• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ғылым 07 Сәуір, 2021

Айжан Сқақова: Ғылымның деңгейі құлдырап барады

443 рет
көрсетілді

ХП фракциясының мүшесі Айжан Сқақова өзінің депутаттық сауалында қазақстандық ғылым Парагвай мен Камбоджадағы ғылым секілді қаржыландырылатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz

Өкінішке қарай, оның деңгейі де нашарлап, дамымаған елдер деңгейіне дейін төмендеп барады. Қазақстан Халық партиясы республикамыз өзінің ғылыми-техникалық әлеуетін қалпына келтіруі керек деп есептейді.

– Қазақстандық ғылым деңгейінің төмендеуі айқын көрініп тұр, – деп атап өтті ҚХП фракциясының мүшесі Айжан Сқақова өзінің депутаттық сауалында. – Дағдарыс ғылымның барлық базалық факторларына: ғылыми кадрларға, зерттеу базасына, саланы басқару және қаржыландыру моделіне әсер етті.

Депутаттар осы дағдарыстың себептерін талдады. Нәтижесі көңіл көншітерліктей емес. Мемлекет ғылыми кадрларды бағаламайды және зерттеулерге ақы төлегісі келмейді. Ғылым саласын басқару жайы да мәз емес.

– Жас ғалымдардың ғылымнан кетуінің себептері көп. Бірінші кезекте бұл жалақының төмендігі және зерттеу қызметінің қанағаттанарлықсыз жағдайлары. Біз ұлтымызға қажет сыни ойлау қабілеті бар зиялы қауымын жоғалтып аламыз, – деді депутат.

2019 жылы Қазақстанда ғылыми-зерттеу тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерге жұмсалатын шығындар деңгейі тарихи минимумға – ЖІӨ-ге шаққанда 0,12%-ға жетті. Сондай-ақ соңғы базалық ғылымды қаржыландыру негізсіз қысқартылды. Ғылыми қызметкерлердің жалақысы елдегі орташа деңгейден әлдеқайда төмен, ал гранттық қаржыландыруға қол жеткізу көбінесе мүмкін емес. Мәселен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне 2018-2020 жылдарға келіп түскен 4488 «гранттық» өтінімнің тек 1096-ы ғана мақұлданды. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға келген 406 өтінімнің тек 93-і ғана қабылданған.

– Осылайша, бүгінде қазақстандық ғалым ертеңгі күнге сенімді емес. Себебі жалақысы төмен, жағдайдың бәрі гранттың болуына байланысты. Сонымен қатар ғалымдарға қойылатын талаптар жыл сайын артып келеді, – деді халық қалаулысы.

Әзірге қазақстандық ғылым ескі мектептің қалдықтары мен кеңестік мұраға сүйеніп отыр. Бірақ оның ұзаққа созылмасы анық. Қазақстан Халық партиясы ғылыми және ғылыми-техникалық қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесі мен нысанын қайта қарауды, дарынды жастарды және шетелге қоныс аударған қазақстандық ғалымдарды ғылымға тарту үшін шаралар қабылдауды ұсынды. Бұдан бөлек гранттық қаржыландыру және ғылыми мамандарды әлеуметтік қорғау жүйесін жақсарту маңызды.

– Ғылым адамдары сапалы ұлт құруда үлкен рөл атқарады, – деді ҚХП өкілі.