Дәл осы сауал төңірегіндегі «тартыстың» жүріп жатқанына талай жыл. Бірі ауыл шаруашылығына ғана маманданған арнайы банк қажет десе, енді бірінің пікір-ұстанымы бұған мүлдем кереғар. Олар «саланы қолдайтын құрылымдар онсыз да көп» деген уәжді алға тартады. Біз осы тақырыпқа тағы бір оралып соққанды жөн көрдік.
Қаржы институтына қажеттілік бар
Алдымен сәл шегініс жасап, тарихқа үңілейік. Тәуелсіздік алған елең-алаң шақта елімізде «Агропромбанк» деген қаржы институты жұмыс істеді. Атауының өзі айтып тұрғандай, бұл тек ауыл шаруашылығы саласына ғана маманданған банк еді. Ол елдің агросекторындағы Кеңес өкіметінен қалған мұраны сақтап қалып, одан әрі ілгерілетудің бірден-бір жолы болатын. Демек, Қазақстанның агробанк құру тұрғысынан өзіндік тәжірибесі бар.
– Еліміз Тәуелсіздік туын көтерген шақта Қазақстанда бес-алты салалық банк құрылды. Олар екінші деңгейлі банк ретінде бірнеше жыл жұмыс істеді. Бұл қатарда «Агропромбанк» те бар еді. Кейін ол «Наурыз банк» болып атауын өзгертіп, жекеге өтті. Ақыры банкрот болып тынды. Өзге салалық қаржы институттары секілді «Агропромбанк» те еліміздің 1995-1996 жылдардағы банк саласындағы реформасынан аман өтпеді. Әуелде мемлекетке қараған олардың біразы жекешелендірілді, енді біразы басқа банктермен қосылды. Сөйтіп, бұлардың ғұмыры ұзаққа созылған жоқ, – дейді экономист Талғат Демесінов.
Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Көпмағамбет Елемесовтің пікірінше, салалық банктер ғұмырының келте қайырылуы бюджетке тәуелділігінде еді. Оған нарықтық экономиканың заңдылықтары қосылды. 90-шы жылдардың қиындығы да өз салқынын тигізбей қойған жоқ.
«Агропромбанктен» бері қарай арада 20 жылдан астам уақыт өтті. Содан бері елдегі, жалпы саладағы жағдай қаншалықты өзгерді? Алда-жалда агробанк құрылып жатса, бұрынғы банктің тағдырын қайталамай ма? Қаржы институты өзін-өзі ақтай ала ма? Көкейде осындай көп сауал бар.
– Қазір жер реформасын жүзеге асыру жөніндегі комиссияның жұмысы жүріп жатыр. Бұл реформаны абыроймен, ақылдаса отырып соңына дейін жеткізу маңызды. Меніңше, ауыл шаруашылығымен айналысатын Қазақстан Республикасының азаматтарына жерді жекеменшікке берген дұрыс. Жердің заңды иесі оған жауапкершілікпен қарайды. Әйтпесе, жалға алатындар жер өзінің жекеменшігі болмаған соң, оның жай-күйіне де немқұрайдылық танытатынын көріп жүрміз. Мұны не үшін айтып отырмын? Жекеменшіктегі жерді агробанкке кепілге қойып, несие алуға болады. Сондықтан өз басым аграрлық банктің құрылғанын құптаймын, – дейді Т.Демесінов.
Экономистің айтуынша, жаңа салалық банк құру үшін «велосипед» ойлап табудың қажеті жоқ. Әуелі 90-шы жылдардың тәжірибесін бір зерделеп алу керек. Одан кейін шетелдік агробанктердің тәжірибесіне назар аударған жөн. Әсіресе, Швейцария мен Германияның, Нидерланды мен Жаңа Зеландияның агробанктеріне қарап бой түзесе болғандай.
