Олар ата қоныстарымен ғана айылдас емес, әдеби, мәдени өмірде де дәм-тұзы жарасқан дала көшпелілері десек болады. Былтыр әлеуметтік желіні қырғыздың қаршадай ғана талантты мүсінші қызы Тамила Маматованың таңғажайып туындысы – заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың алып мүсіні аралап кеткен болатын.
Сәтті скульптура бізді бейжай қалдырмады. Дереу бауырлас елдің бәдізші бегімін бас газетімізге шығарып, шын таланттың шығармашылығы турасында аз-кем әңгіме өрбіте қойғанымыз бар. Аталған мақаламызда да айттық, бізді таң-тамаша еткен Айтматов көкеміздің әлгі алып ескерткіші – И.Репин атындағы Санкт-Петербург бейнелеу өнері, мүсін және архитектура институтын 2018 жылы бітірген мүсінші қыздың диплом жұмысы ғана екен.
Жасыратын несі бар, біздегі бір-бірінен айнымай мүлгіген мүсіндерді көргенде «Тамиланың Шыңғысындай ескерткіш Абайымызда да болса» деп артынша армандап қалғанымыз да бар. Оның үстіне былтыр Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойы өтіп жатқаны белгілі. Жоғарыда айтқан жазбамыздың соңын «Хакімнің асқақ тұлғасын шаблоннан шығарып, еркін сомдайтын Тамилаға тапсырыс берсек талайдың көкейіндегі Абай Алатаудың арғы қақпасынан алшаңдай кіретініне күмәніміз жоқ», деп аяқтаппыз.
Тамила тамыр біздің арман-өтінішімізді аяқасты етпей, аз арада жақсы жаңалығымен бөлісті. Бізден басқа да желі қолданушылары шеберге Абай атамыздың мүсінін соғуын сұрап өтініш айтқан болса керек. Тамила толғана келе саз балшықты сөйлетіп, қазақ сөзі мен ойының, мәдениеті мен әдебиетінің алып темірқазығы – Абай мүсінін сомдап шығыпты. Туынды шынымен Тамиланың таңғажайып туындысы деуге тұрарлық ерекше құйылып түскен. Өзінің айтуынша, мүсінші қызымыз Абайдың көптеген мүсінін қарап шыққан, алайда оның ақындығынан бөлек терең ойшыл, хакім дәрежесіндегі ойлы отырысы көп ескерткіштен көріне қоймаған. «Мен Абай тереңіне осы тұрғыдан үңілдім. Абайдың ұлдарымен түскен суретіне қарап отырып жауапты іске ұлы құлшыныспен кірісіп кеттім», дейді Т.Маматова.
Мүсін тез арада саз балшықтан сомдалып шыққанымен, модельді қоладан құюға қаражат керек. Желіде жаңа мүсіннің аяқталуына атымтай жомарттық танытатын азаматтар іздеп жар салдық. Сол заматта-ақ Арқа өңіріне ғана емес, Алашқа танымал азамат, белгілі меценат – Бекзат Алтынбеков кері байланысқа шығып, қажетті қаражатты аударатынын жеткізді.
Сондай-ақ қоладан құйылған хакім мүсінін басқа ешқайда емес, бастама көтерген ел газеті «Egemen Qazaqstan»-ға сыйға тартатынын айтты. «Бүкіл қазақ зиялылары басшылық еткен ата басылымның арғы бастауында тұтас Алаш идеясының алтын қойнауы – Абай тұр. Бас ақын бас басылымда тұрса, қандай ғанибет?!», деген Бекзат мырза өзінің жомарттығын ғана емес, қазақ руханияты үшін қажырлы қайраткер екендігін танытты. Өз кезегінде газет басшысы Дархан Қыдырәлі мүсінді сәтті сомдаған мүсінші Маматоваға, жұмыстың жемісті аяқталуына ат салысып, редакцияға сыйға тартқан атымтай Алтынбековке ұжымның ғана емес, газеттің барлық ойлы оқырманы атынан алғыс айтты.
Мүсінді елге жеткізуде еңбек еткен азаматтар болды. Бюстті шеберханадан алып шығып, Алматыға жеткізген газетіміздің Қырғызстандағы арнаулы тілшісі, әріптесіміз Назарбек Байжігітов болса, ол жерден алматылық әріптестеріміз қарсы алып, Нұр-Сұлтанға жеткізді.
Міне, көптен күткен хакім бюсті қазақ сөзінің қара шаңырағы төріне осылай құрметпен жайғасты.
«Ей, қара тас! Менің сені қалай сүйетінімді сезсең ғой! Сені қайырымсыз дейтіндердің өздері қатты!» деп тебіренетін Тамила таланттың осынау таңғажайып туындысын біз, тек газет редакциясына ғана емес, жалпы қазақ еліне тартқан тамаша тартуы деп білдік.
Абай – тек қазақтың ғана қамын ойлаған қатардағы қаламгер емес, адамзатқа ортақ алып тұлға, кемел кемеңгер.
Тамила сомдаған мүсінге қарап отырған болсаңыз, оның ойлы жүзінен «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген нақылын шын ұғасыз.
Абай – ұлт айнасы. Абайдан Алаштың айқын дидары көрінеді.
Газет ғимараты Абай мүсінімен тіпті асқақтай түскендей. Тіпті ажарланып кеткендей!