Қазақ көркемсөзінің көшелі көшінде талантымен танылған, шығармашылық шеберлігі шыңдалған көрнекті жазушы Кәдірбек Сегізбайұлы сексеннің сеңгіріне шықты. Ол осынау мерейлі жасын жаңа шығармасымен қарсы алып отыр. Шау тартса да шабытына тұсау түспеген жазарманның қазақ елінің кешегі қилы кезең, зұлмат замандағы өмір өткелдерінен сыр сабақтаған «Тағдыр толқыны» романы тақырыбы тосын болмаса да, кестеленуі көркем, түйіні тәлімді туынды. Уақыт бөліп оқып шыққан оқырманның қай-қайсысы да біздің пікірімізді қоштай кетеріне сенімдімін.
Роман жазғы жайлаудағы жұрттың бейқам да мамыражай тіршілігін, жұмақ өмірдей сезінетін сәтін келістіре суреттеуден басталған. Қазақтың ежелден қалыптасқан ұлттық салт-дәстүрінің қаймағы бұзылмай, бар сән-салтанаты жарасқан сол салауатты өмірінің табан астында қиюы қашып, азабы мен тозағы жалғасқан қаралы жылдардың баяны шығармаға арқау болыпты. Барша қазақ халқының басына түскен бұл зұлмат соғыс жүріп жатқан жердегі орыс жауынгерлеріне оқтан пана болатын ор қазу сияқты қара жұмысқа қазақ жастарын міндеттеген ақ патшаның мизам жарлығы еді. Елінің ертеңгі тірегі болар өрімдей жастардың бастарын тірідей өлімге байлап соғысқа жіберуді қаламаған ел-жұрт, сол сойқан сүргіннің тауқыметін тартатындарын білген соң тәуекелге бел байлап атқа қонған. Зайсан оязы С.Кубицкийдің кеңсесінің алдындағы алаңға жиналған жұртшылықтың атынан сөз алған оқымысты Абзалы Тонкин: бұған дейін шұрайлы қонысымызды, суатты өрісімізді алғандарың аздай, енді келіп жас ұрпақты отқа байламақсыңдар. Оған енді көне алмаспыз. Қатын патша Екатерина ІІ-нің балаларыңды солдатқа алмаймыз деген уәдесін неге бұздыңдар деп жиналған жұрттың сөзін жеткізген. Оның сөзін қоштап әрі жалғастырған Әлібай мерген: шыдамның да шегі бар. Ат жалын тартып мінген боздақтарын жат ел, бөтен жерге айдап апарып, сүйектерін көмусіз қалдырмақшы қара ниеттеріне көне алмайтындарын, намыс үшін күресіп, туған жердің топырағын жастанып өлуге де даяр екендерін айтқан. Сол сол екен ояз бастығы Әлібай, Абзалы бастаған, белсене қарсы шыққандарды тізімге алып, біртіндеп көздерін жоюды қасындағы жандайшаптарына тапсырған.
Ояз бастығы Кубицкийдің арам пиғылын жұртшылық та сезген. Жиын тарқасымен ел жақсылары жасырын бас қосып, ақылдаса келе арғы бет – Шығыс Түркістанға қоныс аударуға уәде байласқан. Орыстың оңайшылықпен шекара асыра коймасын біле тұра осындай шешімге келген ел ағалары: өлсек те майдандасып барып өлейік деген ұйғарымға ұйысқан. Осы жерде жазушы салғырттық, бойкүйездік салдарынан бодандыққа көніп, жүнжіп жүріп «орыс пен қытайдың қолынан келген іс – бізде от қару неге жоқ, мал қамымен жүріп, өзіміз де мал болып кеткен сияқтымыз» деген Ақбай болыстың ащы да болса, жаны күйіп, ақиқатын айтқан лебізін барша қазақтың өзегін өртеген өкініші екенін еске салып отырғанын аңғарамыз. Солайша, бастарын қиса да, намыс жолында жан пида деп Әлібай мерген, Күркебай батыр бастаған бір қауым ел арғы бетке көш түзеуге тәуекел еткен.
Иә, бұл ұлт тарихына көз жүгіртсек, шығыстағы бірер ауыл емес, күллі қазақ елінің басына түскен ауыртпашылық екені белгілі. Он алтыншы жылдың ойраны осылай басталып, небір қысылтаяң заманды, тағдыр тауқыметін тарттырған тар кезеңді бастап өткере жүріп те қазақ жұрты қайтадан ел қатарына қосылып, ақыры тәуелсіздіктің туын тікті. Жазушы болса, осы шығармасы арқылы ата-баба арманына қол жеткізудің ұзақ та азапты жолын еске салып, елдіктің, еркіндіктің қадірін асқақтата бағалау қажеттігін санамызға сіңірмек ниетте. Осы орайда азаттық жолында қаншама қиямет-қайым шексе де төзіп, береке-бірліктерін сақтап, ұрпақтарының бүгінгі бостандықтың қызық-қуанышына бөленіп, бақуатты ғұмыр кешіп жатқанына шүкіршілік дейміз.
