Ол кім дейсіз бе? Ол – қазақ әдебиетінде ең көп роман жазған санаулы қаламгердің қатарындағы Рамазан Тоқтаров. Оның іздеушісі көп. Іздеушісі – оқырманы, әлбетте. Ал жоқтаушысы өз жұрты ғой. Әзірше олар бұл жағынан ұятты болып тұр.
Біреу білер, біреу білмес Рамазан Тоқтаров – Кереку өңірінің тумасы. 1935 жылдың 13 қыркүйегінде Павлодар қаласында дүниеге келген. Кереку жатақтарының көне жұрты – атақты «Казкрайдың» қазағы. Демек, қарапайым қисынға салсақ, оның жоқтаушысы – Павлодар өңірі. Бұл мұқым қазаққа ортақ қаламгерді меншіктеп отырғанымыз емес. Ендігі айтылатын әңгіме яки мәселе Павлодар облысының билігіне қатысты болғандықтан, мән-жайды бірден анықтап алайық деген ниет қана.
Өкінішке қарай, бойынан қуат кеткенше қазақ әдебиетіне қалтқысыз қызмет еткен Рамазан Тоқтаровтың есімі де, еңбегі де елеусіз, ескерусіз қалып отыр. Қаламгердің өмірі мен шығармашылығы алдымен өзінің туған өлкесінде насихатталып, дәріптелуі керек. Алайда әдебиет пен өнердің осы бір жазылмаған заңдылығының Рамазан Тоқтаровқа қатысы жоқтай көрінеді. Әйтпесе, қаламгерге туған шаһарынан бір көше әлдеқашан берілуі керек еді ғой...
– Соңғы он жылда Павлодар өңірінде Рамазан Тоқтаровқа қатысты таңдай қақтырар ауқымды шара ұйымдастырылған емес. Иә, Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінде, жазушы білім алған Абай атындағы №10 гимназияда ірілі-ұсақты шаралар өткізіліп тұрады. Бірақ оған облыс билігі, өңірдің мәдениетіне жауапты шенеуніктер маңыз бермеген соң, қатардағы көп дүниенің бірі болып қала беретіні тағы рас. Жазушы Павлодарда туып, ержетсе де, өмірінің көп бөлігін Алматыда өткізді. Бәлкім, Рамазан Айыпұлының бар «айыбы» да сол шығар дейсің. Бірақ әр романынан туған өлкесін қалыс қалдырмайтын қаламгерді қалайша елемеуге, ескермеуге болады?! «Ертіс мұхитқа құяды» деген романы арқылы Ертіс өзеніне қарасөзден ескерткіш қойған қаламгерді қалайша құрметтемеске?! Соған қарағанда павлодарлық шенеуніктер Рамазан Тоқтаровтың кім екенін әлі білмей жүрген секілді. Әйтпесе, жазушының жан досы Қалихан Ысқақ айтқандай, Рамазан Тоқтаров «тұтас бір өңірдің тарихынан бастап бүгінгісіне шейін өзінің көркем шығармаларына азық еткен» қаламгер екенін оқырман жақсы біледі, – дейді Павлодар қаласының тұрғыны, мәдениет пен өнер жанашыры Алмаз Хасенов.
Рамазан Тоқтаров – қазақ әдебиетіндегі әйгілі «бес тапалдың» бірі. «Бес тапалға» Рамазан Тоқтаров, Қалихан Ысқақ, Сайын Мұратбеков, Әкім Тарази және Қабдеш Жұмаділов жатады. Олар – бір заманның төлдері, дос-жар болған адамдар. Жазушылар арасында «тапал» аталғанымен, әдебиеттегі орындары тым биік!
Рамазан Тоқтаров Алматыдағы Шет тілдер институтының француз тілі факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын Павлодар облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») газетінде бастаған. 1958-1960 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеті мен «Мәдениет және тұрмыс» (бертіңгі «Парасат») журналында жұмыс істеген. 1964 жылдан Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, «Жазушы» баспасында аға редактор, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1989-1997 жылдары республикалық «Жұлдыз» журналында бас редактордың орынбасары болып еңбек етті. 2000 жылдың 12 желтоқсанында Алматы қаласында қайтыс болды. 2002 жылы Павлодардағы «Баспа үйі» ғимаратына мемориалды тақта орнатылды.
