дейді жол азабын тартып жүрген қостанайлықтар
Қостанайдан еліміздің оңтүстігіне қарай “Қостанай–Алматы” пойызы ғана жүреді. Мұның өзі Шу стансасына тоқтағаннан кейін еліміздің оңтүстік-шығысына қарай кетеді. Ал жолаушыға Қостанайдан еліміздің оңтүстігінде жатқан Тараз, Шымкент немесе Қызылорда қалаларына жету үшін 2,5 тәулік уақыт керек. Олар алдымен Астана қаласына жетіп алады. Одан “Павлодар–Сарыағаш”, “Көкшетау-Қызылорда”, “Астана-Сарыағаш” пойыздарының жүретін уақытына дейін сарғайып күтеді. Жолаушының алтын уақыты ауысып мінген пойызды күтумен кетеді.
– Ел болған соң оңтүстік облыстарда біреудің бауыры, баласы, біреудің құда-жекжаты бар. Жақсылық-жамандықта араласпай, барыс-келіс жасамай тұрмаймыз. Сонда жолдың ұзақтығының үстіне пойызға ауысып міну, күту сияқты жол қиындықтары шаршатады,–дейді Қостанай қаласының тұрғыны Бекқұл Садықов.
Еліміздің оңтүстігіндегі облыстардан Қостанай қаласы мен облыс аудандарында оңтүстіктен келіп жұмысқа орналасып немесе орта және шағын бизнеспен айналысып, бала-шағасын асырап жүрген азаматтар аз емес. Оның сыртында Өзбекстаннан облысқа қоныс аударған оралмандардың да туып-өскен жерінде ағайындары қалған. Оңтүстік облыстарға тікелей пойыздың жоқтығы жол қиындығын еселеп жібереді.
– Оңтүстік Қазақстан облысындағы ауылыма уақытында жетіп бара алмағандықтан, анам қайтқанда бір уыс топырақ та сала алмадым, – дейді тағы бір қостанайлық азамат. – Пойызға Қостанайдан отырып, Шымкенттен түскенімде ауданға да тезірек жетер едім. Екі пойызға ауысып мініп жүргенімде уақыттың бәрі өтіп кетті.
Міне, осындай әңгімені Қостанайда жиі естуге болады. Тұрғындардың өтінішінен кейін 2007 жылы Қостанай-Сарыағаш бағытындағы жолаушылар пойызы жүретіндігі туралы жергілікті газеттерде хабарландырылған болатын. Бірақ жұрттың қуанышы көпке ұзаған жоқ, осы уәденің соңы сиырқұйымшақтанып, тек қаңқу сөз сияқты болды да қалды. Жақында облыстағы оңтүстіктік үш мың азаматтың атынан Премьер-Министр Кәрім Мәсімовке жолданған өтінішке “Қазақстан темір жолы” ҰК” акционерлік қоғамынан жауап келген болатын. Онда тіркеме және жолда тоқтамай, тікелей қатынайтын вагондар әлеуметтік бағыттар қатарына кірмегендіктен, оларға республикалық бюджеттен субсидия бөлінбейтіндігі айтылған. Сондай-ақ онда “Жолаушылар тасымалы” АҚ-тың Қостанай-Сарыағаш бағыты бойынша тікелей қатынайтын вагондар тағайындауға мүмкіндігі жоқ екені айтылған, өйткені бұл кәсіпорын үшін шығынды іс болып табылады.
– Қостанайдан оңтүстік жаққа қарай бір-екі вагон тіркеу сондай бір шешімі табылмайтын, мүмкіндігі жоқ мәселе емес секілді. Мысалы, Қостанайдан жүретін “Қарағанды-Қостанай” пойызы Астанаға таңғы 4 сағат 40 минөтте келеді. Ал Астана-Сарыағаш пойызы сағат 6-да жүреді. Қостанайдан келген пойыздың вагонын осыған тіркей салу қаншалықты қиын шаруа емес, –дейді қостанайлық Бекқұл Садықов.
“Жолаушылар тасымалы” АҚ басшылығы жауабында “Жолаушылар пойыздарының құрамына Қостанай-Қарағанды, Қостанай-Алматы және Көкшетау-Қызылорда бағыттары бойынша вагондар жолаушылар ағыны көбейген жағдайда парктегі мүмкіндікке қарай ескерілетіндігін айтқан. Ол мүмкіндіктің қашан боларын кім білсін, ал қостанайлықтар оңтүстік өңірге қарай жолға шыққан сайын сағынып барып, сарылып қайтады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,Қостанай облысы.