мажар тілінде ең көп жа­рияланған, зерт­­телген, насихатталған автор Жам­был Жабаев екенінде дау жоқ. Оның шығар­малары анто­логияларда 72 мәрте, газет-жур­налдарда 35 мәрте, сондай-ақ ғылыми басылымдар мен энциклопедияларда 30-дан ас­там рет жарық көр­ген екен (бұл әлі де толық есеп болмауы мүмкін). Тағы бір ерекшелігі Мажарстанмен ғана шектеліп қал­май, мажарлар тұратын көр­ші елдер аумағында да, мысалы, Словакияда, Ру­мынияда ма­жар­лар Коложвар, румындар Клуж Напока атайтын қалада, Украинадағы Ужгородта (мажарша атауы Унгвар), Сер­бияның Уйвидек аумағында да мажарша жария­ланған.

Мажар зерттеушілері Жам­был шығармашылығын етене жақын зерделеу үшін Кар­дош Ласло есімді зерттеуші «Ақын­ның өмірі: өз аузынан айтқан өмірбаянынан үзінді» атты Жамбыл өміріне қатысты деректі толығымен аударып, бірнеше мәрте жариялаған. Ал «Менің өмірім» өлеңі Хеге­дүш Гезаның тәржімасымен Мажар Ғылым академиясының әдеби, әлеуметтік сериясының «Форум» журналында 1949 жы­лы (10-санында) басылған.

 

Жамбылтанушы академик Тренчени-Вальдапфель Имре

Мажарстанда қалыптасқан жам­былтану дәстүрі академик Тренчени-Вальдапфель Имре (1908 ж. туған) шығарма­шы­лығымен тікелей байланысты. Ол беделді университеттің ректоры болған, 1950 жылдан Мажар Ғылым академиясының мүшесі. Ол – дін тарихына, ежелгі дәс­түр­лердің алмасу мәселесін, ан­ти­калық драматургияның тарихын, байырғы мажар әдебиетінің классикалық дәстүрлерін зерт­теу­ге арналған ұзын-ырға­сы 400-дей еңбектің авторы. Ғылыми шығармашылығын грек-латын әдебиетіндегі түрлі жанрлардың бастауындағы алыптардың шы­­ғармаларын мажар тіліне ауда­ру және әдеби байланыс­тар мәселесін зерттеуге арнаған: Гесиодтың, Менандрос, Софокл, Эсхил туындыларын, Цицерон таңдамалысын түп­­нұсқадан аударған. Оның шығар­машылығы арқасында мажар оқырмандары Пушкин, Лермонтов, Крылов, Горькийдің туын­дыларымен бірге қазақ жыр­шы­­сы Жамбыл Жабаевтың шы­ғар­­маларымен танысуға мүм­кіндік алған. Жамбыл ақынның шығармасы бірнеше мәрте мажар тілінде жарық көрді.

Зерттеулері үшін Мажарстан мемлекеттік сыйлығымен және әде­биетшілерге берілетін Баум­гар­тен сыйлығымен екі мәрте ма­рапатталған айтулы ғалымның «Жыр сахарадағы жойқын күш (Қазақ әдебиеті туралы штрихтар)» атты мақаласында «... өт­кен заманның ерлікке толы естелік­терімен шендесе, үмітті болашақ жырлайтын ақын-жыршылардың ұлттық сананы оятуда, оқтын-оқтын төңкерістік сананы маздатып отыруда орасан маңызы болды. Ескі гректер арасында Гомердің жыршылары сияқты қазақ ақындарының тұлғасына ерекше қасиет пен айрықша артық құзырет тән еді. Қазақтың жыршылық дәстүрі көптеген қы­рынан грек поэзиясының Гомер эпостары өрбіген алғашқы да­му кезеңімен ұқсастығы бай­қалады».

Ол Жамбыл шығармашылы­ғын классикалық Грекиядағы гомерлік дастандарды жатқа жыр­лаушы, эпикалық, негізінен кәсіби ақындық дәстүрдің бас­тауында тұрған рапсод Ге­сиод (Хесиодос) образымен салыс­тырады. Жамбылдың ұзақ ғұмыры, шынтуайтында, қазақ тарихындағы өзгерістерді «зар заман» және төңкеріс әкелген жаңашылдықтың да ай­­ғағы іспетті екендігін айтады. Уәжін Жамбыл жырларынан үзінділерімен көркемдей отырып, зерттеуіне қоса, автор өз тәржімасындағы «Сұраншы батыр» дастанынан үзінді, «Ата­ның әлдиі», «Жылқышы», «Алатау» өлеңдерін де қоса берген («Nagyvilág» журналы 1957, №8 саны).

Тренчени-Вальдапфель Имре Қорқыттан бастап, Махамбет, Абай, Жамбыл аралығындағы ақындық дәстүр сабақтастығын шолып өтіп «әдебиет теориясы мен салыстырмалы әдебиет тарихы үшін қазақ поэзиясын соншалықты қызықтырады, оның Гомерге дейінгі ауыз әдебиет дәстүрімен ұқсас қыр­лары бар», деген түйін жасайды.

Тренчени-Вальдапфель Имре қазақ әдебиетін зерттеу үшін қазақ тілін үйренген, арнайы ат cабылтып Алматыға бар­ған. 1969 жылы сәуір айын­да Ма­жарстанда өткен қазақ мәде­ниеті мен әдебиетінің күн­дерін ұйым­дастыруға үлкен еңбек сіңірген. Өкініштісі, жүрек талмасынан ерте (1970 жылы) көз жұмған.

 

Жамбыл ақынның Мажарстанда дәріптелу жайы

1887 жылы құрылған «Kis Ujság» атты тәуелсіз, саяси газет «A nép regös énekese» (Халықтың қарт жыршысы) деген атпен көлемді қазанама жариялап, қарт жыршыны еске алған.

Жамбыл ақын мажарстандық журналдар мен газеттерде танымал болып қана қоймай, оның өлеңдері радиода да оқылды, түр­лі кештерде орындалды. Оның өмірі туралы «Жырау аманаты» фильмі Мажарстан кинотеатр­ларында да көрсетіліп тұрды. Орталықтан бөлек аймақтық (мажарша-медье) басылымдарда да жарық көрген материалдар немесе Жамбыл ақынның өлеңін қайталап басқан жайттар көп. Тіпті қазақ академигі М.Қа­ратаевтың Гүржістанға бар­­­ған Жамбыл сапары туралы шығармасын 1972 жылы аударып жариялаған.

Мажарстанда Жамбыл ақын­­­ның қайтыс болғанына он жыл толуына орай арнайы шара­лар ұйымдастырылған. Газет­тер де жарыса жазған: ай­­та­лық, «Ма­дияр Немзет» (Мажар ұл­ты) газетінің 1955 жыл­ғы­ 17 мау­сым­дағы санында ар­­­найы ақпарат бер­се, «Esti Budapest» (Будапешт ақшамы) газеті шараның барысын, тіпті «Жыраудың cерті» (A dalnok esküje) атты фильм көрсетілгенін хабарлаған. Бу­да­пештте 1955 жылы 22 маусымда өт­кен мың жарым адам қатысқан жиында Мажарстанның бас жамбылтанушысы, академик Имрен ақынның саяси тақырыптағы өлең­­де­рін талдаған.

Ілгеріде Сегед қаласында өт­кен мәдени шара туралы хабарламада «жүз жасаған қазақ ақыны (мажарша транскрипциямен «akün» деп жазған) Жамбыл Жабаевтың ұлы заң туралы шығармасын арқау еткен музыкалық шығарма үлкен хорда орындалды», –деп жазды «Tiszatáj» журналы 1949 жылғы №4 санында. Му­зыкалық шығарманың авторы – институт ұстазы (кейін му­зы­ка академиясының ректоры бол­­ған) және Мажарстан ком­по­зи­торлар қауымдастығының жетек­шісі, композитор Сабо Ференц. Жамбыл жырларына хор шығармасын жазған ма­ман­ның «Жамбыл жырларынан құрылған хор композициясы, өзара сабақтас алты бөлім­нен тұратын ауқымды, терең көр­кем әсер туғызатын туынды эпи­ка­лық асқақтықпен ... қалық­та­ды», делінген.

Жыр алыбы Жәкеңнің шығар­маларына Мажарстандағы университет оқу бағдарламасына ұсы­­нылған хрестоматияда (мысалы, Világirodalmi antológia V. Egyetemi segédkönyv. Budapest: Tankönyvkiadó, 1958), 1960-1965 жылдары жа­рық көрген әлем әдебиетінің антоло­гия­ларын­да­ғы кеңес ақын­да­рының жинақ­та­­рын­да арнайы орын берілген.