– Оны таза мемлекеттік немесе аралас банк ретінде құруға болады және ол ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына, шаруа қожалықтарына арзан несие ұсынуы керек. Оның тиімділігі де осы жерде көрінеді. Әйтпесе, банкті құра салғаннан салада серпіліс болмайды. Банк бірінші кезекте шаруаларға арзан несие ұсынуы шарт. Сондай-ақ агробанк мемлекеттен берілетін субсидиялардың, субвенциялардың, дотациялардың бәрін біріктіретін құрылым болуы керек. Қысқасы, шаруаларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетілуі тиіс. Сонымен қатар агробанктің жүйесі негізінде ауыл шаруашылығы өндірістік сауда кооперативтерін құруға мүмкіндік бар. Кооператив ауыл өнімдерін жеке шаруалардан сатып алып, одан әрі өткізу жағын реттесе, саладағы біршама мәселенің түйіні тарқағалы тұр. Оның ішінде делдалдарға, баға саясатына қатысты мәселе оң шешімін таппақ, – дейді экономист.
К.Елемесовтің пікірінше, агробанктің құрылуы шаруалардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді.
– Қазір несие беретін ұйым көп. Олар шаруаның мүддесін ойламайды. Қайта шаруалардың есебінен еселеп табыс табуды көздейді. Шаруалар – әуелден қағаз-құжатқа қырсыз қауым. Соны жақсы білетін алаяқ-қулар оларды тақырға жиі отырғызып кетеді. Сондықтан дәл қазіргі шақта Қазақстанға агробанк қажет. Ауыл шаруашылығы – экономиканың драйвері. Демек, осы бағыттағы жаңашылдықтардан, озық тәжірибелерден теріс айналмаған дұрыс. Болашақта салалық банк құрылып жатса, ол басқа банктер секілді пайда үшін емес, ауыл шаруашылығын дамыту мүддесін биік қоюы шарт, – дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы.
«ҚазАгроға» қол жетпеді...
Қазақстанда ауыл шаруашылығын дамытуға, қолдауға жауапты бірден-бір ұйым «ҚазАгро» компаниясы болатын. Алайда аталған компания таратылып, жуырда оның функциялары «Бәйтерек» холдингінің құрамына өтті. «Шопан Ата» Қазақстан қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаевтың айтуынша, енді ауылдағы шаруалардың жағдайы тіпті қиындауы мүмкін.
– «ҚазАгроның» ұстанған саясаты шаруаларға мүлдем кереғар еді. Компания ұсынған өнімдерге – несиелерге көпшіліктің қолы жетпеді. Сұраныс талаптары да қисынсыз болатын. Енді ауыл шаруашылығын қолдауға, дамытуға «Бәйтерек» холдингі жауапты. Бірақ холдинг пен агросаланың үш қайнаса сорпасы қосылмайды ғой... Біз Ауыл шаруашылығы министрлігіне бағынысты болса да, дәл сол «ҚазАгроны» жұмыс істете алмадық. Енді «Бәйтеректі» мүлдем маңайлай алмайтын шығармыз. Ауыл шаруашылығын дамыту, оны қаржыландыру, Үкіметтің бұл бағыттағы саясатын жүзеге асыру салалық мекемеге берілуі керек. Міне, сол мекеме агробанк болуы қажет, – дейді ол.
Қауымдастық төрағасы екінші деңгейлі банктерден несие алу оңай екенін жеткізді. Алайда олар кепілдікке келгенде әкесінің құнын сұрайды. Оны қарапайым шаруалар орындай алмайды, әлбетте. Шаруалардың мұндай банктерге жоламайтыны да сондықтан.
