Петропавлда Ботай мәдениетіне арналған мүсіндік композиция бой көтермек. Үздік авторды анықтау мақсатында республикалық байқау жарияланды. Ол 1 сәуір мен 5 мамыр аралығында өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
18 сәуір – халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні. Осыған орай СҚО-да ескерткіштер апталығы басталды. Осылайша әр күнге іс-шара жоспарланған. Олар түрлі көрмелер, онлайн кездесулер, кітаптардың тұсаукесері және ескерткіштердің бірінде сенбілік ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ Тараз қаласына оқушылармен, студенттермен онлайн экскурсия жоспарланған.
Жалпы қазір СҚО-да 597 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Олардың 8-інің республикалық маңызы бар. 33 нысан Солтүстік Қазақстанның сакралды картасына енген. Олардың 8-інің жалпыұлттық маңызы бар.
«Былтыр осы картаға кіретін Меңгесер көлінің маңы абаттандырылды. Абылайханның резиденциясы жөнделді. Бұдан басқа орталық «Сакралды Қазақстан» кітабының 4-томын әзірлеп, жарыққа шығарды. Оған СҚО, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары енді. Кітаптың тұсаукесері апталық аясында өтеді.
Өткен жылы облыста үш нысан қалпына келтірілді. Олар Абылайхан резиденциясы, қалалық мәдениет үйі, Сәбит Мұқановтың музей-үйі. Осы мақсатқа 65 млн теңге жұмсалды. Ал көпес Шамсутдиновтың үйі кәсіпкердің өз қаражатына әлі жөнделіп жатыр», дейді СҚО тарихи мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры Рахат Мәмбеталинов.
Апталық Петропавлдағы бейнелеу өнері мұражайында ұйымдастырылған көрмемен басталды. Бұл жерде мемлекет қорғауына алынған, Сакралды Қазақстанға енген нысандармен танысуға болады. Сондай-ақ 20 ғасырдың басында шығарылған пошта ашықхаттары назарға ұсынылған. Қызықты жәдігерлердің бірі - тарихи ескерткіштердің табылған бөлшектері – есік тұтқалары, топса, пеш қақпақтары, т.б. заттар.
Рахат Мәмбеталиновтың айтуынша, былтыр Уәлиханов ауданындағы Қызыл Оба қонысына археологиялық зерттеу жүргізілді. Бес адамның сүйегі табылып, негізгі қорым ашылды. 1337 жылғы 4 күміс монета, айна қазып алынды. Биыл бұл жұмыстар жалғасын табады.
Биыл Ботай мәдениетіне арналған мүсіндік композицияны жасауға арналған республикалық байқау жарияланды. Оған кез-келген адам, мүсінші, сәулетші қатыса алады.
«Ол 1 сәуір мен 5 мамыр аралығында өтеді. Осы аралықта эскиздерін, конструкцияларын ұсынуға болады. Байқаудың қорытындысы бойынша мемлекеттік комиссия шешім қабылдап, жеңімпаз өз жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Бұл ескерткіш Петропавл қаласында орын тебеді», дейді орталық жетекшісі.