• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 15 Сәуір, 2021

Мемлекеттік тілді құрметтеу – ортақ міндетіміз

823 рет
көрсетілді

Мен әрдайым қоғамымыздың әрбір мүшесін мемлекеттік тілімізге деген құрметін арттыра түсуге, оның қолданыс аясын кеңейтуге барынша үлес қосуға шақырғым келіп тұрады.

Тіл – халықтың басты құнды­лықтарының бірегейі. Оны құр­меттеу – қоғамға ортақ міндет. Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі – заңмен бекітілген құндылық. Еліміздегі барлық этнос өкілдері мемлекеттік тілді сыйлауға міндетті. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында әр жылдары түрлі жобалар ұйым­дастырылып келеді. Мемлекет билігі де бұл мәселеге зор көңіл бөліп отыр. Қазақстанды мекендеген корей этносының өкілдері де мемлекеттік тілімізге аса құр­метпен қарайды. Бәрі түгел еркін меңгереді демесек те, көптеген азаматтарымыз қазақ тілінде жетік сөйлейді. Бұл, ең алдымен, өзі өмір сүріп отырған ортаны құрметтеу болса, екінші жағынан Қазақстан азаматы ретіндегі жауапты міндет.

Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде әрбір азаматтың құқы мен таңдауына қол сұқпайды. Қан­ша тіл білсең де шектеу жоқ. Алайда, әрбір адам мемлекет ал­дындағы жауапкершілікті жіті сезініп, мемлекеттің заңын, тілін, ұлттық ерекшеліктерін құр­мет­тегені абзал. Бұлай болған жағ­дай­да этносаралық татулық пен қо­ғамдық келісім салтанат құрып, этностар өзара рухани байла­ныс орнатады, бірін-бірі жақсы түсінеді.

Мемлекеттік тіл мəртебесі əрбір Қазақстан азаматы үшін қымбат болуға тиіс. Қазақ халқы көптеген ұлттарды қиын-қыстау кезеңде бауырына басып, өз төрінен орын бергені тарихтан белгілі. Ұлты, тілі, діні, салт-дəстүрі басқа деп өзекке теппей, бір атаның ұл-қызындай көрді. Тəуелсіздік алғаннан бері бұл жақсы дəстүр өркен жайып, Қазақстанда тыныстап, тіршілік ететін этностардың татулығы мен бейбіт өмір сүруі соның жемісі деп айтуға болады.

Қазақстан халқы Ассамб­леясында өзара түсіністік пен рухани дәстүрлер тоғысын ар­қау еткен ауқымды жобалар көп. Мұның ішінде мемлекеттік тілдің мерейін өсіріп, абыройын асқақтатуға бағытталған шара­лар да аз емес. Мәселен, көптеген этнос өзінің жастарына қазақ тілін үйрететін үйірмелер ашу арқылы тіл беделін нығайтуға үлес қосып келеді. Тіл мәртебесін айқындауға арналған түрлі форумдарда этностардың қазақ тілін жетік меңгерген өкілдері сөз алып, өз ойларын жүйелі жеткізіп жүр. Осы қоғамның бір мүшесі ретінде мен барша отандастарымды мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, оны құр­меттеуге шақырамын. Бұл – ең алдымен өзімізге, елімізге деген құрмет.

Мемлекеттік тілімізді қолдау, ол бір мақсатқа жұмылған хал­қымыздың бір-біріне деген ықы­ласын, достығын нығайтады. Ын­тымағымыз берік болу үшін мемлекеттік тіл сынды ортақ құн­дылықтарымызға сый-құр­метпен қарағанымыз жөн. Сонда тәуелсіз мемлекетіміздің болашағы да жарқын бола түседі.

 

Сергей ОГАЙ,

«Қазақстан Корейлер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы

 

АЛМАТЫ