– Екінші деңгейлі банктер ауыл шаруашылығы саласын тиімсіз деп санайды. Бұл саланы қаржыландыруға басымдық бермейді. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығына несие беру көлемі бойынша екінші деңгейлі банктердің үлесі 10 пайызға жетер ме екен?.. Сондықтан тек қана ауыл шаруашылығы жобаларын іске асыратын, қаржыландыратын агробанк керек. Банк құрылмайынша, саланың дамуы қиындау. Соңғы он жылда мыңдаған адам ауылдан көшіп кетті. Демек, ауылдың жері бос қалып жатыр. Енді осы үрдісті кері жүргізу үшін агробанктің мүмкіндігін пайдалануға болады. Қазір қаладағы қым-қуыт тірліктен мезі болып, ауылға барып, кәсіп ашқысы келетін жастар да, орта буын өкілдері де көп. Алайда олардың иелігінде жекеменшік жер мен қомақты қаражат жоқ.
«ҚазАгроҚаржы», «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры», «Аграрлық несие корпорациясы» секілді қаптаған компанияларға қолдан жем беріп отырмыз. Бүйткенше, бәрінің басын біріктіріп, қаражатты да, құзыретті де агробанктің қолына беру керек. Шынында, саладағы қолдау көрсететін компаниялардың көптігі сондай, қазіргі шаруалардың басы айналады. Компаниялар келген кәсіпкерді бір-біріне сілтеп, діңкесін құртады. Ауылдағы шаруаны онсыз да тентіретіп, сандалтып жүргеніміз аз емес. Жұмыстың бәрі бір ғана мекемеде шешіліп, реттелуі тиіс. Шаруаның басын шырғалаңға салудың қажеті жоқ. Олардың уақыты да шектеулі. Біздегі өнімділіктің төмендігі де, жалпы саланың дамымай жатқаны да шаруалардың сандалып жүргендігінен шығар, бәлкім. Менеджмент ақсап тұр. Оны мемлекет реттеп бермейінше, түк шықпайды, – дейді А.Садырбаев.
Оның пікірінше, агробанк құру үшін теңселіп, әне-міне құлағалы тұрған екінші деңгейлі банктердің бірін мемлекет есебінен қолдап жіберіп, салалық банк етіп қайта құрса, шаруа шешіледі. Онсыз да екінші деңгейлі банктерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр емес пе?!
– Агробанк – әлемде бар тәжірибе. Сол тәжірибеге сүйену маңызды. Жерді ел азаматтарына жекеменшікке беру жайы пысықталып жатыр. Ертең осы мәселе реттелсе, сол жерді агробанкке кепілдікке қоюға болады. Бұған екінші деңгейлі банктер қырын қараса да, салалық банктің бас тартпасы айдан анық, – дейді А.Садырбаев.
Министрліктің ұстанымы қандай?
Тақырыпқа бір қырынан ғана үңілмес үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің де ұстанымын білмек оймен, журналистік сауал жолдадық. Ресми жауап хатта айтылғандай, министрліктің ұстанымынша, агробанк құру ауыл шаруашылығы үшін панацея бола алмайды. Өйткені бұдан несиелер қолжетімді бола түспейді. «Қолжетімді несиелендірудің негізгі факторы – қорландыру құны, сондай-ақ қаржы институтының ұйымдық-құқықтық нысаны емес, несиелік және кепіл саясаты», делінген ресми жауап хатта.
Министрліктің хабарлауынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мемлекеттік агробанктің құрылуын құптайды, әлбетте. Өйткені, олар салалық банк құрылса, қаржыландырудың қолданыстағы талаптарымен салыстырғанда несиелердің мөлшерлемесі төмендеп, кепілмен қамтамасыз ету шарттары жеңілдейді деп ойлайды. «Алайда агробанкті құру әкімшілік шығыстарды арттыратын, түпкілікті қарыз алушылар үшін мөлшерлемелердің өсуіне әсер ететін банк инфрақұрылымын дамыту қажеттілігіне алып келеді», дейді Ауыл шаруашылығы министрлігі. Яғни банктің есептеу-кассалық қызмет көрсету, инкассация қызметі, төлем карталарын шығару, банкоматтар желісі секілді толып жатқан шығыстары пайда болады.