Жамбыл Жабаев шығарма­ларының мажар тіліне кеңінен аударылуы мен насихатталуы нәтижесінде елдегі түрлі эн­ци­клопедиялардан да орын алған­дығын айтып өту жырау шығар­машылығының маңыз­дылығы мен көркемдігіне әдебиеттану сала­сының мамандары тарапынан берген шынайы баға деп айтуға тұрады. Айталық Мажардың жа­­ңа энциклопедиясының 1962 жылғы 6-томынан, 1972 жылы жарық көрген Әлем әдебиеті энциклопедиясының екінші то­мынан орын алды. Соңғы жа­рия­ланымдағы мақала авторы Мандоки Қоңыр Иштван ақын есімін Dzsambul Dzsabajev деп мажарлар арасында орныққан орысша транскрипциядан гө­рі, ұлттық, яғни қазақы есімі Zsambul Zsabajuly екендігін жазады. Тақырыпқа қатысты мажар мамандарының еңбектерімен қатар Жәкеңнің 1955 жылы жа­рық көрген «Үштомдық шы­ғар­­малар жинағына», сон­­дай-ақ Мұхтар Әуезовтің «Жам­­был­дың айтыстағы өнері» (1948) ең­бегіне сүйене отырып, Жәкең­нің «Құлмағанбет, Сарбас, Дос­ма­ғанбет, Шашубай сынды ақын­дар­мен сөз сайыстырғанын, ли­ри­­калық және эпикалық туын­ды­лар қалдырғанын», қазақ халық дастандарын жаңаша леп, тың қырларын әкелгеніне тоқ­талған. Отандастары оның жыр­ларын халық әні ретінде шыр­қайтындығын баяндаған.

Мажарлар Жамбыл Жабаевты «Қазақ Гомері», «Ақындардың атасы», «Қазақ даласының ұлы жыршысы», «халықтың қарт жыршысы» деп атап, қазақ хал­қының өткен тарихтағы қиын­­шылықтары мен ерлігін жыр­лаған және өнері социалистік мәдени төңкеріспен жаңарған замандағы жыршысы ретінде бағаланды.

Саяси-идеологиялық тұрғы­дан сүргіленіп, әбден өңделген, тіпті көп ретте автордың ырқынан тыс зорлықпен өзгеріске ұшыра­ған өлеңдері өз тұсында сая­си машинаның тапсырысын орын­даған, кейін ұмыт болған жырлар санатына енді. 1956 жылы Мажарстанда бой көрсеткен анти­кеңестік төңкерістен кейін Хрущев жылымығы кезеңінен бастап, Жамбыл ақынның осындай сипаттағы өлеңдері қайта басылмады. Керісінше, оның орнын Жамбылдың шынайы жырлары басты. Әсіресе ақын шығармашылығының айшықты бір қырына баланатын батырлық дастандарынан «Сұраншы батыр» және «Өтеген батыр» дас­­тандарының үзінділері Трен­чени-Вальдапфель аудармасымен жарияланған және көп мәрте, арасында музыкалық шы­ғар­малар жинағына да қам­тылған. «Бесік жыры», «Ата­ның әлдиі» өлеңдері балалар әдебиетінің антологиясына ұдайы жа­рия­ланып тұрды. Сол сияқ­ты «Ленинградтық өре­нім» өлеңі анти­фашистік тақы­рып­тағы жинақ­тарға енгізілді.

Саяси жүйеге ғана байланып қалмайтын өміршең қыр­ла­ры әлі де болса оқтын-оқ­тын зерт­­теушілер назарын ауда­рып отыруы Жамбыл шығар­ма­­шылығының кең диапазонын, әлеуетті қуатын таныта­ды. Жамбыл Жабаев тұлғасы­нан қазақ-мажар әдеби байла­ныс­­­тарының маңызды әрі қай­шы­лыққа толы бейнесі байқалады. Екін­ші жағынан, Мажарстан тарихының тым қайшылыққа толы кезеңінде (1947-1953 ж.ж) ел­дің саяси өмірінде өзіндік орны болған, шығармалары көп мәр­те жарияланған. Мажар­тіл­ді қаламгерлер арасында қазақ ақынының жырын әдеби шығар­маларға арқау ететін жайттар кездесіп тұрады.

