Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде елімізде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жүзеге асырылған болатын. Аталған жоба арқылы бүгінгі ұрпақ туған тарихын танып, ел мен жердің киесін ұғып өсетіні анық. Бұл орайда, әрбір өңірдегі тылсым тарихтан тағылым тартатын, өткен күндерден сыр шертетін көне де киелі мекендер Ұлы даланың рухани биігінде күні бүгінге дейін жаңғырып тұр. Елдің иесін, жердің киесін танытатын дала жауһарлары бүгіннен өтіп, келешекке қарай жол тартатын жәдігерлер болып қала бермек.
Бүгінде Жамбыл облысында 3448 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Оның ішіндегі 711 ескерткіш мемлекеттік, 25 ескерткіш республикалық және 5 ескерткіш халықаралық тізімге алынған. Ал ЮНЕСКО-ның «Бүкіләлемдік Мәдени мұралар» тізбесіне Әулиеата аймағындағы Ұлы Жібек Жолы бойында орналасқан Ақтөбе (Баласағұн), Өрнек, Құлан, Қостөбе қалашықтары мен ортағасырлық Ақыртас сарай-кешені енгізілген. Сонымен қатар Қарахан, Айша бибі, Бабаджа хатун, Дәуітбек, Тектұрмас кесенелері де бұл күнде туристердің жиі келетін орнына айналып отыр. Ал жалпы өңірдегі барлық тарихи нысандарды көпшілікке таныту төңірегінде де тиімді жұмыстар атқарылуда. «Елімізде бастау алған «Қазақстанның киелі жерлерінің картасы» жобасын өңірімізде жүзеге асыру бойынша облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарапынан белгілі өлкетанушылардан, тарихшылардан және археологтерден жұмыс тобы құрылып, 2017 жылдың қазан-қараша айлары аралығында облыс көлемінде «Археологиялық экспедиция» ұйымдастырылған болатын. Экспедиция барысында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының тізіміне енгізу үшін Жамбыл облысынан ескерткіштердің ерекшелігі мен құндылығына қарай бірқатар тарихи-мәдени нысандар еліміздің Ұлттық музейі жанындағы «Қасиетті Қазақстан» орталығына жолданды. «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрған ұлттық сарапшылар кеңесі Жамбыл облысынан «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының тізіміне 8 жалпыұлттық және 27 өңірлік деңгейдегі тарихи-мәдени ескерткішті «Қасиетті жерлер» тізіміне енгізді. Атқарылған жұмыстарды жалғастыру мақсатында бір жылдан кейін «Рухани жаңғыру» кіші бағдарламасының «Қасиетті Қазақстан» базалық бағыты бойынша мекеме тарапынан «Әулиеатаның киелі жерлерінің картасын» дайындау жобасы ұсынылып, бекітілді», дейді облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Қуаныш Дәурембеков.
Сонымен қатар Әулиеата аймағында орналасқан тарихи ескерткіштерді саралау үшін еліміздің жетекші ғылыми-зерттеу институттары мен жергілікті жоғары оқу орындары бірлесіп, тарихшы, археолог, этнограф, географ және өлкетанушы ғалымдардан сарапшылар кеңесі мен жұмысшы тобы құрылған. Аталған топ облыс көлемінде ғылыми экспедиция ұйымдастырып, тарихи-мәдени ескерткіштерге, оның ішінде халық арасында кеңінен танымал киелі орындарға жан-жақты зерделеу жұмыстарын жүргізгенін де айта кету керек. Бұл күнде кез-келген адам үшін киелі орындар туралы ақпарат алу ыңғайлы болып отыр. Ол үшін арнайы сайт іске қосылған. Аталған сайт цифрлы ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, ғаламтор желісі арқылы киелі жерлерге деген қолжетімділікті қамтамасыз ете алады. Сондай-ақ өңірдегі киелі жерлердің қасиетін одан әрі насихаттау мақсатында тиісті мәліметтер жинау жұмысы да қолға алынған. «Жалпы, жинақталған материалдар негізінде «Әулиеатаның киелі орындары» картасы мен жинақ кітабы дайындалып, ол үш тілде басылып шықты. Кітаптың әрбір оқырманы өңірімізде орналасқан қасиетті нысандарға байланысты көнеден жеткен аңыз-әңгімелер, тарихи деректер мен архивтік-ғылыми құжаттамалар туралы да толыққанды мәліметтер ала алады», дейді Қуаныш Дәурембеков.
