Ар жақта Арынғазы дүбірлеген,Бай-еке, елің бар ма бүлдірмеген?Төре кетіп, төбеде төбет қалып,Туып тұр ел басына «бұл күн» деген...
(Шернияз жыраудың Баймағамбет сұлтанға айтқаны)
Қазақ хандығын құрған әз Жәнібектен тарайтын, Хиуа ханы Қайыптың немересі, Батыр сұлтанның шөбересі, 1816-1821 жылдары Кіші жүздің Хан кеңесін басқарған Арынғазы Әбілғазыұлының алтыншы ұрпағы Роза Ахмедшеқызы 1970 жылдары әкесінің Ақтөбе облыстық музейіне Арынғазы бабасының сауытын, мыспен өрнектелген арабша жазуы бар күміс кесесі мен қымыз ішуге арналған ағаш тостағанын, ет тартатын өрнекті ағаш табағын, ұзын мойын жез сары құманын тапсырғанын айтқан еді. Ахметше ақсақал ханның жеке заттарымен қоса, әйел адамның қолдан тігілген салтанатты киімін, Арынғазыұлы Сафаның жеке мөрін де қоса тапсырған.
Осыдан бір ай бұрын Роза Ахмедшеқызы ақтөбелік фототілші Хайреден Раушановқа «Мәдениет басқармасына тапсырарсың» деп Калуга мұрағатынан алған бар деректі ұстатқан. Бұл ол кісінің соңғы аманаты екен. Көп кешікпей апай 88 жасында дүние салды.
Ахметше ақсақал мұражай қорына тапсырған құнды дүниелер ХІХ ғасырдан Арынғазының бәйбішесі Кенже (Жақсы) ханымнан екінші әйелі Ұлтумаға, одан Бал Қаратайқызы арқылы осы заманға жеткен. «Бал әжем дүниеден өтерде әулеттің қастерлі бұйымдарын келіні, анам Зейнеп Мамайқызына тапсырып, одан әкем музей қорына жеткізді. Бәйбішесі Кенже Пірәліқызын ел-жұрты Жақсы ханым атандырыпты. Бірақ ол әжемізден бала болмаған. Ал екінші әйелі Ұлтумадан Аймұхаммед туған. Ол – Арынғазының ер баладан жалғыз ұрпағы. Үшінші әйелінен туған Тұрмұхамбет 15 жасында мерт болған. Әкесін жер аударғанда Аймұхаммед 3 жаста болған», деген апай Ресейдің Калуга қалалық мұрағатында Арынғазы ханға қатысты 700 беттік мұрағат материалдары зерттелмей жатқанын тағы бір мәрте есімізге салды.
Арынғазы ханның бесінші ұрпағы – мәскеулік дәрігер, екінші дүниежүзілік соғыстың майдангері Варвара Юрьевна Арун-Газыева мен Роза Ахметшеқызы екеуі 1981 жылдың басында Калуганың мұрағатына келіп, Арынғазы бабасы туралы дерек іздейді. Көп кешікпей 27 наурызда Ақтөбеге мына хат жетті: «В архивном фонде канцелярии калужского губернатора имеются документы о пребывании в Калуге под надзором полиции с 1823 г. до кончины в 1833 г. султана Киргизской орды Арунгазы – Абулгазиева /3 дела объемом около 700л/. Документы об Арунгазы изучал в 1949 г. завотделом Института истории АН Казахской ССР т. Шоинбаев Тлеукажи Жанаевич, работавший по теме «Арунгазы и его время» с целью написания монографии. Одновременно высылаем выписку из статьи Н. Щепетова-Самгина «Исторические сведения о г. Калуге», в которой говорится об Арунгазы». Соңында музей директоры Р.И.Якушкина мен аға ғылыми қызметкер А.Д.Тарасованың қолдары тұр және мұрағат мөрі басылған.
Арынғазы мен Мұхаммад Рахым І
1821 жылдың шілдесінде Ресей императоры Александр І пәрменімен Санкт-Петербургке шақыртылып, Калугаға жер аударылған әз Жәнібек ханның ұрпағы Арынғазы Әбілғазыұлы 1833 жылы 50 жасында жұмбақ жағдайда қаза тапқан.
Басынан бағы тайған қазақ хандығын шариғат заңымен тәртіпке келтірмекші болып, Орда ішіндегі бақталастық пен сыртқы саяси интриганың құрбаны болған Арынғазының балалық шағы Хорезм астанасы Хиуа сарайында өтті. Ол жастайынан ислам үлемдерінен терең білім алып, араб тілін жетік меңгерген, шебер домбырашы әрі ат үстінде қылыштасу өнерін жетік меңгерген жас сұлтан болатын.
ХІХ ғасырдың басында Әмудария мен Арал теңізі жағасындағы Хорезмнің диқаншылық кәсібі мен теңіздегі табысты сауда жолы өзбек қоңыраттарының билігін күшейтті. Хиуа бір жағынан оазис, екінші жағынан буферлік аймаққа айналды. Ағылшын мен ресейлік сауда капитализмі кіндік Азияның сауда нүктелерін, соның ішінде мақта бизнесін өз қолдарына түсіруге жанталасты. ХІХ ғасыр басында Еуропада мануфактураның күшті дамуымен тоқыма және тігін өндірісі мақтаны өте көп қажет етті. Әрі қарай «алтыны көп» бай Үндістанды жаулау жолында ағылшындар мен орыс капиталистері арасында бәсекелестік күшейді. Хиуа адам саудасымен де атағы шыққан қала мемлекет еді. Есте жоқ ерте заманнан бері Хиуаның құл базарында жаугершілікте түскен ерлер мен әйелдер, жас балалар саудаланатын. Жер дүниенің төрт бұрышынан келген кемелер саудаға түскен бейбақтарды өз елдеріне алып кете беретін. Хиуаның құл базарын Кеңес өкіметі 1920 жылы ғана мылтықтың күшімен әзер жапты.
Сауда капитализмінің дамуымен Хорезмдегі қазақ хандарының билігі де әлсірей бастады.1793 жылы қарақалпақтар, маңғыттар, Арал бойы қазақтары Хорезмнен (Хиуа) бөлініп, Қазақ хандығына қосылу үшін күрес бастады.
Арынғазының басты қарсыласы Хиуаны (Хорезм) 1806-1825 жылдары билеген өзбек қоңыраттарынан шыққан Мұхаммад Рахым еді. Ол Батыр-Қайып-Әбілғазы сұлтандар билігін 300 мың тұрғылықты жұрты бар Хорезмнен ығыстырып, 1807-1810 жылдары Хиуа шеті мен Жаңадария маңын жайлаған қарақалпақтарды, 1811 жылы Арал бойындағы басқа да руларды қантөгіспен бағындырды. 1812-1813 жылдары Сырдарияның төменгі ағысындағы қазақ ауылдарына жойқын шабуылдар ұйымдастырды. Ол қазақ ауылдарын шабуға түркімендердің атты жасағын жақсы пайдаланған.
Арал бойындағы ауыр ахуал
ХVІІІ ғасырдың ортасында қазақтар Хиуа хандығын үзіліссіз елу жыл биледі. Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың інісі Сарыайғыр мен немере інісі Бахадүр ханнан билік Батыр сұлтанға (1771 жылы қайтыс болды), сосын оның ұлы Қайыпқа (1791 жылы қайтыс болды) ауысты. Әбілғазы Қайыпұлы 1760 жылдары Хиуа билігіне келгенімен Арал бойына қарай ығысуға мәжбүр болды. Оның үстіне, Ресей Кіші жүз билігіндегі Әбілқайыр ханның ұрпақтарын ғана қолдап, Жәдік сұлтаннан тарайтын Батыр әулетін мойындаған жоқ.
Батыр сұлтанның шөбересі –Арынғазыны орыс аудармашылары ұзын бойлы, сұңғақ денелі,сұлу жүзді, дөңгелек өткір көзді, шағын қою қара сақалды, көз жанары өткір, әрі бәрін бір мезгілде бақылап тұратын тәкаппар жан деп сипаттайды. Нақшбандия тармағындағы Хиуа медресесінде оқып, ислам мәдениетін бойына сіңірген Арынғазы Арал теңізі мен Сыр бойында шариғат заңдарына бағынатын күшті хандық құруды армандаған. Әкесі Әбілғазы Хиуа сарайын тастап шыққаннан бері ол жақты жек көріп кеткен. Әбілғазының немере ағасы Шерғазы Қайыпұлы да Арынғазымен өшіккен. Арал бойындағы қазақ рулары Шерғазыны екіжүзділігі және Мұхаммад Рахымға тыңшылығы үшін ұнатпайтын.
Қоқан отряды 1814 жылы Түркістанды басып алып, 1817 жылы Ақмешіт түбінде қамал салды.1815 жылы Әбілғазы сұлтан қайтыс болған соң келесі жылдың сәуірінде Арал бойын Борсыққұмға дейін жайлайтын Кіші жүз рулары Арынғазыны Жанкентте хан сайлады. Енді ол өз аймағында тәртіп орнатып,ел ішіндегі ауыр қылмыстарға жазаны қатаңдатты. Қазақ руларының арасындағы жайылым таласын шешіп, барымтамен атағы шыққан 30 ұрыны жұрт алдында өлімге кесті. Осыған дейін қылмыс жасағандар билер сотында айыппұл мен құн төлеп құтылып кететін. Оған тыйым салынды. Орта Азия мен Орынбор арасындағы сауда керуендерін тонау, мал ұрлығы да сап тыйылды.
Арынғазыны Хиуа, Қоқанмен жауыққан Бұхара әмірі қолдады. Орынбор әскери губернаторы Эссен 1818 жылы Арынғазыны хан кеңесінің басшысы етіп тағайындау шешімін Қаратай Нұралыұлы мен Жүсіп Сырымұлы қолдады. Бұл кезде Кіші жүздің билігі өте айлакер, Орынбор ұлықтарына жағынудан алдына жан салмайтын, парақор Шерғазы Айшуақұлының қолында болды.
1816 жылдың қысында Хиуа ханы Мұхаммад Рахым Арал мен Сыр бойындағы қазақ ауылдарын шапты. Тарихшы Мұрат Әбдір осы жолы Хиуа ханының 10 мың жасағы Жанкент бойындғы қазақ ауылдарынан мыңдаған адамды өлтіріп 11 күн ойрандағанын жазады. Қыс ортасында малсыз, үйсіз қалған жұрт құмға қарай қашып, айдалада үсіп өледі, жүздеген жас сәби қылыштың жүзіне түсті.
1817, 1819 жылдары қазақ рубасылары Шерғазыны Арынғазыға ауыстыруды сұрап екі рет хат жазса да, орыс билігі тыңдамайды. 1818 жылы Хиуа ханы Арынғазының немере ағасы Шерғазы Қайыпұлын Сыр бойының ханы деп жариялады. Іле-шала Шерғазының ұлы Мәненбай (Жанғазы) Арынғазының қоластындағы қазақ ауылдарын түркімен жасағымен келіп шапты. Бұл кезде Ресей дипломатиясының өкілі Негри бастаған топты Орынбордан Хиуаның шетіне дейін жеткізіп салып, Борсыққұмға оралған бойы осы хабарды естіген Арынғазы Мәнембайдың ауылын шапты. Мәнембай Хиуаға қашады. Бұл кезде Мұхаммад Рахымның Арынғазыға қарсы айдайтын құралына айналған Мәнембайды орыс елшілігі де Хиуа сарайымен дипломатиялық келіссөздер жүргізу үшін пайдалана бастаған. Арынғазының Мәнембай ауылын шабуы Мұхаммад Рахымға жақсы сылтау болды. Ол Арынғазыны орыс елшілерімен араздастыруды көздейді. Енді ол «Мәнембайды туыстары ренжітті» деген себеппен Хиуаның қақпасын тарс жауып, Ақмешіт түбіндегі, Арал бойындағы қазақ руларына тыным бермейді.
1819 жылы Арынғазы хан Сыр бойындағы ауылдардан алым-салық жинап жүрген хиуалықтарды ұстап, Орынборға жөнелткен. Оған ерегіскен Мұхаммад Рахым 1820 жылдың ақпанында көп қолмен келіп Борсыққұмдағы Арынғазының ауылына тұтқиылдан шабуыл жасайды. 350 адам өліп, 800 қыз бен келіншек Хиуадағы құл базарына айдалады. Арасында Арынғазының анасы, туған інісі Нұрымғазы мен оның әйелін қосқанда ханның 48 туысы қолға түскен. Осы оқиғадан соң Арынғазы Елек бойына қарай ығысады.
Арынғазының өлімі
1821 жылдың шілдесінде Кіші жүздегі Хан кеңесінің төрағасы Арынғазы Ресей сыртқы істер министрі Карл Нессельроденің пәрменімен Санкт-Петербургке шақыртылады. Осы кезде Ресей геосаясаты үшін қазақ сұлтанының тағдырынан Хиуаны бағындыру өте маңызды болатын. Хиуаны жек көретін Арынғазыны босатып жіберу қауіпті. Екінші жағынан 1822 жылы күшіне енетін «Сібір қазақтары туралы жарғы» дайындалып, Кіші және Орта жүзде хандық басқару жүйесі жойылғалы жатыр. Арынғазыны императорға кіргізбей, сыртқы саясат ведомствосының қабылдау бөлмесінен ұзатпайды. Екі жылдан соң ол І Александр император пәрменімен Калугаға жер аударылады. Қасында – Сырым батырдың баласы Жүсіп тархан, туған інісі Елжан Әбілғазыұлы. Олар елге тек 1828 жылы ғана оралады. Осы жерде Сырым батырдың да 1802 жылы Хиуа хандығынан келе жатып, Әмударияның бергі бетінен өткенде етігіне жағылған удан өлгені, оны қасындағы серіктері Кезек батырдың зиратының жанына жерлегені туралы әңгіменің шындығын зерттеген жөн болар еді.
Карл Нессельроде императорға жазған баяндамасында Арынғазының ел ішінде беделі жоғары, ел-жұрты ерекше сүйіспеншілікпен қолдайтынын, бұл өз кезегінде қазақ даласындағы хандық билікті жоюға кедергі келтіретінін ашық көрсетеді.1826 жылы Орынбор генерал-губернаторы Петр Эссен Николай І-ге Арынғазыны Кіші жүздің орта бөлігіне басшылық етуге қайтаруды сұрап хат жазады. Губернатордың хатына жауап жазған Сыртқы істер министрі Арынғазының «батыл, билікті өз қолынан шығармайтын тегеурінділігін, дүние-байлыққа қызықпайтын жомарттығын» алға тартып, халқын сыйлата да, қорқыта да білетін қасиетімен Ордадағы жалғыз билеушіге айналады деген қорқынышын да жасырмаған. Он жылдың ішінде Кіші жүздің сұлтандары мен рубасылары Арынғазыны елге қайтаруды сұрап, бірнеше рет хат жолдайды.
Роза Ахметшеқызы Арынғазиеваның қолында 1826 жылдың 21 маусымында Арынғазы ханның императорға жазған хатының көшірмесі сақтаулы. Онда былай деп жазылған:
«Сиятельнейший князь
Милостивый государь
Прошу меня возвратить в родные аулы, там остались жена и дети.
Абулгазиев Арунгазы-печать».
Арынғазының Калугадағы жылдық шығынына патша қазынасынан 18 мың рубль қаржы жұмсалған. Оған Мәскеуге барып келуге рұқсат беріледі. Айдаудағы хан 1829 жылы Мәскеудің бай көпесі Менгушевтің қызы Мединаға үйленеді.
Калугалық өлкетанушы Алексей Урусов «Казахский султан умер от калужского кваса» дейтін мақаласында 50 жастағы Арынғазы ханның 1833 жылдың 24 тамызында өкпе қабынуынан қайтыс болғанын жазады. Қала сыртынан аң аулап келген бойы жертөледен алынған бір графин квасты ішіп алып, өкпесін суықтатып алғандықтан қызуы түспей дүние салған. Соның алдында ғана Арынғазы Мәскеуге қоныс аударуға рұқсат сұрап, онысы қабылданбаған еді. Оны қала шетіндегі Пятницкий зиратындағы старообрядшылар қауымының арасына жерлейді. Тулалық журналист Антонина Казимирчик «Петропавловск news» сайтында Пятницкий зиратының қазір қаланың ортасында қалғанын, ағаш пен бұта қаптаған ескі зираттан ХІХ ғасырдың моласын табу оңай еместігін жазады.
Арынғазы қайтыс болғаннан кейін Медина Менгушева император кеңсесіне:
«Сиятельнейший князь
Милостивый государь
Прошу сдать вещи личные Арунгазы в музей, а меня с дочкой Фатимой возвратить в Москву», деп рұқсат сұраған. Арыз соңына Арынғазының жеке мөрін басқан. Осы жазбаны Варвара мен Роза апайлар Калуга мұрағатынан өздері тауып әкелді.
Хан кеткенде елде үш әйелі қалды. Жақсы ханым 1835 жылы ханның денесін елге әкеліп жерлеуге императордың рұқсатын сұрайды. Бұл жолы да рұқсат етілмеді.
Арынғазы ханның елде қалған жалғыз ұлы – Аймұхамбеттен Сафа, Жүсіп, Шайхыислам туған. Ғалиахмет Сафаұлы Қазан императорлық университетін бітіріп, орыс-жапон соғысына қатысып, большевиктер партиясына жақтастығы үшін 1905 жылы Нижний Тагильге жер аударылған. Осы жақта көпес Третьяковтар әулетінің тарайтын суретшінің қызына үйленеді де, Ресейде қалып қойған. Православ дініне кіріп, Юрий есімін алады. Варвара осы Ғалиахметтің қызы. Ғалиахметтің Борис есімді ұлы Ресейде Арынғазының ұрпағы болғаны үшін 1937 жылы атылған. Варвара Юрьевна Ленинград медицина институтын бітірген бойы 1941 жылы өз еркімен майданға атттанған. Алдыңғы шепте ауыр жаралыларға ота жасап, өмірлерін құтқарған Варвара Арун-Газыева соғысты майор шенімен аяқтап, Мәскеуде Свердлов аудандық денсаулық сақтау бөлімін басқарған. Социалистік Еңбек Ері, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері. Варвара апаймен Ғалым Ахмедов Мәскеуде кездейсоқ танысып, 1981 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне көлемді мақала жариялайды. Келесі жылы Варвара Ақтөбеге келіп, туыстарымен қауышады. 1989 жылы 82 жасында өмірден өтті.
ХІХ ғасырдың аласапыранында елінің азаттығы үшін күрескен тұлға Арынғазының өмірі осылай қайғылы аяқталды. Парақор, жағымпаз, екіжүзді Шерғазы Айшуақұлы бастаған сұлтандар, Хиуа әмірімен ымыраласқан өзінің немере туыстары Ресей сыртқы істер министрлігінің күшімен Арынғазыны елден кетірді.
Халқын қалтқысыз шын сүйген, елдің бірлігі үшін жанын қиюға әзір сұлтанды артында қалған елі Кеңес өкіметі орнағанға дейін шын жоқтады. Қараша жұртының одан басқа қолдан келері де жоқ еді. Айдауда қаза тапқан Арынғазының Калуга мұрағатында қалған 700 беттік материалдарды зерттеп, көшірмелерін елге алдыру керек деген ойдамыз. ХІХ ғасырдың басындағы қазақ тарихының ашылмаған парақтарын осы жазбалардан табуға болар еді.
Ақтөбе облысы