«Сонымен қатар екінші деңгейлі банктердің қызметі салымшылардың мүддесін қорғау қажеттілігіне байланысты Ұлттық банк тарапынан қатаң реттелетін болады. Агробанк құрылған жағдайда бұл тәуекелдерді бағалау жөніндегі талаптардың күшеюіне, оның қарыз алушыларын кепілмен қамтамасыз етуге қойылатын талаптардың күшейтілуіне әкеп соғады. Осылайша, тауар өндірушілердің едәуір бөлігі ауылдық жерлердегі өтімділігі төмен кепіл мүлкі үшін агробанктен несие ала алмауы мүмкін. Бүгінде екінші деңгейлі банктерге жүгінетін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің көпшілігінде осындай жағдай қалыптасып отыр», делінген жауап хатта. Министрліктің мәліметінше, сала бойынша екінші деңгейлі банктердің несие қоржынындағы шаруа қожалықтарының, фермерлік қожалықтардың үлесі 5 пайызға да жетпейді.
Ведомство хабарлағандай, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер банктердің қызметімен онсыз да қамтамасыз етілген. Демек, агробанк құру мемлекеттің қатысуын ұлғайтады және жекеменшік банктерді ауылдан ығыстырып шығарады. Ал бұл Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында көрсетілген мемлекеттің экономикаға қатысуын шектеу жөніндегі саясатқа қайшы келмек.
«Бүгінгі таңда «Бәйтерек» холдингінің еншілес компаниялары ауыл шаруашылығын қолдауға арналған өнімдердің барлық түрін ұсынып отыр. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ бөлшек бизнесті несиелеумен айналысады. «ҚазАгроҚаржы» АҚ ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын лизингпен сатып алуға мүмкіндік жасап отыр. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ корпоративтік бизнес пен инвестициялық жобаларды несиелеумен, оның ішінде несие серіктестіктерін, микроқаржы ұйымдарын және екінші деңгейлі банктерді қорландырумен айналысады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға бағытталған «Сыбаға», «Қарапайым заттар экономикасы», «Іскер», «Агробизнес» секілді бағдарламалар бар. Бұдан бөлек, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасында да агросекторды қолдау бағыттары қарастырылған», деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Айтпақшы, жуырда «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры, белгілі экономист Рахым Ошақбаев та агробанк мәселесіне қатысты пікір білдірді. Ол несие беретін ауыл шаруашылығы саласындағы ұйымдардың бәрін бір қаржы құрылымына біріктіруді ұсынды.
– Карантиннен кейін бізді экономикалық тығырықтан алып шығатын салалардың бірі – ауыл шаруашылығы. Алайда бюрократиялық іс-шараларға байланысты қаржыландыруға қатысты шешімдер кешеуілдеп жатады. Бұл бағыттағы жұмысты барынша жеделдету керек. Ауыл шаруашылығын қаржыландыру тұрғысында банк жүйесіне ғана иек арту мүмкін емес. Банк бәріне, әсіресе шағын және микро бизнес өкілдеріне ақшаны уақытында жеткізе алмайды. Сол себепті мүлде жаңа амал-әдіс керек. Қазіргі дағдарыстың сипаты бөлек. Тіпті қазір елде агробанк ашуға дейінгі қадамдарға барған жөн болар. Несие беретін ауыл шаруашылығы саласындағы ұйымдардың бәрін бір қаржы құрылымына біріктіріп, сол арқылы кәсіпкерлерді төмен пайыздық несиемен қолдаған жөн. Кепілдік қалдыру тәртібінен кетіп, нақты бизнес-жоспарларға қаражат аудару керек, – дейді Р.Ошақбаев.
Түйіндей келе айтарымыз, Қазақстанда агробанк құру мәселесі тағы да күн тәртібінен жиі орын алуда. Демек, бұған қатысты нақты шешім қабылдар сәт жақындап келе жатқан секілді. Талай жылғы «тартыстың» нүктесі қалай қойылар екен? Әліптің артын бағайық...