• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Сәуір, 2021

Ымыраға келушілік – құқықтық мәдениеттің жоғарылағандығы

537 рет
көрсетілді

Қазақстан халқы Ассамблеясының ширек ғасырдан аса уақыт ішінде қоғамдық келісім, этносаралық татулық сияқты кез келген мемлекетте бірінші кезекте шешілуі тиіс саналатын шетін мәселені реттеу барысында атқарған шаруасы аз емес. Бүгінде бұл құрылымның қызмет аясы анағұрлым кеңейіп, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру, этносаралық қатынастарды одан әрі дамыту сияқты басымдық бағыттарда мемлекеттік құндылықтарды орнықтыру бойынша әртүрлі жаңа форматтарда жұмыс істеуде.

Көп этностылық және көп конфессиялық – біздің елі­­міздегі тарихи тұрғы­дан қа­лып­тасқан өмір шын­дығы. Осын­дай жағдайда қоғам­дық келі­сім мен ұлт­тық бірлікті ны­ғайтуда, Қазақ­станның этнос­тық алуан түр­лілігін сақтау мен дамыту­да Қазақстан хал­қы Ассам­блея­сының рес­пуб­ликалық және өңірлік қоғам­дық құ­рылымдарына жүк­телген жауап­кершілік жоғары.

«Татулық, тұрақтылық пен этносаралық келісім –мем­­лекетіміздің үйлесімді да­муы­­ның іргетасы әрі зор жеңіс­­терінің кепілі» екенін Ел­басы, Қазақстан халқы Ассам­б­леясының Төрағасы Нұр­сұлтан Назарбаев жуырда қазақ­стандықтарды Наурыз ме­ре­кесімен құттықтауында ерек­ше атап өтті. Осы ай­дың 28-іне белгіленіп отыр­ған Қазақ­стан халқы Ас­сам­б­леясы­ның жиырма тоғы­зын­шы сес­сия­сының күн тәр­тібі «Бірлік, татулық пен келісім­нің 30 жылы» деп аталуы да бе­кер­ден-бекер емес.

Бүгінде әлеуметтік желі­лерде көшелердегі, қоғамдық орындар мен базарлардағы кез келген кикілжіңнің бояуын қалыңдатып, ұлтаралық сипат беру кең етек алып ба­ра­ды. Осындай келеңсіз оқи­­­ға­ларды сырттай бақы­лау­­­шылар жанжалға қа­ты­­су­шылар әртүрлі этнос өкіл­­дерінен бол­ған жағдайда орын­­сыз шу көтеріп, мәсе­лені ушық­­ты­руға дайын тұ­ра­ды. Жа­қын­да «Алтын орда» базарын­да орын алған жүргізуші мен күзет­ші арасында болған қақ­ты­ғыс – осының бір дәлелі. Жүр­гізуші әлеуметтік желі парақ­ша­ларына салынған сұх­бат­тарында: «Бұл ешқан­дай да ұлт­аралық қақтығыс емес, тек арамыздағы түсініспеу­шілік­тен туындаған екеуара соқ­тығыс қана» деп қанша ұғын­дырса да кейбір керауыз желі пай­даланушылар оқиғаны әсі­релеп көрсетіп, жалаулата жө­нелді. Ұшқыннан от тұ­та­на­тынын ескерсек, мұн­дай түймедейді түйедей етіп көр­сетудің зардабы болмай қой­майтынын да баса айт­қанымыз жөн. Оның үсті­не, өте нәзік саналатын этнос­аралық мәселелерді шешуде белден басуға болмайтынын өткен тарихымыз сан мәр­те дәлелдеді емес пе?! Бұл жолы абырой болғанда, жан­жал­ға себепкер екі жігіт те аза­маттық танытып, бір-бірі­нен кешірім сұрап, ымы­раға келді. Қазақстан халқы Ассам­блеясының этностар арасын­да­ғы ынтымақты дамытуда бас­ты назарда ұстап келе жат­қан медиация институтын да­мыту да жоғарыдағыдай шие­­­леністерді шешуде аса ма­ңыз­ды тетік екені дәлел­деуді қаж­ет етпейтін ақиқат.

Бүгінде азаматтардың кез кел­ген жанжалды шешу ба­ры­сында ымыраға келуге да­йын болуы азаматтық же­тілу мен жауапкершілік көр­сет­кішіне айналып келеді. Мұ­ның өзі жалпы қоғамның құ­­қық­тық мәдениетінің дең­ге­йі жоғарылағанының басты ай­ға­ғы. Тек осындай жағдайда Қазақ­станда қоғам тұрақ­тылы­ғы мен күллі әлеу­меттік құры­­лым­ның орнықтылығы қам­­та­масыз етілмек. Бұл ба­ғыт­та Қазақстан хал­қы Ас­сам­б­леясының республи­ка­лық және өңірлік қоғамдық құ­ры­лым­дары жұмысының Бірың­ғай тұ­жыр­ымдама­сын­да кәсіби ме­диа­торлар мен келіссөз жүр­гізу­шілерді даярлау, ме­диа­ция институтын жоспарлы нығ­айтуға ықпал ететін білімді арттыру шаралары нақты белгіленген.

Қазақстан Республикасы­ның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуел­сіз­дік бәрінен қымбат» бағ­дар­­ламалық мақаласында этнос­­аралық татулық туралы: «Біз көпэтностық сипаты­мыз­ды артықшылығы­мыз­ға айналдыра алғаны­мыз анық. Көптеген шетел­дік сарапшының еліміз­ге қатысты «Еуразия­дағы шырпы тисе лап ете түс­ке­лі тұрған қурай», Failed state сияқты болжам­дарын жоққа шығардық. Бұл жолда тыныштық пен тұрақ­тылықтың бастауы болған Қазақстан халқы Ассамблеясы тиімді жұмыс атқарды. Еш­кімді ұлтына қарап, бөле-жар­ған жоқпыз. Бәрінің өсіп-өнуіне толық жағдай жаса­дық, бірдей мүмкіндік бер­дік. Біздің ұлтаралық келі­сім саясатымыз әлемді мойын­датты. Халқымыздың осындай ырыс-ынтымаққа не­гізделген жарасымын бағалай білуіміз керек. Бұл – кемел келешекке бастайтын жол. Сондықтан ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның және әрбір азаматтың міндеті. Түптеп келгенде, еліміздегі тұрақтылық пен береке-бірлік үшін барлығымыз жауаптымыз», деп атап айтты.

 Иә, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуда және сақтауда барша қазақ­стан­дықтар ортақ мақсатқа жұмыла жұмыс істеуі қажет. Ал Қазақстан халқы Ассам­блея­сы осы аса жауапты мін­детті жүзеге асыруда негізгі жауапкершілікті өз мойнына алып отыр.

 

Закиржан КУЗИЕВ,

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары