Өз тіліңде сөйлеп, салт-дәстүріңді ардақтап, тіліңді құрметтейтін өзге ұлттың өкілін көргенде бауырмалдық сезім пайда болып, ет жүрегің елжіреп қалары бар. Оның үстіне Пайғамбарымыздың хақтығына, пейіліміздің ақтығына құлай беріліп, дінімізге кіріп жатса ше?..
Кездейсоқ жолықтық. Өңір «қызыл аймаққа» кірмей тұрған шақта. Орталық мешіттің кіреберісіндегі ауызашар уақыты таңбаланған хабарламаны мұқият оқып, қойын дәптеріне жазып алып тұр екен.
Осы бір үнемі жайдары қалыпта жүретін әріптес, бүгінде облыстық «Акмолинская правда» газетінде қызмет істейтін Вероника Бурданы түстеп қана танушы едік. Арагідік кездескенде бас изеп қана сәлем мезіретін жасайтынбыз. Таяп барып Ораза кестесінің қаншалықты қажеттілігін білмек болып, әлде «сіз ораза ұстайсыз ба?» деп сұрадық.
– Иншалла, – деді Вероника Александровна. – Мұсылман емеспін бе?
Біз үшін тосын жаңалық еді. Жанымызда жүрген адамдардың жан дүниесін, ұстанымын, көзқарасын байыптап біле бермейміз ғой. Өзі де кісіге жақын, иманжүзді келіншек. Қамшы салдырған жоқ, мұсылман дініне кіруі, ораза ұстауы жайлы рет-ретімен айта бастады.
–1986 жылы, сол кезде он жастағы, менен екі жас кіші сіңлім Анжелика қатты ауырды. Ата-анамыздың апарып көрсетпеген жері жоқ. Шынын айтқанда, тіпті жаһанға жар салып айтпасақ та, күдер үзген сәттеріміз де болды, – дейді Вероника Александровна. – Бірақ анам кішкентай құлынының жазылып кетерінен үмітті еді. Ауруханаға жатқызып, ем-дом қабылдап, уыс-уыс дәрі ішкенімен, еш септігі болмады. «Суға кеткен тал қармайды» дегендей, маңайдағы балгерлерге де қаратты. Ана үшін перзенттен қымбат не бар, байғұс анам басын тауға да, тасқа да соқты. Ақыр соңында не себеп болғандығын анық білмеймін, ораза ұстап, жаратқанға құлшылық етейік деген шешімге келді. Дәл оразаның алды болатын. Бәріміз ораза ұстадық. Тілек біреу ғана. Беймәлім дертке шалдыққан, қызғалдақтай құлпырып өсіп келе жатып, суық ұрғандай күннен-күнге солып бара жатқан Анжеликаның ажал аузынан аман қалуы. Бұрын кім ораза ұстап көрген. Шарттарын білгенімізше бұлжытпай орындауға тырыстық. Мәні мен мазмұнын ұға қойдым деп айта алмасам керек, баламыз ғой. Анамыздың қалауы болған соң қарсы болмадық. Әлде кездейсоқтық, мүмкін біздің жалбарынуымыз жаратқанның құлағына жетуі. Әйтеуір, оразаны орталай бергенде Анжеликаның сырқатынан айыққаны. Кәдімгі пышақпен сылып тастағандай. Анамның есі шығып кетті. Көзінің жасы көл болып, жаратқанға алғысын айтумен болды. Өзінің пайымының, таңдауының дұрыс болып шыққанына есі кете қуанды. Анамыз сенген соң, осы бір ғажайып оқиғаны көзімізбен көрген соң тілмен айтып жеткізгісіз құдіретке біз де сендік. Оразаның қасиеті мен адам ағзасын тазартуға, ағзасын ғана емес, жан дүниесін таңның мөлдір шығындай тап-таза етуге тигізер пайдасын есейе келе ұқтым, әлі де үйрену үстіндемін. Содан бері неше жыл үзілген емес. Анжелика да оразасын үзген емес. Естіп-білгенімізді бір-бірімізге айтып отырамыз.
– Күні бойы нәр татпай жүру қиын емес пе?
– Ең бастысы – оразаның алдындағы ниет. Күні бұрын іштей дайындалып, қиындығына шыдайтындығыңа өзіңді-өзің кәміл сендіруің қажет. Әрине бұл арада ешкім ораза ұста деп қыстап жатқан жоқ қой. Жүрек қалауың, өз ниетің. Міне, осындай пейілде болсаң, бәріне төзесің. Менің бойымда сонау бала кезімнен ешқандай қорқыныш болған емес. Мүмкін Жаратқан ие жар болған шығар, санама тазалық, бойыма қуат дарытты ма екен. Әдетте оразаға бірер жұма қалғанда ішкі түйсіктің әсерінен адам ағзасының өзі жаратқан жүйрік іспетті дайындала бастады. Тек сәресі мен ауызашарда дұрыс тамақтануың шарт. Тәбетің тартқан тағамды ғана тат. Менің жарым Юрий Иванович сәресіні өзі дайындап береді. Сауабы менікі деп қояды, – дейді Вероника Александровна. – Қуатты тағамның болғаны дұрыс. Әсіресе қазы-қарта, құрт езген көже. Кейбіреулер ораза кезінде еңбек демалысын алып жатады. Күнімен нәр татпаған соң бойдағы қуат та кемитін болар. Дегенмен, ораза дегеніміз тәулік бойы аш жүру емес, сән де емес, жан дүниеңнің түлеуі десем болар. Осы кезде өмірдің мәні мен мағынасын түсінесің. Талай жайға деген көзқарасың өзгеруі де мүмкін. Ең бастысы, жаныңдағы адамдарға түсіністікпен, жанашырлықпен, сүйіспеншілікпен қарасаң, жүк те жеңілдей бермек. Сөз арасында кейбір жастардың сән үшін ұстайтындығын көріп жүрміз. Бұл мүлде қате түсінік. Ащылау айтсам, айып етпессіз. Әлдебіреулердің ауызашардан кейін темекі тартқанын да көрдік. Желеуі – ауыз ашқан соң бола бередіге саяды. Бұл мүлде дұрыс емес қой. Егер жат қылығыңды қоя алмасаң, ешкім желкелеп жатқан жоқ. Әлгілердің адам сүймес қылығы жаратқанмен әзілдескен тәрізді болып көрінеді көзіме.
Вероника Александровнаның ораза туралы айтқан кәдімгі қазақтың жалпақ тіліндегі әсерлі әңгімесінен кейін ес жия алмай қалдым. Қазақ тілін қаншалықты білетінін бажайлап сұраудың реті келді. Әріптесім тілінің қай тілде шыққанын анық білмейді екен. Әлде қазақ тілінде, мүмкін орыс тілінде сөйлеген шығар. Әлде қос тілде қатар тілі шықты ма екен? Қарағанды қаласында орта мектепті бітіргеннен кейін университеттің филология факультетіне оқуға түскен. Тәмамдаған соң орыс мектебінде мұғалім болып жұмыс істеді.
– Абайдай ұлысы бар ұлттың тілі бай болуға тиісті ғой, – дейді Вероника Александровна. – Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын әуелі түпнұсқадан оқыдым, кейін орыс тілінде оқып салыстырдым. Өзгеге қалай екенін кім білсін, өзіме түпнұсқасы қатты ұнайды. Қанша жерден шебер аударылса да, телегей-теңіз бай тілдің нақыш-бояуын, сөз астарындағы ойды, ишара мен емеурінді толайым түгел беру, аңғарту мүмкін емес қой. Ұлт музыкасы да көркем тілі сияқты құдіретті. Біздің үй музыканы сүйетін отбасы еді. Демалыс күндері қазақ, орыс, еврей, неміс балалары жиналып қазақ музыкасын тыңдайтын едік. Әсіресе күй құдіретін. Күй – ұлт қазынасы. Тылсым тарихы, зары мен мұңы, қуанышы мен шаттығы, сәні мен салтанаты күй тілінде жатыр. Тек түсініп, түйсіне білу керек. Қазір күйді жұрт түсіну үшін танымдық тағылымын арттырса деймін. Мәселен, тыңдарманға ең алдымен күйдің өзі емес, тарихы айтылса. Қазақ күйлерінің бәрі белгілі бір оқиғаға байланысты құрылған ғой. Әйтпесе, көп жұрт қазір оны құйқылжыған дыбыс ретінде ғана қабылдайды. Аққудың үнін, тұлпардың дүбірін аңғаруы мүмкін, бірақ ол неге байланысты, жетемізге жете бере ме? Ал ән, қазақ әні өз алдына көл-көсір дүние. Жұмыстан шаршап келгенде қазақ вальсінің королі – Шәмшінің әнін тыңдағанға не жетсін?! Аздап айтатыным бар. Тыңдарман қауым үшін емес, өзім үшін, жан дүнием қалағандықтан.
Кейіпкерім ас мәзірі туралы да ақтарылған. Ұлт тағамын көңілі қалайды. Ал сіңлісі Анжелика бар мүшесін түгендеп ас пісіргенде дәмі тіл үйіреді. Верониканың да отбасында жергілікті ұлттың жеңсік асын бабына келтіріп дайындайтын өнері бар екен.
Әсерлі әңгімеден соң жан сарайым кеңіп қалғандай. Қуаныштың қызылды-жасылды көбелегі Көкшенің көгілдір аспанында сәуірдің ақ жауынындай жауып тұрды. Қапелімде қарындас таптым, кәдімгі діні бір, тілі бір, рухтас, ниеттес қарындас. Өрісің кеңейгенге не жетсін, шіркін!
Көкшетау