Негізінен, жалпы Әулиеата өңіріндегі, көне Тараз шаһарындағы рухани құндылықтарды насихаттау жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Бұл орайда өңірде «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі жұмыс істейді. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы аясында ұлттық туризмді дамыту, киелі жерлерді насихаттау мақсатында да Тектұрмас кесенесі, Қарахан кесенесі, Айша бибі мазары, Бабаджа хатун мазары, Байзақ батыр кесенесі, «Ақыртас» сарай-кешені, «Ежелгі Тараз қалашығы» мен «Меркі-Жайсан ғұрыптық кешені» сияқты бірқатар тарихи орындар қарастырылған. «Сондай-ақ кіші киелі жерлер картасын жасау үшін жинақталып жатқан республикадағы ескерткіштердің тізіміне Жамбыл облысынан 82 ескерткіш енгізілді. Барлық 35 нысанның GPS координаттары жасалып, нысандарға қолжетімділік толықтай қамтамасыз етілді. Бұл нысандар Тараз қаласының 44 туристік мекемесі маршруттарына да енгізіліп, еліміз бен алыс-жақын шетелдерден келген туристерге таныстырылуда. Өңіріміздегі 8 жалпыұлттық нысанға байланысты арнайы деректі фильмдер де түсіріліп, олар YouTube арнасы мен әлеуметтік желілерде жарық көрді», дейді облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі Әлімжан Қалмұратов.
Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы негізінде Әулиеата өңірінде орналасқан киелі жерлердің тағылымын таныту ел көп біле бермейтін жерлерде де жалғасуда. Мәселен, Меркі ауданының тауында орналасқан Көккөл, Астаукөл, Сасықкөл сияқты көлдердің қасиеттілігі мен киелілігі төңірегінде тарихи деректер баршылық. Сол сияқты, кезінде Батыс Түрік қағанатының ғибадатханасы атанған, бірақ әлі де құпиясы толық ашылмаған Сандық жайлауындағы балбал тастардың тарихы да көркем шежіреге толы. Сондай-ақ қола дәуіріне жататын «Қамыстыбұлақ» петроглифтері, ерте темір дәуіріне жататын «Қарасай» петроглифтері, ежелгі Өрнек, Түймекент, Баркуаб қалашықтары, Бауыржан Момышұлының туған жеріндегі Момыш бұлағы, Шақпақ әулие үңгірі сияқты әлі де зерттеу нысанасына көп іліге қоймаған киелі жерлер де өзіндік ерекшеліктерге ие. Сонымен қатар қазақтың ұлы тұлғалары Керей мен Жәнібек хандар алғаш Қазақ хандығының туын тіккен Қозыбасы мекенінің өзі де – ұлт тарихын шежірелейтін өлке. Бұл жер бүгінгі Шу және Мойынқұм аудандарының аумағында орналасқан. Ал осы аумақтағы «Хан тағы», «Хан қорасы» сияқты киелі жерлерде Керей мен Жәнібек хандар билік құрып, тіпті жерленген деген де тарихи мәліметтер бар. Мұндай киелі жерлерді ұлы қазақ даласындағы кез келген елді мекеннен де кездестіруге болады. Мұның барлығы да ұлттың ұлы тарихының бір бөлшегі, жүріп өткен жолы, Ұлы даладағы ұлағатқа толы қолтаңбасы болса керек.
Жамбыл облысы