Біз романға желі болған оқиғаларды қысқа қайырып отырмыз. Ал тізбелей таратып айтар болсақ әңгіме ұзаққа созылары сөзсіз. Өйткені шығарма он алтыншы жылдың дүрбелеңінен басталып, ауған елдің отанына оралуы, қазан төңкерісі тұсындағы «ақ» пен «қызылдың» арасындағы айқастың лаңы, ұжымдастыру науқанындағы асыра сілтеу сынды сыңаржақ саясаттың сойқандары, ашаршылықтың арты үркіншілікке ұласып, шекараға жақын ауыл тұрғындарының ауа көшу кезіндегі қырғынға ұшырауы, бас кейіпкер Әлібай мергеннің Кеңес өкіметі тарапынан тергеуге алынып, ақыры ақталып шықса да, өз елі өгейсіте берген соң амалы таусылып біржолата арғы бетке қоныс аударуымен аяқталатын романның айтып тауыса алмайтын ұзын-сонар хикаялары жеткілікті.
Ел басына күн туған қысылтаяң шақта ақ патшаның айтқанын істеп, айдағанына көнгісі келмей, тығырықтан шығар жол табуға тырысқан жұртшылықтың екіұдай пікірі ортақ ұйғарым жасауға қиындық келтірген. Сол сәттегі күйзелістен жаны күйінген бір ақылман ақсақалдың: «А, құдай, бергеніңе шүкір деп, ішкенге мәз, жегенге тоқ болып жүрген тым бұйығы, тым момын ғып жаратқан Аллаға ренжімесең, кімге назыңды айтарсың?!» деген аталы сөзін жазушы бекер келтіріп отырған жоқ. Қазақтың жаратылысындағы осынау орынсыз көнбістігі мен бейқам мінезін мінеп, сол кесірлі қылықтан арылмай ел қатарына қосылу мүмкін еместігін ескертуі деп түсіну керек. Сайып келгенде, бұл өзі қазіргідей заман өзгеріп, қоғам жаңарып жатқан алмағайып кезде де санада сараланып, сабақ алатын, ұлттың ұпайын түгендеуге келгенде салғырттыққа салынып, көнбістікке жол бермей, күрескерлік рухты қастерлеу, ұлтыңды ұлықтауды мегзеп отырған ойталқы. Айтып айтпай не керек, жазушы ең бастысы, қазақ қайратына мінсе кез келген ауыртпашылықты жеңетініне сендіріп отыр.
Ояз бастығы С.Кубицкийдің би-болыстар мен ел ақсақалдарын шақырып алып, Зайсанда алғаш жиналыс өткізгенде сурылып ортаға шығып, бауыр етіміз – бауырларымызды қорлап, қара жұмысқа жібере алмаймыз. Сөз осы деп тайсалмай тоқ етерін айтқан Әлібай мерген ұлықтың ішке кіріп сөйлеуге шақырғанынан да бас тартқан жоқ. Алдап апарып атып тастайды, келіспе деген көпшіліктің сақтандырғанынан да секем алып сескенбей: қаша жөнелсем бір мені ғана емес, біршама жұртымды қорқақ атандырар, өйтіп сүйекке таңба түсіргенше, неде болса көріп алдым дейтін мергеннің елдің намысын жыртып, қайсар мінез танытуы әрине, көпшіліктің күпті көңіліне демеу болып, тәуекелге бел байлауларына түрткі болғаны анық. Әлібай ақыры айтқан сөзінде тұрып, ел-жұртының көшін бастап, ақыл-айласын асырып, төтеннен жол табуға аянбай атсалысқан ер азаматтың болмысын дәлелді дәйектермен көрсеткен жазушының сөздеріне риясыз сеніп, риза боласың. Алмағайып заманда алған бетінен қайтпай, тар жол, тайғақ кешу кезінде бір қауым елдесін адастырмай, жандарын сақтап қалуға септігі тиген, өз қара басы қаншама азапқа түссе де, төзімділік танытып, еліне көшбасшы болған Әлібайдың ерлігі мен біліктілігін соншама сүйіспеншілік сезіммен суреттеп шыққан-ақ. Бұл тегі бір Әлібай емес, күллі қазақ елінің азаттығы жолында жанқиярлық ерліктерімен, адастырмас ақылдарымен және көрегендіктерімен арқатірек болған боздақтардың ортақ бекзат бейнесіне сөзбен соғылған ескерткіш десек те болғандай. Елінің еркіндігі, халқының бостандығы үшін жан аямай күрескен, тар кезеңде тағдыр толқыны өмірін талай-талай аударып-төңкеріп, сынаққа салса да азаматтық асқақ рухын сақтап қалған Әлібай мергеннің есімі Зайсан қаласының бір көшесіне беріліпті. «Ер есімі – ел есінде» қалатынының жарқын мысалы бұл. Жазушы осы шығармасы арқылы бүгінгі бостан қазақ елінің тәуелсіздікке қалай жеткендігі жолындағы тарихи шындықтың боямасыз болмысын көркем сөзбен кестелеген романның мән-мазмұны осындай ой-толғамдарымен сүйсінтеді.