Оның қазақ әдебиетінде ең көп роман жазған жазушылардың бірі екенін жоғарыда айттық. Рамазан Тоқтаровтың қаламынан «Бақыт», «Ертіс мұхитқа құяды», «Тұлпардың сыны», «Жердің үлгісі», «Ғасыр наны», «Сусамыр», «Таңбалы жарғақтың құпиясы», «Жендет», «Бақытты құлдықтың ақыры», «Абайдың жұмбағы» секілді романдар туған. «Абайдың жұмбағы» үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Бұдан бөлек, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері. Оның романдары – оқырман қауымнан жоғары баға алған кесек дүниелер.
– Жазушы Рамазан Тоқтаровтың есімі бізге жас кезімізден таныс. Шығармаларын қалт жібермей оқыдық. Әсіресе «Бақыт», «Ертіс мұхитқа құяды», детектив жанрындағы «Таңбалы жарғақтың құпиясы», «Абайдың жұмбағы», «Бақытты құлдықтың ақыры», «Бітеу жара» деген романдары қолдан-қолға өтіп оқылатын шығармалар еді. Өкінішке қарай, қайтыс боларының алдында ғана алған Мемлекеттік сыйлықтың қызығын, игілігін көру жазушыға бұйырмады. Ол кісімен 1983-1985 жылдары Мәскеудегі Горький атындағы әдебиет институтының жоғары әдеби курстарында бірге оқыдық. Ол проза бөлімі, мен поэзия бөлімі бойынша білім алдық. Екі жылда аға-іні ретінде өте жақсы араластық. Ақжарқын, көңілінде кірі жоқ жан болатын. Күнделік жүргізетін еді. Әдебиетке бірге келіп, бірге үлес қосқан достарының бәрі – кілең классиктер. Өзі де сол биіктен табылды. Оның шығармалары үнемі оқулықтарда жүреді. Шығармашылығы ғылыми, дипломдық жұмыстарға, диссертацияларға арқау болып келеді. Француз тілін жетік білетін. Француз романдарының қыр-сырын зерттеп, Гюстав Флобер сияқты ұлы классиктердің үлгісін үйренген. Сол мектептің үлгілерін қазақ прозасына әкеліп, сіңірді. Әдетте біз француз шығармаларымен орыс тілі арқылы таныссақ, ол түпнұсқадан тікелей оқитын. Басқа жазушылардан басты ерекшелігі де сол еді. Осындай аса көрнекті жазушыға туған өлкесінде, Павлодар қаласында бір көшенің бұйырмауы, бір мекемеге есімінің берілмеуі – үлкен кемшілік. Биылғы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында осы бір олқылықтың орны толады деген сенімдемін. Павлодар қаласы көшелерінің біріне Рамазан Тоқтаровтың есімін беру бастамасын Қазақстан Жазушылар одағы қолдайды және өзгелерді де қолдауға шақырады, – деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет.
Расында да, мақтауға емес, мақтануға тұрарлық Рамазан Тоқтаровты өз деңгейінде дәріптей алмау – Павлодар облысының, Павлодар қаласының басшылығына үлкен сын. Мұны өңір идеологиясындағы кемшілік десе де болады. Тәуелсіздікке дейін павлодарлық қаламгерлердің арасынан Қалижан Бекхожин мен Мұзафар Әлімбаевтың Мемлекеттік сыйлыққа ие болғанын жақсы білеміз. Ал тәуелсіздік алғалы бері Мемлекеттік сыйлық бір ғана керекулік қаламгерге бұйырды. Ол – Рамазан Тоқтаров.
– Ерекше назар аударатын тағы бір мәселе – Р.Тоқтаров Павлодар облысының ауыл-аудандарының бірінде емес, облыс орталығында – Павлодар қаласында туып, ержеткен. Біздіңше, орысы көп қаланың қазағы бола тұра, қазақ тілінің қазынасын бойға сіңіру – үлкен ерлік. Басқа-басқа, өзі туып-өскен Павлодар қаласынан дәл Рамазан Тоқтаровқа әлі күнге дейін бір көшенің бұйырмай келуі ақылға сыймайды. Алматыда Рамазан Тоқтаров атындағы көше бар. Ал Павлодарда жоқ. Парадокс! Сондықтан облыс орталығындағы революционер Луначарскийдің көшесін Рамазан Тоқтаровтың атына беру керек деп есептейміз. Біріншіден, ол – «Казкрайдың» қазағы. Ал Луначарский көшесі осы «Казкрайдың» аумағында орналасқан. Екіншіден, Р.Тоқтаров «Ертіс мұхитқа құяды» деген екі кітаптан тұратын романы арқылы Ертіс өзенін тарихта қалдырған қаламгер. Біз ұсынып отырған көше дәл осы Ертіс өзенінен басталады. Демек, осы бір үндестікті бұлжытпай сақтау маңызды. Бұйыртса, алдағы уақытта дәл осы көшенің басына Рамазан Тоқтаровтың Ертіс өзеніне қарап тұрған еңселі ескерткішін де орнатуға болады. «Көше беру керек» екен деп қаланың кез келген бұрышынан ұсына салу орынсыз. Оның үстіне Рамазан Тоқтаров көзі тірісінде Луначарский көшесімен «Сарыарқа самалы» газетінің редакциясына келе жатып қасындағы әріптестеріне «Түбінде осы көше менің атыммен аталады» дейді екен. Демек, бұл жазушының да ішкі арманы, – дейді жергілікті өлкетанушы Серік Заңов.
Осы орайда, Рамазан Тоқтаровтың шығармашылығын насихаттауға қатысты бірнеше ұсыныс айтудың жөні келіп тұр. Біріншіден, жазушының көптомдық шығармалар жинағын басып шығаратын уақыт келді. Қазір кітап дүкендерінде Рамазан Тоқтаровтың кітаптары сатылмайды. Себебі шығарылмайды, басылмайды. Кітапханалардағы кітаптары қолдан қолға өтіп тозған, әбден ескірген. Сондықтан жазушының көптомдық шығармалар жинағын шығару – уақыт талабы. Бұл шаруа қаражат жағынан қымбатқа түссе, «Абайдың жұмбағы», «Ертіс мұхитқа құяды», «Бақытты құлдықтың ақыры» секілді романдарын жеке-жеке басып шығару қажет.
Екіншіден, Рамазан Тоқтаровтың күнделіктерін жарыққа шығару керек. Ол өмірбойы күнделік жазған адам. «Темір тәртіпке енгізген, қандай жағдайда да қаза қылмас бір әдеті сол, жұмысқа келген бетінде күнделік жазуға отырады. Қанына сіңген хоббиі, машық қылған мәнері, ауырып келе ме, көңілсіз келе ме – қайткенде де жарты сағат күнделік жазбай Рамағаң жайлана алмайды», дейді ақын Қорғанбек Аманжол. Руханиятымыз, әдебиетіміз үшін осынау құнды дүниелердің іздеушісі жоқтықтан әлі мұрты бұзылмай тұрғаны өкінішті. Жазушы өмірден өткенде бұл күнделіктері 54 том дәптерді құраған екен.
Үшіншіден, Рамазан Тоқтаров атындағы прозашылар байқауын ұйымдастырған дұрыс. Осылайша, жазушыны еске ала отырып, бүгінгі қаламгерлерді ынталандыруға болады. Қазақ әдебиетінің қорын тың туындылармен толықтыруға жол ашылады.
Қорыта айтқанда, Павлодар қаласындағы көшелердің бірі Рамазан Тоқтаровтың есімімен аталуы керек. Бұл, бірінші кезекте, әлдеқашан бақилық болған жазушы үшін емес, Павлодар қаласы үшін үлкен абырой болмақ! Бұл топырақта Рамазан Тоқтаровтай таланттың енді туар-тумасы белгісіз...