• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 19 Сәуір, 2021

Заң шығару талаптары жаңартылды

510 рет
көрсетілді

«Енді мемлекеттік органдардың барлығы өздері дайындаған заң жобасы бойынша құқықтық сараптама жүргізуге міндетті». Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Рамазан Сарпеков мәлімдеді.

Қазақстандағы нормашы­ғармашылық саласында жүргізіліп жатқан реформа жайында кеңінен мағлұмат берілген брифингке сондай-ақ Әділет вице-министрі Наталья Пан қатысты.

Кей заңдар небәрі 35 баптан тұра­тын болса да, сол нормалар­дың жартысынан көбі жұмыс істемейді. Кейбір заң нормалары қарама-қайшылық туғызады. Сы­байлас жемқорлыққа жол ашатын, жемқорлық жасауға мүмкіндік туғызатын нормалар да кездеседі. Осындай заңдарды қолданыста ұстаудың қажеттілігі қанша? Заңдағы олқылықтар неге құжат қабылданбай тұрып ескерілмейді? Брифингте осы тектес сұрақтар қоғамда көптен бері талқыға түсіп келе жатқанын спикерлер де жоққа шығармады.

«Сондықтан да «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңна­малық актілеріне норма шығаруды жетілдіру мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар ен­гізу туралы» заңға өзгертулер енгі­зу кезінде ерекше назарға алын­ған мәселелердің бірі осы бол­ды», деген институт дирек­торы журналистердің сұрақ­тарына жауап беру барысында «бұдан былай құқықтық мони­то­рингті мемлекеттік орган­дардың бар­лығы жүргізуге мін­детті» екенін  атап өтті. «Әрбір мем­лекеттік орган құ­қықтық мониторинг жүргізіп қана қоймай, заңдық сарапта­ма­ларының нәти­жесін жыл соңын­да ресми порталдарында ашық түрде жария­лап, қандай жетістік­терге қол жеткізгенін, заң­дарында қандай кемшіліктер кеткенін көрсетіп береді. Бұл процестердің барлығы жоғарыда біз айтқан заң аясында жан-жақты қарастырылған. Егер заң өз деңгейінде жұмыс істейтін болса, нақты нәтижелерге қол жеткізуге болады», деді Рамазан Құмарбекұлы. Оның айтуынша, аталған заңның кейбір нормаларын іске асыру мақсатында қазіргі таңда мемлекеттік органдар арасында Үкімет қаулысының жобасы келісілуде екен.

Қазіргі кезде сараптама жүр­гі­зетін сарапшылардың тізімі, олар­дың құқықтары мен міндеттері, қажетті құжаттардың түрлері, сондай-ақ Әділет министрлігінің бұйрығымен бекітілетін 2-3 нор­мативтік құжат пен институт директоры бекітетін 3-4 құжат әзір­лену үстінде. Заң бойынша бас­ты өкілетті орган болғандықтан, тиісті құжаттар қабылданғаннан кейін аталған институтқа ұйым­дас­тыру жұмыстарының барлығы жүктеліп отыр. 

Р.Сарпеков сондай-ақ құқық­тық сараптама өткізу тәртібінің өзгергенін де айтты. Бұған дейін ғылыми мекемелер, жоғары оқу орындары конкурсқа қатысу арқылы құқықтық мониторинг өткізу құқығын жеңіп алып отыр­ған. Яғни сараптамамен бір меке­менің ішіндегі ғалымдар мен маман­дар ғана айналысатын. «Ал қазір­гі талап бойынша құқықтық сарап­тамаға Қазақстанның бар­лық аймағынан «сарапшы болуға лайықтымын», «білімім мен тәжірибем жеткілікті» деген кез келген адамның қатысуға құзы­ры бар. Ол үшін ғылыми дәре­жесі, 10 жылға дейінгі заң сала­сында істеген еңбек өтілі болса жеткілікті. Сол бойынша бізге өті­нішін тапсырса, тізімге енгізе­міз. Тиісті сала бойынша құқық­тық сараптамаға қатысады. Осы про­цестердің барлығын реттеу де институтқа жүктеліп отыр», деген институт директоры сөзінің соңында ғалымдар мен тәжірибелі заңгерлерді бірге жұмыс істеуге шақырды.

Брифингте Әділет вице-ми­нистрі Наталья Пан бұдан былай Үкіметтің бастамасымен әзір­ленген әрбір заң жобасында жұрт­шы­лықпен кеңес өткізуге ар­налған консультативтік құжат бола­тынын мәлімдеді. Бұл құжат әр са­ланың өзекті мәселесін не­ғұр­лым терең зерделеп көруге, олар­ды шешудің әдіс-тәсілін пы­сық­тауға мүмкіндік береді.

«Заң жобаларын әзірлеу рәсімі келесідей. Мемлекеттік органдар проблеманы анықтаған кезде тиіс­ті талдау жүргізуге және оның нә­тижелерін консультативтік құ­жатта көрсетуі тиіс. Бұдан әрі құ­жат жұртшылықпен және оның нақты нысаналы топтарымен консультациялар өткізу үшін «Ашық нормативтік құқықтық актілер» порталында жарияланады. Жұртшылықтың талқылауы бір немесе бірнеше тәсілді пайдалана отырып жүргізіледі. Мәселен, «Ашық НҚА» порталында талқы­лау, жария тыңдау мен пікір­талас. Қоғам талқыланғаннан кейін ғана мемлекеттік орган талқы­ланатын мәселені шешу үшін заң әзірлеудің орынды екені туралы шешім қабылдайды», деп атап өтті спикер.

Мемлекеттік органдар халыққа заң жобалары мен қабылданған заңдардың ережелерін хабарлап қана қоймай, егжей-тегжей түсіндіруге де міндетті. Толық­тырулар енгізілген заң қоғамды заң шығару процесіне тарту тетіктерін жетілдіріп қана қоймай, басқа да маңызды мәселелерді шешуге мұрындық болмақ. Атап айтқанда, мемлекеттік орган­дар­дың ақпараттық және түсіндіру жұмыстарына қойылатын талаптар күшейтіледі.

«Әр заң жобасы ең бірінші қарапайым халыққа түсіндіруді қажет етеді» деген министрлік өкі­лі: «Бұл бағдарлама азаматтар­ды заң­намаға енгізілген өзге­рістер туралы хабардар етудің тәсілдері мен мерзімдерін ашық көрсететін нақты іс-шараларды қамтиды. Бұл, мысалы, сұхбат, мақала, онлайн-пікірталас, заң жобасының немесе заңның негізгі ережелерін түсіндіретін бейне материал және басқа да жолдары болуы мүмкін», деді.

Қабылданған заңдардың тиімділігі алдағы 5 жылда баға­лана­тынын айтып өткен спикер заң қабыл­данғаннан кейін әзірлеуші органның Әділет министрлігі мен Премьер-Министрдің кеңсе­сіне есеп беруі, азаматтарға жаңа міндеттер мен талаптарды белгі­лейтін нормалардың кем дегенде 60 күн күшіне енбейтіндігі жүргізіліп жатқан жұмыстың барынша ашықтығын білдіретінін айтып өтті.

Естеріңізге сала кетейік, заң­дарды қабылдаудың неғұрлым ашық болуын көздейтін «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне норма шығаруды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заңға Мемлекет басшысы биыл 12 нау­рызда қол қойған болатын. Заң 26 наурыздан бастап толық күшіне енді.