• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 19 Сәуір, 2021

Астық егетін аймақтарда науқан мамырда басталады

177 рет
көрсетілді

Бүгінгі таңда Алматы, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыс­тарында егін егу алдындағы дайындық жұмыстарымен қатар, кейбір дақылдарды егу науқаны басталып кетті. Атап айтқанда, оңтүстікте 220 мың гектарға жуық дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, 30 мың гектар көкөніс, 11 мың гектардан астам жерге картоп, 15,4 мың гектарға бақша дақылдары егілді. Ал астық егетін аймақтардағы негізгі науқан мамыр айының ортасында басталады.

Ауыл шаруашылығы министр­лігінің хабарлауынша, егіс науқа­нын жүргізу үшін ауыл шаруа­шы­лығы құрылымдарында 141,7 мың трактор, 4,3 мың жоғары өнімді егін егу кешені, 73,2 мың тұқым сеп­кіш, 221,2 мың топырақ өңдеу құрал­дары бар. Техниканы дайындау жос­парлы түрде жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта техникалар егін егу науқанына 100% дайын.

2021 жылғы көктемгі дала жұ­мыстарына (ақпан-маусым) Энер­гетика министрлігімен бір­лесіп, 380 мың тонна арзан­датылған ди­зель отынын жеткізу бойынша облыстарды мұнай өңдеу зауыт­тарына бекіту кестесі жасалды. Сәуір айында мұнай өңдеу зауыттары дизель отынының орташа нарықтық бағасын тоннасына 174 мың теңге немесе литріне 144 теңге етіп белгіледі. Операторлардың шығындарын қосқанда фермерлер үшін республика бойынша орташа баға литріне 165 теңгені құрады (нарықтық бағадан 10%-ға арзан).

Облыс әкімдіктерінің ақпараты бойынша бүгінде 2,4 млн тонна тұ­қым себілді, бұл тиісті мер­зім жос­парының 100,4%-ын құ­райды. Сон­дай-ақ фермерлерге 136,2 мың тонна минералды тыңайт­қыш жеткізілді. Субсидия беруге өті­німдерді жинау жұмыстары жал­ғасуда.

Биылғы маусымда фермерлерді қаржыландыру үшін арнайы бағ­дарламалар қарастырылған. Мы­салы, «Аграрлық несие корпорация­сы» АҚ «Кең дала» бағдар­ламасы бо­йынша көктемгі егін егу мен күз­гі жиын-терім жұмыс­тарына 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік не­сие бөлді.

АӨК субъектілері үшін сыйақы мөлшерлемесі банк кепілдігімен тікелей несие алған жағдайда – жылдық сыйақы мөлшері 1,5%-ға дейін; АӨК субъектілері несие серік­тестіктерінен, мемлекеттің 100% қатысуымен өңірлік ин­вес­ти­ция­лық орталықтардан, микро­қаржы ұйымдарынан несие алса, жылдық сыйақы мөлшері 5%-дан аспайды; екінші деңгейлі банктерден алған несиенің жылдық сыйақы мөлшері – 5%-ға дейін. 

Сондай-ақ шағын және орта фермерлерді қолдау үшін Азық-түлік корпорациясы ауыл ша­руа­шы­лығы өнімдерін форвард­тық са­тып алуды жүзеге асырады. Жос­пар­ланған сатып алу сомасы 45,3 млрд теңгені құрайды.