Өткен аптадан бастап Қызылорда коронавирус инфекциясының таралуы жағынан «сары аймақтағы» өңірлер қатарына қосылды. Осыған байланысты облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жедел штаб отырысын өткізіп, індетпен күресті күшейту бағытында атқарылған жұмыстарды саралады.
– Қазір аймақта күннен-күнге эпидемиялық жағдай күрделенуде. Тәулігіне 40-тан астам дерек тіркеліп, жаппай қайта жұқтыру қаупі өте жоғары болып тұр. Өткен аптадан бастап облыс «сары аймаққа» өтті, бұл бізге қатаң шаралар қабылдап, жылдам әрекет ету қажеттігін көрсетіп отыр, – деді облыс әкімі.
Штаб отырысында облыстық бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Динара Жаңабергенова індетпен ауырған азаматтардың үлестік көрсеткіші туралы айтып, карантиндік шектеулерге сәйкес алгоритмдік тәртіпте бекітілген жұмыстарды саралады. Сондай-ақ қоғамдық тамақтану, көпшілік баратын нысан, әлеуметтік қызмет ететін мекемелерде сақтық шараларын күшейту бағытында қаулыға сәйкес атқарылатын жұмыстарды атап өтті. Облыста коронавирус инфекциясын зерттеуге арналған 10 зертхана жұмыс істейді. Осы зертханалар арқылы өткен жылдан бері 279 622 сынама алынған. Ауруға шалдыққандардың жас шамасы әртүрлі болып отыр, 20 мен 69 жас аралығындағы азаматтар арасында індет жұқтыру жиілеп тұр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов медициналық ұйымдардың дайындығын баяндап, вакциналаудың негізгі көрсеткіштеріне тоқталды. Өңірде вакциналарды сақтайтын 18 тоңазытқыш және 179 термоконтейнер жұмыс істейді. Екпеге 14 кабинет әзірленіп, 133 мейірбике және 89 дублер жұмыс істеуде. Алдағы уақытта қосымша қаладағы «Теміржол» емханасы, «Сенім», «Интертич» клиникалары, «Қызылорда облыстық кеңес беру диагностикалық орталығы» және «Арай сити» сауда үйінен егу пунктері ашылмақ.
Бүгінде аймаққа жеткізілген 27 200 вакцинаның барлығы медициналық мекемелерге таратылып берілді. Оның I компоненті 10 678 адамға салынса, II компонентінен 3 371 тұрғынға екпе жасалды. Жиында облыстық медициналық және фармацевтикалық қадағалау департаменті басшысының міндетін атқарушы Ғалима Әзірова дәрі-дәрмек қорын молайту, дәрілер бағасына мониторинг жүргізу бағытындағы шаралар жайлы есеп берді. Ал облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Әмитов қоғамдық орындарда шоғырландыру деректерін болдырмау бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Хабарламалардан кейін облыс әкімі дәрі-дәрмек қорын жасақтау бағытында жұмысты үйлестіріп, дәріханалардағы қордың тұрақты бақылауға алынуы қажеттігін еске салды.
Облыс әкімі жедел штаб отырысынан кейін Тәкей Есетов атындағы №264 мектепке барып, білім ошағындағы каратиндік талаптардың орындалуын бақылады. Осы оқу жылында мектепте 3 602 оқушы білім алуда. Эпидемиялық ахуалға байланысты 624 оқушы дәстүрлі, 2 978 бала онлайн форматта оқып жатыр. Аймақ басшысы оқушылар арасында карантиндік талаптардың қатаң сақталуын бақылауға алып, сақтық шараларын қатаңдату қажеттігін айтты. Сондай-ақ алдағы кезеңде оқу процесін онлайн бағытта үйлестіруді тапсырды. Мұнан кейін облыс әкімі медициналық нысандарды аралап, бірқатар дәріханаға арнайы барды. №6 қалалық емхана жанындағы облыстық вакцина қоймасының, коронавирус инфекциясына қарсы екпе жасайтын кабинеттердің жұмысын тексеріп, тұрғындармен сөйлесті.
– Індет толығымен жойылған жоқ. Бүгінде бүкіл әлем вакциналау ғана бәрімізге үйреншікті өмірге оралуға мүмкіндік беретінін түсінді. Осыған байланысты барлық иммунопрофилактика мәселелері бойынша халықпен жүргізілетін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуіміз қажет, – деді Г.Әбдіқалықова.
Сондай-ақ облыс әкімі А.Тоқмағанбетов көшесінде орналасқан «№1 дәріхана», «Доктор Плюс», «Еврофарма» дәріханаларының жұмысын көрді. Облыста дәрі-дәрмек қорын қалыптастыру мақсатында жергілікті бюджеттен 488 млн теңге бөлініп отыр. Соның 281,2 млн теңгесіне 17 фармацевтикалық ұйым арқылы препараттар алынды. Соның бірі Абай даңғылы бойында орналасқан Lab Servicy company иелігіндегі «Ансар» дәріханалық желісі. Облыс басшысы өңірде 14 желісі бар компания басшысына дәрілік заттардың қорын қалыптастыру бағытындағы жұмысты күшейтуді жүктеді.
Медициналық нысандарды аралағаннан кейін облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов пен облыстық бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Динара Жаңабергеноваға жедел әрекет ету алгоритміне сәйкес халықтың сақтық шараларын сақтауын қадағалау мен вакциналау аясын ұлғайтып, мобильді дәрігерлер жұмысын жандандыруды тапсырды.
Қызылорда облысы