 

Жамбыл бейнесі мажар әдебиетінде

Жамбыл ақынның жырау­лық бейнесі мажар ақын, жазушы­ларының туындыларына арқау болған­дығын байқаймыз. Мажар қаламгері Девечери Габор 1955 жылы Кеңес Одағында болған кезде Жамбыл Жабаевтың елі­не арнайы барған сапарында «Қазақстан немесе Жамбыл ру­хымен сырласу» атты өлең жаз­ған. Сол сияқты словакиялық ма­жар жазушысы, сыншы Добош Ласло шығармаларының арасынан Братиславада жарық көрген «Тасқынды заман» атты рома­нында сол арпалысқа толы бір кездегі ахуалды суреттеуде Жам­­был Жабаев жырларының мотивін арқау еткен.

Осы орайда румындық мажар ақыны Геллерт Шандордың (1916-1987) Жамбыл ақынға арнаған өлеңі мажар тілділер арасында Жамбылдың та­ны­малдылығын айғақтайтын туын­ды деуге болады. Өлеңді қазақ­ша сөйлеткен танымал фоль­клорист-ғалым, ақын Ақеділ Той­шанұлы.

Мажар-қазақ әдеби байланысы Абай, Жамбыл, Мұхтар сынды ұлы тұлғалар шығар­машылығы сүрлеуімен екі ха­лықтың рухани жақындасуы, бір-бірін жақын білуге қызмет ете бермек. Ол жа­ңа арналармен толығу үстінде.

 

Хинаят Бабақұмар,

тарих ғылымдарының кандидаты,

«Мадияр-Тұран» қоғамының қызметкері

 

Геллерт ШАНДОР

Жамбылдың бөркіне

Чоконай* шайырдың мүсінін көргенде,

Лакоци  Дьөрдь** ақын көргендей заңғарды.

Бас иіп ұлылық құдірет  алдында,

«Етігі төтенше үлкен!» деп таңғалды.

Жамбылдың мүсінін көргенде мен алғаш,

Сол сөзді қайталап еліктеп.

Мендағы таңдандым жыраудың кигені,

«Ой, қандай әдемі бөрік!» деп.

Қарт Жамбыл ғажайып бөркінің,

Тым қызық хикая желісі.

Алуан аңызға жүк болған,

Үш бұйра қозының елтірі терісі.

Бұл бөрік басына жарасып,

Қолында домбыра ел шарлап.

Айтыста талайды жеңген ол,

Қолдаған өнерін киелі қанша аруақ.

Додаға түскен ол  тайсалмай,

Басында бұйра жүн бөркі бар елтірі.

Тұлпарлар жете алмай шаң қапқан,

Даланы саңқылдап оятқан ерте үні.

Ғашық боп ақынға шоқтай боп жанатын,

Арулар сымбатты еліктей елеңдеп.

Өр үнін аузынан іліп ап таратқан,

Сақара дауылы желпініп, елеуреп.

Домбыра, қобызын гулеткен,

Өлеңнің піріне, киеге сыйынып.

Саятшы, құсбегі, малшылар  мәз болған,

Той-думан базарда қасына жиылып.

Маң төбет, тазы ит те құлағын түретін,

Тайыншадай құтпан да әуенге мүлгіген.

Қарғаның қарқылын  мезетте өшірген,

Бұлбұлдың аузынан төгілген жыр кілең.

Жамбылдың дастанын тыңдаған бір қойшы,

Елтірі теріні пышақпен сыдырып, иледі.

Тіккізді әйбат бір көрікті бөрікті,

Ісмер жарына өтініп үйдегі.

Ақынның басына бөрікті кигізген,

Сый-кәде жасаған, жарасқан тұп-тура.

Көмірдей елтірі  маңдайға үйлескен,

Қошақан секілді сүйкімді бұп-бұйра.

Сол қойшы қайда екен, білмейміз ештеңе,

Көңілі, ниеті көл дария көлкіген.

Ал Жамбыл ешкімге ұқсамай,

Әлемге танылды қазақы бөркімен,

Николай патшаға көтеріліс жасалды,

Ел кегі тасыды буғандай өзенді.

Момақан қой терісін сыдырған сол пышақ,

Кек үшін жауларға ашумен кезелді.

Қария ақынның түгелмес аңызы,

Айтылар талай жыр таңдарда арайлы.

Боз жусан даладан бозторғай үнімен,

Әпсана астасып әлемге тарайды.

1956

(Аударған Ақеділ Тойшанұлы)

 

Чоконай* толық аты-жөні Чоконай Витес Михай (1773-1805) – мажар ағартушылық әдебиетінің ең көрнекті өкілдерінің бірі, ақын, драматург; Лакоци  Дьөрдь** – ХХ ғасырдың орта шенінде өмір сүрген ақын