Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Ресей Ұлттық кітапханасында Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған кітап көрмесінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Egemen.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көрме Қазақстанның Санкт-Петербург қаласындағы Бас консулдығы мен жергілікті «Ата-Мекен» қазақ диаспорасы бірлестігінің ортақ бастамасымен ұйымдастырылды.
Іс-шараға Ресей Ұлттық кітапханасының басшылығы, Санкт-Петербург қаласында тұратын қазақ және басқа диаспоралардың өкілдері, сондай-ақ Санкт-Петербург қаласының тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Көрмеге әлемнің бірнеше тілінде жарық көрген Жамбылдың шығармашылығына байланысты 100-ден астам түрлі экспонаттар қойылды.
Кітапхана басшылығы аталған іс-шараның екі ел арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мен нығайту үшін маңыздылығын атап өтті. Қатысушылардың пікірінше, бұл шара Санкт-Петербург аудиториясын Қазақстан халқының мәдени мұрасы мен рухани байлығымен таныстыруға жақсы мүмкіндік ұсынды.