Кәдірбектің кейіпкер бейнесін сомдаудағы соны әдеби әдісі де көңілге қонымды. Мысалы, осы романда Әлібайдың адами тұлғасын танытатын оның іс-әрекеттері ғана емес. Оның образын, мінезін, ақыл-парасатын Әлібаймен күнделікті арасалып-құраласып жүрген адамдардың пікірлері арқылы бағалауы сондай жарасымды. Сондай-ақ түйінді мәселені шешуге қатысты өз ойын ортаға салған сәттегі сөздерінің төркініне мән беруі. Жазушы оқырман қауымды Әлібайдың жан дүниесіндегі кісілік, адалдық, туған елі мен жеріне деген шексіз сүйіспеншілік сынды қасиеттерін ашып көрсетудің тиімді тәсілін тапқан. Оның кісіні өзі емес, өзгелердің бағалуы арқылы сипаттауы осы сөзіміздің дәлелі. Романды оқи бастағаннан-ақ Әлібайды өзіңе іштартып, бейне бір қияметтік дос тапқандай жүрегің елжіреп, қуаныш сезіміне бөленесің. Жүйесін тапқан сөздің сиқыры мен қуанышы осындай болса керек-ті.
Роман қазақ тарихының белгілі белестері мен халқымыздың басына түскен қасіреттің шерлі шежіресін шерткен көркем шығарма шеңберімен шектеліп қалмаған. Сондай-ақ бұл туындының тағы бір құнды қыры бар. Ол ежелгі қазақ этнографиясына жетік жазушының ұлттық құндылықтарымызды тәптіштеп түсіндіріп, қисынын келтіріп, рет-ретімен баяндап беретіні дер едік. Кәдірбектің көне салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды еске түсіріп, жаңғырта жазуы өте маңызды. Мазасыз мезгіл, аласапыран уақыттың ара-арасында болса да құда түсу, қыз ұзату, шілдехана, бесікке бөлеу, сүндетке отырғызу, ат шаптырып, балуан түсіріп жататын ойын-тойлар, өмірден өткен кісіге арнап ас беретін, ерулік, қарулық, қымызмұрындық, жұртмайлар сияқты ұлттық рәсімдерді сипаттай суреттеуін қызыға оқисың. Оның бәрі қазіргі кезде ұмытыла бастаған соң да, жадымызда жаңғыртып, бүгінгі буынның тәлім алуына арналып жазылғандығы құптарлық.
* * *
Жасымыс тартса да, қаламы мұқалмаған қарт жазушының төл тарихымыздан сырт ашып, жадымызды жаңғыртқан шығармасы тек осы романмен шектелмейді. Кәдірбектің тарихы тағлымды бұдан өзге де өзекті туындылары баршылық.
Жазушының кезінде Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, алайда мінәйі себеппен жолы кесілген тұғырлы туындысы «Беласқан» романы еді. Бұл ел тұтқасын ұстап, кісілікті іс-әрекетімен атағы шыққан Қамбар төре мен оның төңірегіне топтасқан батыр, би, қарапайым адамдардың өмір-тағдырларынан сыр тарқатып, сонау ХІХ ғасырдың бас кезіндегі қазақтың тұрмыс-тіршілігін жан-жақты қамти жарқырата жазылған шырайлы шығарманың бағасын асырып тұрған ең алдымен оның көркемдік кестесі болса, сондай-ақ ұлттық салт-дәстүріміздің, әдет-ғұрпымыздың ғажайып сән-салтанатын байыптай баяндап, айшықты сөзбен суреттеуі де керемет. Халқымыздың өткен замандағы болмыс-бітімін көзбен көргендей әсерге бөлеп, қызықтыра оқылатын романның оқиғасы да қазақ тарихының бір белесі.
«Жол» романы да Кеңес өкіметі жаңа орнап, билікті қолға алған қысылтаяң кезде қиырдағы ауылынан, оқу іздеп Мәскеуге аттанған бес бозбаланың тағдырын, өткен өмір мен бүгінгі күннің сабақтаса жалғасқан ғұмыр жолын баяндайтын арналы туынды. Роман оқиғасы қос сала арқылы өрбиді. Біріншісі, бес талапкердің небір қиындықтарды кеше жүріп, көздеген мақсаттарына қалай жеткендері әңгімеленсе, екінші салаға сол бесеудің біреуі Жұманның өмір жолы арқылы қазақ қауымының басынан өткерген тағдыр талайы арқау болған. Шығарма ұлтымыздың шырғалаң шақтағы шындығын жеріне жеткізе суреттеген тәлімді туынды. Онда күні кешеге дейін жабық тақырып болған нәубет науқан – ашаршылық, ұжымдастыру, саяси қуғын-сүргін, қырғын соғыс сияқты зұлмат жылдардың жаңғырығы және қазіргі кездің боямасыз шындығы қатар баяндалған. Романнан баяғы бес жігіттің армандарына жетсе де, ақыр соңында екеуі жазықсыз «халық жауы» атанып, атылып кетсе, енді екеуі кешегі қанды соғыстың құрбаны болған. Тірі қалған Жұман ақсақал – өмірі қиян асу, қиын жолдардан басталып, еліне ерен еңбегі сіңген адал азамат атанған кісі. Алайда оның да ғұмыры өкінішпенен аяқталған. Жалғыз ұлы Тұрардың істі баянын, о дүниеге аттанғалы жатқан әкесінен әуелі көмек сұрап, артынан өзінің кешірілмес күнәсін мойындап кешірім сұрай келгендегі ақсақалдың айтқан сөзі: «Өмір бойы өзгеге өнеге айтып, ел басқарған, соған қарамай жалғыз ұлды қатарға қоса алмаған менің қасіретім сенің уайымыңнан бекемірек болар, балам. Қайта сені тәрбиелеуде жіберген ағаттығымды кезінде көре білмеген менің мына сенен кешірім сұрауым қажет болар» деген уәлі пікірінің астары кім-кімді де ойлантары сөзсіз. Білім алып, елінің тұтқасы болуға талпынған аға ұрпақтың ғибратты ғұмыры мен кеңшілік замандағы бүгінгі жастардың дүние-мүлікке, байлыққа қызығып, ел алдында абыройы төгіліп жүргендерінің қыр-сырын ашып жазып, түйінен тәлім алуды оқырмандар ықтиярына қалдырған шығарманың өнегесі өзгеше екендігі аян. Жазушының қазақ елі өмірінің белгілі бір кезеңінің тарихын осылайша көркем кестелегеніне риза боласың.
Арман жетелеп Алматыға келген, содан оқуын бітіре салып, бағы жанғандары қалада қалып, қызметке орналасып, алайда өз үйлері болмай, шаһардың төрт бұрышын шарлап жүріп, пәтер жалдап тұрып жатқан қазақ жастарының өмір-тұрмысына арнап жазған Кәдірбек романының атауы «Біз қалада тұрамыз».
Сол жас отбасылардың бірі Серібаев Қуаныш төрт-бес мәрте қоныс аударып жүріп ақырында үкіметтен үй алады. Жастар газетінің қызметкері, жас жазушы Қуаныш ойлана келе кезінде пәтер жалдап тұрған үй иелерінің өмірлері бір романның басты кейіпкерлеріне лайық екенін сезді. Әрқайсысының мінездері әрқилы болса, тағдырлары да өзгеше. Сөйтіп пәтер қожалары болған отбасылардың қилы тағдырларын, оған қоса жаңа алған үйіндегі қоңсылас көршілерінің жай-жағдайы, өмірге көзқарастарын қиюластыра шежіре шерткен жазушының бұл романы да ел өмірінің елеулі белесін баяндайтын, тарихта таңбаланып қалған сәтін көркем сөзге көшірген тосын тақырыптың тұсауын кескен шығарма қатарын толықтырды.
Мен жазушы Сегізбайұлының он сан хикаяттары мен отыз-қырықтан асатын әңгімесін, эсселерін талдап, таразыламақ емеспін. Таяуда ғана жарыққа шыққан «Тағдыр толқыны» бұдан бұрынғы жарияланған төрт романның жалғасы екенін еске салып, жазушының ел тарихының кезеңді белестерінде ғұмыр кешкен халқының қилы тағдырын өрнектеп, талай тамаша шығармалар жазғанын, оның бәрі де қалың оқырмандарының көңілінен шығып, жүректеріне жеткендігін айту еді. Қазақ халқының өзінің өмір жолын, төл тарихын білуге, одан тиісінше тағылым алуға тиісті екендігіне жол ашқан, сексен деген сирек бұйыратын арман жасқа аман-сау, шығармашылығы да зар күйінде жеткен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, көрнекті жазушының ел алдындағы абырой-беделі биік белестен көрініп, оқырманын да, өзін де қуанта беруіне тілек қосамын. Жасай бергін, жақсы жазушы, аяулы азамат, ескі досым, Кәдірбегім!
Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ,
сыншы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты