• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Экология 15 Сәуір, 2021

«Шарын» мен «Алтын-Емел»: ұлттық парктерінің жер телімдері пайдаланылады

760 рет
көрсетілді

QazaqGeography республи­калық қоғамдық бірлестігі «Алтын- Емел» және «Шарын» ұлттық парктерінің жер телімдерін туристік-рекреациялық қызметті жүзеге асыруға ұзақ мерзімді пайдалануға беру үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жария­лаған конкурсқа қатысатынын хабарлаған болатын. Байқау қоры­тындысы бойынша QazaqGeography РҚБ Шарын мен «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи парктері бойынша жеңімпаз ретінде таңдалды.

QazaqGeography РҚБ басқарма төрағасы Орман Нұр­баевтың айтуынша, Қазақстанның ұлттық саябақтарына баруды таң­даған туристер санының жыл сайын артып келе жатқа­нына қарамастан, саябақ инфра­құрылымын дамыту және оған инвестициялар тарту қажет. Алайда инвестициялардың ұзақ мерзімді қайтарымы және эко­логиялық туризм­ді дамыту­ға инвестицияларды қолдау тетіктерінің болмауы коммерциялық инвестор­лардың қызығушылығын төмен­детеді.

«Экологиялық туризмді да­мытудағы QazaqGeography-дің жинақталған сегіз жылдық тәжі­рибесін және биологиялық алуан түрлілікті сақтау бойынша ғы­лыми-зерттеу жұмыстарын ескере отырып, бірлестік басшылығы серіктестермен келіскеннен кейін, ұлттық саябақтардағы кейбір жер телімдерін ұзақ мерзімді басқару конкурсына қатысуға шешім қабылдады. QazaqGeography командасы осы саябақтарды да­мытуға және болашақ ұрпақ үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақ­­тардың байлығы мен алуан түрлілігін сақтауға бар күш-жігерін салады», деді ол.

Қазір саябақтардың аумағында қоршаған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ) процедурасы жүргізілуде, бұл 3 кезеңде өтеді. Әртүрлі ғылыми институттардың маман­дары (ботаниктер, зоологтар, то­пырақ зерттеушілер, геологтер, гео­графтар, гидрологтер және т.б.), оның ішінде География және су қауіпсіздігі институтының ұжым­­дары – рельеф, геология, бо­луы мүмкін қауіпті табиғи құ­бы­лыстар және т.б. бөлімдері және Биоалуантүрлілікті сақ­тау жөніндегі Қазақстан қауымдас­тығының өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, биоалуантүрлілік, ан­тропогендік факторлардың әсері және т.б. бөлімдерінің маман­дары аталған аумақтардағы зерт­теу жұмыстарын бастады. Жұ­мыс барысында жоспарланған іс-шаралардың нұсқаларын іске асыру кезінде қоршаған орта мен әлеуметтік-экономикалық ортадағы өзгерістерге талдау жасалады. Қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша қоғамның кең ауқымын тарта оты­рып, қоғамдық тыңдаулар өткізіледі. Екі паркке арналған бұл рәсім Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Ор­ман шаруашылығы және жа­нуар­­лар дүниесі комитетімен ке­лісілген.

Айта кету керек, «Шарын» және «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи парктері QazaqGeography РҚБ-ның басқаруына берілмеген және мемлекет меншігінде қала береді. QazaqGeography туристік-рекреациялық нысандар салу үшін ұлттық парктің тек белгіленген жер телімдерін ұзақ мерзімді пайдалану құқығын алды.

«Шарын» мемлекеттік ғы­лыми-өндірістік кәсіпорнының жал­пы ауданы – 127 050 га, беріл­ген жер учаскелерінің ауда­ны 4,9 га құрайды, ал салынатын нысандардың негізгі көле­мі «Шарын» мемлекеттік ұлт­тық табиғи паркінің аумағына кіреберістің алдында орналасқан. Сол сияқты «Алтын-Емел» мем­лекеттік ғылыми-өндірістік кә­сіпор­нының жалпы ауданы 307 мың га шамасында,  ал берілген жер учаскелерінің ауданы – 12,1 га. Жоспарланған нысандарды салуға рұқсаттар заңнамада белгіленген барлық рәсімдерден өткеннен кейін, қоғамдық тыңдаулар мен қоршаған ортаға әсері туралы сараптамалық қорытындыларды алғанда ғана беріледі. Бұл туралы міндетті түрде хабарланады. Бел­гіленген процедуралар кезінде тұжырымдамасы, құрылыстың уақыты және объектілердің жос­пар­ланған өтелуі, оның қорша­ған ортаға әсері, жергілікті тұрғындар үшін ашылған жұмыс орындары саны, салық және басқа тиісті ақпарат пен құжаттар ұсынылады.

Ұзақ мерзімді пайдалану құ­қығының берілуі парк аумағына кіру немесе саяхаттау үшін тө­ленетін кұнының ұлғаюына әсерін тигізбейді. Жоспарланған туристік-сауықтыру орындарына бару және оларды пайдалану саябаққа келушілердің қалауы бойынша ғана болады. Туристік-рекреациялық объектілерді салуға тартылған ин­вестицияларға рес­публикалық және жергілікті бюд­жеттерден қаражат пайдаланылмайды, барлық қаражат көзі – жеке инвестициялар. Осы объектілерді пайдаланудан түскен кірістер QazaqGeography РҚБ биологиялық алуантүрлілікті сақтау және Қазақстандағы эколо­гиялық туризмді дамыту салаларында зерттеулер жүргізу үшін жұм­салады.

Айта кетелік, Qazaq­Geography ­республикалық қоғам­дық бірлестігі 2013 жылы 16 қа­зан­да құрылды. QazaqGeography бір­лестігінің мақ­саты – география және онымен байланысты ғы­лым­дарды зерттеу және танымал ету; ғылымды, білімді және қоршаған ортаны қорғауды на­сихаттау; қоршаған ортаны қорғау шараларына қатысу; Қа­зақстанның табиғи, тарихи және мәдени мұраларын танымал ету; Қазақстандағы туризмді дамыту үшін еліміздің бірегей тарихи-мәдени және географиялық нысандарына назар аударту. Қазіргі уақытта бірлестіктің 11 аймақтық өкілдігі ашылған.